Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Білім министрі Сағадиев ММУ ректорының пікірімен келіспейді

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничийдің «Қазіргі жоғары білімді бакалавр мен магистр деп екіге бөліп, Болон үдерісіне қосылғанымыз дұрыс болмады» деген пікірімен келіспейді. Ресейдің ректорлар одағының президенті өз еліндегі жоғары білім беруді бұрынғы бесжылдық жүйеге қайта ауыстыруды ұсынып отыр. Е.Сағадиевтың айтуынша, Қазақстанда ол жағынан ешқандай өзгерістер болмайды.

«Мен өзім еліміздің Болон үдерісіне қосылғаны қате болды деп санамаймын. Қалай болғанда да, білім беру саласындағы xалықаралық интеграцияның болашағы зор. Егер мемлекеттер қандай да бір жүйеге қосылса, онда бізге де оған қосылып бейімделуге тура келеді. Себебі xалықаралық интеграциясыз 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосылу мүмкін емес. Сосын негізгі мәселе білім берудің формасында емес, оның мазмұнында, оқу бағдарласының сапасы дұрыс болса, мерзімін келтіруге болады. Болон процесі бола ма, адам үш жыл оқи ма, төрт жыл оқи ма, ол маңызды емес. Себебі адам өмір бойы білім алып жатады. Ал сол білімнің маңызды деген бағыттарын неғұрлым тез меңгерсең, соғұрлым саған деген сұраныс жоғары болады. Былайша айтқанда, адам алған білімді іс жүзінде қолдана білуі керек. Осы мәселе маңызды. Сондықтан әлем елдері білімнің формасы жағынан бір жүйені қабыдаса да, білімнің мазмұнында шек жоқ. Әркім оны барынша тиімді етіп бейімдеуге тырысады». - деді Сағадиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Айта кетейік, жақында Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий «Ресейдің Болон үдерісіне қосылып, жоғары білім беру саласын төртжылдыққа ауыстырғаны қате болды» деп мәлімдеген.

Оның айтуынша, Еуропа елдері аталған стандартқа ауысудың алдында білім беру саласын реттеп алды. Ал Ресейде тиісті жұмысты атқармай жатып, жаңа жүйеге ауыса салды. Соның салдарынан университет пәндері жалпылама болып кетті. 2010 жылы Қазақстан да Болон декларациясына қосылды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама