Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Балалардың күлкісі - көркі, сәні әлемнің
1 маусым – Халықаралық Балаларды қорғау күніне арналған «Балалардың күлкісі - көркі, сәні әлемнің» мерекелік ойын - сауықтың жоспары


Мақсаты : балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту;
балаларға эстетикалық тәрбие беру;
мектепке дейінгі жастағы балалардың музыкалық мәдениетін қалыптастыру;
бала мен ата - ана арасындағы қарым - қатынасты жақсарту;
балалардың мерекелік көңіл - күйлерін қалыптастыру.
Көрнекіліктер: шарлар; гүлдер; кәмпиттерден жасалған сюрприз;
сюрприз - ойыншықтар, сиқырлы сандық.
/Музыка «Баланың күлкісі» ойналады/.

Жүргізуші: Құрметті балалар, ата - аналар, қонақтар!
«Балалардың күлкісі - көркі, сәні әлемнің» атты мерекелік ойын - сауықты бастауға рұқсат етіңіздер.
/Музыка «Жазғы табиғаттың дауыстары»ойналады/
Өту барысы:
Жаз: Жазды күні шілде де,
Жеміс пісіп толады.
Қызыл, жасыл гүлдерге,
Көбелектер қонады.
Сәлеметсіздерме, менің достарым!
Балалар, тыңдаңдаршы? Бұл қандай дыбыстар? Қай жыл мезгілінің дауыстары? /Музыка «Жазғы табиғаттың дауыстары»
ойналады/
Балалар: Жаз мезгілі.
Жаз: Дұрыс, балалар. Сіздер қандай зерек балаларсыңдар!
Мен сіздермен танысқаныма қуаныштымын!
Сіздер, қалай өсіп, үлкен болғансыңдар?
Сіздер, мені, таныдыңдар ма?
Балалар: Сенің атың – Жаз.
Жаз: Жаз келгеніне, қандай жақсы болды! Балалар каникулға шықты! Бүгін, жаздың бірінші күні, сондықтан,
мен сіздерге қонаққа келдім! Кәне, танысайық! Менің атым – Жаз,
ал сіздердің аттарың?
/Балалар өз аттарын атайды/ Тұра тұрыңдар, тұра тұрыңдар! Мен бәріңіздің аттарыңызды, есте сақтай алмаймын. Мен қазір сіздермен бірге «Атыңды ата»деген ойын ойнаймын, «Қыздар» дегенде, қыздар өздеріңіздің аттарыңызды атаңдар, ал «Ұлдар» дегенде, ұлдар өздеріңіздің аттарыңызды атаңдар, жарайды ма?
/Жаз балалармен «Атыңды ата» деген ойын ойнайды./
/Көңілді музыка ойналады/.
Жаз: Балалар, тыңдаңыздар, біреу, бізге есік қағып келіп тұрған сияқты?
/Есік қағылады, Мереке ханшайымы келеді./
Жаз: Балалар, сіздер, таныдыңдар ма?
/Балалар «Жоқ»деген жауап қайтарады./
Жаз: Балалар, бұл Мереке ханшайымы екен, бүгін жаздың бірінші күні мейрам күні ғой, соған сонау алыс жол жүріп, сіздерге көптеген сыйлықтар, тәтті кәмпиттер, ойын - сауықтар әкеліп сіздерге қуаныш, шаттық сыйлау үшін келіпті. Қане, балалар, қолымызды соғып, қарсы алайық!
/Балалар және Жаз қолдарын соғып, Мереке ханшайымын қарсы алады, оның қасында көмекшілері болады./
Мереке ханшайымы: Сәлематсыздар ма, балалар, ата - аналар,
қонақтар! Бүгін 1 маусым - Балаларды қорғау күні, бүгін мереке,
сондықтан, мен сіздерге осы мерекені жақсы өткізуге келдім! Қане,
балалар, бүгін осы сіздердің мерекелеріңізді жақсы өткіземіз бе?
Балалар: Ия.
Мереке ханшайымы: Балалар, бүгін 1 маусым күні өте әдемі, жарқын мейрамның бірі, сондықтан мен сіздермен бірге бірінші танысқым келіп тұр.
Менің атым - Мереке ханшайымы, ал сендердің ше? /Балалар өздерінің аттарын атайды/. Тұра тұрыңдар, тұра тұрыңдар, мен бұлай сендерді тани алмаймын - ғой, оданда мынандай ойын ойнайық.
Мереке ханшайымы «Қане, танысайық» ойынын ойнайды.
Ойын «Қане, танысайық».
Мереке ханшайымы неше түрлі аттарды атайды. Сол атаған аттары тап болса, балалар өздерінің қолдарын көтереді, Мереке ханшайымы кішкентай сыйлықтар береді. Ал табылмай қалған атқа үлкен сыйлық береді.
Мереке Ханшайымы: Балалар, сендер «Шрек» мультфильмін көрген боларсыңдар?
Балалар: Ия, көрдік.
Мереке ханшайымы: Онда, сендерге жұмбақ жасырайын, Шректің досын білесіңдер ме?
Балалар: Фиона.
/ «Шрек» мультфильмінен музыка ойналады/
Мереке ханшайымы: Жарайсыңдар, онда осы мультфильмнің кейіпкері Фионаны қарсы алайық! Ол да біздің бүгінгі мейрамға қонаққа келді. Ол сендермен бірге билеуге келді.
Фиона: Сәлеметсіздер ме, балалар!
/Фиона, балаларды, ата - аналарды тұрғызып би билетеді. Жаз бен Мереке ханшайымы бірге қосылады./
Жаз: Ең жақсы билегендерге сыйлық бар.
