- 19 ақп. 2020 00:00
- 289
Енді разы болған шығарсыз
Жұқа терезенің алдында отырып алыстан келе жатқан бір адамды көреді. Бұл қарызын қайтарып алуға келе жатқан кісі екенін танып, Жұқа әйеліне жалма-жан:
— Сен қақпа алдына шық та, ананы сол жерде тосып тұр да... — деп сөз үйретеді.
Әйелі сыртқа шыққанда Жұқа артынан оның қимылын бағып тұрады.
Келген адам қақпаны қатты қағады, Жұқаның әйелі қақпаны қиыс ашып:
— Сіз кім? — деп сұрайды.
— Мен қарыз иесімін, қарызымды алуға келдім, осымен жүз рет келген болармын, еріңізді тезірек шақырып шығыңыз, айтатын сөзім бар, — дейді келген адам.
— Не сөзіңіз болса да, маған айтсаңыз, мен оған жеткізіп қоямын, сізді сандалтып әбден әуре қылдық, ғафу еткейсіз, осы жолы мен сізге бір күнді белгілеп берейін, сол күні келсеңіз, қарызыңызды, сөз жоқ қайтарып береміз, біз қазір баюдың амалын тауып алдық, — дейді Жұқаның әйелі өте ізетпен.
— Қандай амал? — деп сұрайды қарыз иесі.
— Бірнеше күннен бері қыстағымыздың қойлары біздің қақпаның алдынан өткенде жүнін тастап кетіп жатыр, соны жиыстырып жіп иіріп сатсақ, қарызыңыз қайтатын болады. Қарызыңызды енді сүйретпейміз, — дейді Жұқаның әйелі.
Мұны естіп әлгі адам кейістікпен күледі. Жұқа ол адамның күлкісін естіп басын шығарады да:
— Енді разы болған шығарсыз? — дейді.