- 19 ақп. 2020 00:00
- 215
Ұйқы ашар
Құтыбастың жездесі — Ақан үнемі ұйқы басып, тіпті ат үстінде де қалғып жүретін болса керек. Құтыбас оған: «Бұл әдетіңді қоймасаң, сені пері соғады» деп қорқытады екен. Сонда да ол қалғығанын қоймапты.
Бір күні кешке таман Құтыбас тозған жалба тонын айналдырып киіп, Ақанның жүретін жолын тосып, ауыл жанындағы апанға тығылып жатады.
Ай сүттей жарық. Анадайдан Ақан көрінеді. Сырмінез жуас атының сылбыр аяғына қарағанда ол тағы да қалғып келе жатқан сияқты. Құтыбас салт аттыны сәл өткізіп жіберіп, аздан соң қатарласа келіп, ыңғайлы жерде атының артына қарғып мінеді. Селк еткен Ақан сасқалақтап жалт қараса, артына жабысып бір пәле отыр. Жүрегі тас төбесіне шығып, ұйқысы шайдай ашылған Ақан арық торыға жуан қамшыны басып-басып
жіберіп, «астапраллалап», атының жалын құша шаба жөнеледі. Құтыбас оның мойнынан қылқындырып қысып: «Бұдан былай қалғысаң, жаныңды аламын!» деп ерекше бір дауыспен гүрілдеп, бұйыра сөйледі де, лып етіп аттан түсіп қалады.
Есінен тана қорыққан Ақан шапқылаған күйінде үйіне жете атынан аударыла құлайды. Тілі де күрмеліп қалады. Көршілер жиналып, Ақанның сұп-сұр болған бетіне су бүркеді. Ақан әрең дегенде есін жинайды.
Ертеңіне ешнәрсе білмеген болып жездесінің көңілін сұрап Құтыбас келеді.
Ақан ауыр күрсініп, ақсарыбас айтып, құдайы бермек болып берекесі кетіп отырғанын айтады. Құтыбас кеңкілдеп күліп:
— Құдайыға шығындап әуре болма, ол менің әшейін ұйқы ашарым еді, — дегенде, Ақан:
— Қап, шын пері дегенім пері соққыр сен екенсің ғой, қап!.. — деп санын бір-ақ соғыпты. Бұл кәпті екеуміз ғана білейік, аузыңнан шығарма, — деп өлердегі сөзін айтып өтініпті.