Би: «Утята». / «Танец маленьких утят» музыкасы ойналады/
Жаз жақсы билегендерге сыйлық береді
Мереке ханшайымы: Міне, балалар, біздер сендермен бірге таныстық,
биледік, енді мен сендердің өнерлеріңді көргім келіп тұр.
Қане, балалар, маған өнерлеріңді көрсетесіңдер ме?
Балалар: Ия, көрсетеміз.
/Осы жерде балалар тақпақтарын айтып, өнерлерін көрсетіп мереке ханшайымын таңқалдырады./
Балалар тақпақтар айтады:
Бексұлтан: Дос болайық бәріміз,
Жарасып тұр әніміз.
Таня: Бақытты болып өсеміз,
Ән саламыз біз бүгін.
Айкөркем: Отан біздің анамыз,
Әлпештеп өсірген,
Өмір нәрін аламыз,
Оның нұрлы төсінен.
Темірлан: Ән көмейден құйылды
Қайғы бұлты шегілді,
Балалармен дүние,
Көрікті де көңілді.
Нұрайна: Жүреді олар арман боп,
Тұрады олар маржан боп,
Балалары бақытты,
Аналарда арман жоқ.
Саида: Біз балдырған тең басқан,
Дос құшағын кең ашқан,
Тілегіміз бейбіт күн,
Ашық болсын кең аспан.
Нұрмұхаммед: Бала бақшам балпағым,
Күліп ойнап қайтамын,
Ән салып, би билеп,
Тақпақты да айтамын.
Асан: Сары, ақпыз, қарамыз.
Бәрімізде баламыз.
Бір ауылда тұрамыз.
Бір бақшаға барамыз.
Ратмир: Балалар күнінде
Бақшамызға барайық,
Бәріміз де күлімдеп
Әнімізді салайық.
Мағжан: Ән салайық қосылып,
Сәбилердің бұл күні,
Мақтап кетсін осы жұрт,
Балалар деп үлгілі.
Мереке ханшайымы: Қандай өнерлі балаларсыңдар, жарайсыңдар!
Енді мен сендермен және сіздердің ата - аналарыңызбен байқау өткізгім келіп тұр. Бұл байқаудың аты «Балабақшаға жиналу». Естеріңізге түсіріңіз, ата - ана таңертең жұмысқа асығып баланы балабақшаға киіндіре бастайды. Осы ойында соны көрсету керек. Бұл ойында ептілік, жылдамдық және ұқыптылық қажет. Кім баласын дұрыс және жылдам киіндіреді, сол сыйлық алады.
1 минут уақыт беріледі./Музыка, баланың жылаған дауысы ойналады/
Байқау «Балабақшаға жиналу»:
Ортаға 4 ата - ана мен олардың балалары шығады, ата - ана баласын жылдам және дұрыс киіндіру керек. Кім жылдам киіндіріп болады, соған сыйлық табыстайды.
Бұл ойынды екі рет ойнатады.
Мереке ханшайымы: Жарайсыңдар, қандай керемет ойын.
Ал, енді тағы да, билейікші Фионамен бірге.
Би үзілісі: Фиона, Жаз, Мереке ханшайымы ортаға шығып ата - аналарды, балаларды «Поезд» биін билетеді. Бүкіл алаңда жүріп бір – бірінің артынан ұстап, «Поезд» сияқты жүріп билейді.
/ «Пусть бегут неуклюже» әніне билейді/.
Мереке ханшайымы: Мен, байқаймын, біздің арамызда өте әдемі бантиктер таққан қыздар көп, қане мында келіңдерші, мен сендермен және ата - аналарыңмен бірге екі ойын өткізейін. Кім сол ойында жеңеді, соған сыйлық беріледі.
1- ойын. Мереке ханшайымы «Түйіншекті шеш» ойынын ойнатады:
Ойынның шарты: Ойынға 6 ата - ана қыздарымен қатысады. Әзір тұрған түйіншектелген бантиктерді жылдам шешу.
1 минут уақыт беріледі./Музыка ойналады/
2- ойын. «Сыйлықты әшекейле»:
Ойынның шарты: Әзір тұрған кітапты бантикпен әшекейлеу. 1 минут уақыт беріледі. Кім жылдам әшекейлейді, соған сыйлық беріледі.
/Музыка ойналады/
Мереке ханшайымы: Жарайсыңдар, ата - аналар!
/Мереке ханшайымы жеңген ата - аналарға сыйлықтар табыс етеді./
Мереке ханшайымы: Балалар, енді бәріміз көздерімізді жұмып,
елестетейікші, Ертегілер әлемін. Елестеттіңдер ме?
Балалар: Ия.
Мереке ханшайымы: Ал, енді, Ертегілер әлемі, бізге келу үшін сиқырлы сөзді айту керек: бірінші жайлап, сосын қатты, содан соң одан да қаттырақ, дауыстап «Ертегі» деген сөзді.
/Мереке ханшайымы балалармен бірге «Ертегі» сөзін айтқызғанда, «Ертегі»келеді./
Ертегі: Сәлеметсіздер ме, балалар! Мені шақырдыңдар ма, мен келдім!
Сендер, қандай, әдемісіңдер, бақыттысыңдар, көңілдісіңдер және де зерексіңдер! Солай ма, балалар?
Мереке ханшайымы: Біз сені көргенімізге қуаныштымыз, Ертегі! Ересек адамдарда, балаларда ертегілерді жақсы көреді, оны тыңдайды, және солармен бірге өседі, содан соң өздерінің балаларына айтады.
Ертегі: Енді балалар, мен сіздердің ата - аналарымен ойындар ойнаймын, кім жеңеді, соларға медальдар беремін.
Ертегі, ата - аналарды ортаға шақырып ойын ұйымдастырады.

1-ойын. «Соқыр мен ақсақ».
Ойынның шарты: Ойынға ата - аналар қатысады. Ойыншылар екі топқа бөлінеді. Әр топта 4 адамнан болады. Ойыншылар екі - екіден бөлінеді, Бір ойыншыға көзі байланады, ал екінші ойыншы аяғын тізесінен бүгіп, көзі байланған ойыншыны ұстайды да межеге жылдам жетеді, межені айналып, қайтадан екінші екі кісіге эстафетаны береді./Музыка ойналады/

2- ойын. «Саяхатшы бақа».
Ойынның шарты: Ойынға үш ата - ана қатысады. Көрнекілік – таяқ. Екі күші көп ойыншы таяқты иығына салады, үшінші ойыншы сол таяққа артылып, аяғын жерге тигізбей, үшеуіде межеге жету керек. Межеге жеткен соң, ортасындағы «бақа»қалып қояды да, ал екі үйрек қайтадан жүгіріп, екінші рет басқа «бақаны» іліп әкеледі. Сөйтіп бүкіл топ межеге жету керек./Музыка ойналады/

3- ойын. «Жалмауыз кемпір».
Ойынның шарты: Ойыншы бір аяғын шелекке салып, шелекті бір қолымен ұстайды, ал екінші қолымен швабра ұстайды, осылай межені айналып келу керек. Содан соң келесі ойыншы жалғастырады./Музыка ойналады/
Мереке ханшайымы: Ой, жарайсыңдар, ата - аналар!/Жеңіске жеткен ата - аналарға медальдар табыстайды./
Мереке ханшайымы: Бүгін, сендерге құттықтауға қонақтар келді.
/Құттықтау сөз балабақша меңгерушісіне, ауыл әкіміне, мектеп директорына, Мәдениет үйінің директоры, ата - аналар комитетіне беріледі./
Мереке ханшайымы: Балалар, міне бүгінгі мерекемізде біте келді, маған да кету керек, мен сендермен қоштасқым келіп тұр. Бірақта,
қоштаспас бұрын мен сендерге әкелген сиқырлы сандығымнан сыйлықтарды табыс етемін. Қабыл алыңдар!
/Мереке ханшайымы сиқырлы сандығынан алып әдемі кәмпиттерден жасалған сюрпризді алып шығып Фиона екеуі кәмпиттерді үлестіреді және де осы уақытта Жаз келіп былай дейді/./Музыка ойналып тұрады/
Жаз: Балалар, бүгін мейрам болғасын, мен де сендерге тәтті сыйлық әкелдім.
/Жаз балаларға тәтті торт үлестіреді/.
Мереке ханшайымы: Қош болыңдар, балалар!- деп, балаларға шарлар үлестіріп кетеді.
Жаз және Ертегі: Ал, біздер балалар сендермен қоштаспаймыз, біздер әлі сіздермен кездесеміз, жаз бойы сендермен боламыз. Көріскенше!
Жүргізуші: Осымен бүгінгі мерекелік ойын - сауық аяқтала келді. Қош сау болыңыздар!

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама