- 06 жел. 2016 00:00
- 276
Депутаттар газетке мәжбүрлеп жазғызуды доғаруды талап етті
Мұғалімдерді мемлекеттік газет-журналға жазылуға мәжбүрлеуді доғару керек. Депутаттар Ақпарат министрінен ұстаздардың жалақысынан ай сайын түрлі басылымдарға деп ақша ұстап қалуды тоқтатуды сұрады.
«Мемлекеттік қызметкерлерді, әсіресе, мұғалімдерді газет- журналдарға мәжбүрлеп жаздыру әлі жалғасып келеді. Отандық басылымдар осы жолмен күн көруді жалғастыра бере ме? Одан да газет-журналдар реформа жасап, сапасын арттырмай ма?», - дейді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.
Депутаттардың айтуынша, әлі күнге дейін ұстаздар, дәрігерлер мен әкімдік қызметкерлері басшыларының бұйрығымен мемлекеттік газет-журналдарға еріктен тыс жазылып жүр. Бұл әсіресе аймақтарда ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан үрдіс. Ал мемлекеттік басылымдардың шығынына деп онсыз да жылда қазынадан қыруар қаржы бөлінеді. Мұғалімдердің өздері оқымайтын газеттерді амалсыз алып жүргенінен министр де хабардар екен. Сондықтан Дәурен Абаев басылымдардан жұртты мәжбүрлеудің орнына сапалы әрі қызық материалдар жазып, оқырман тартуды талап етпек.
КТК