- 14 қаң. 2020 00:00
- 322
Ер өтеді, ел қалады
Елінің іргесіне жаудың табанын тигізбеген, халқының абыройын асырған айбарлы Сырымбет батыр тоқсан үш жастан асып барып дүние салыпты. Сонда да батырдың азалы қайғысына күллі ел күңіренеді. Бұл тұста бет-беделі мығымдалған, абыройы асқақ, ауызы дуалы қариялардың данасы саналатын, абыз атанған Әлмерек бидің де сексенге қадам басқан шағы екен. Жан серігінен, сырлас-мұңдас жанашырынан айырылу бұл кісінің де қабырғасына батады. Сырымбет батырдың ауылына қара көрінетін тай шаптырым жерден «ой, бауырым!» деп ат қойып барады.
Азалы ауылдың кәрі-жасы ботадай боздап, айбары астам батырын жоқтап күңіренеді. Аттан аунап түскен Әлмерек абыз ең алдымен екі қолын бүйіріне таянып, есік алдында жылап тұрған Ханкелдімен көріседі. Содан әрі «басқаларға да жұбаныш болсын» деген оймен бір шетінен түгел көрісіп шығады. Бұл міндетін өтеп болғаннан кейін барып көңіл айтады:
— О, жұртым, асқар таудай айбарлы Сырымбет батыр енді бұл дүниеде жоқ. Бірақ елдің көкейінен оның айбаты өшпейді. Қарама, жұртым, мөлтеңдеп. Аттың орнын тай басады. Ердің жолын ел қуады, даңқын сақтайды. Сырымбет батырдың тұяғы мұқалған жоқ. Ханкелді шырағым, елдің арқа сүйер белі енді өзіңсің. Еліңді мөнді-мөнді етпе! Әкеңнен көргенің, үйренгенің бар. Жебеңнің оғын жон, еліңді сақ күзет, Құдай жебесін!
Абыздың сөзін арқаланып, басқа қариялар да ой қозғайды, ықылас-пейілмен қостайды.
— Айтқаныңыз хақ, абыз ата! Періштенің құлағына шалынсын! — десіп, игі іске құлшынысады. Әлмерек абыз енді Ханкелді батырдың өзіне бұрылады.
— Е, шырағым, өтпейтін өмір жоқ, сынбайтын темір жоқ. Ер өтеді, ел қалады. Қалған елді өксітпей, берекесін сақтайтын — ер. Қалың еліңнің ендігі қорғаны өзіңсің. Тас бас, асқар ас, маңдайың күнге күйсін, пайдаң елге тисін! Сонда елің Сырымбеттің сипатын сенің бойыңнан, ойыңнан тапсын. Әке жолын ту қып ұста!
Абыздың өсиетіне елдің көңілі ауады, ойға шомады. Әр адам өзінің алдағы күніне әр алуан қиялмен шолу жасайды. Соны сезген абыз ойын әрі қарай ширата түседі де, шыжымдап барып түйінін түйеді:
— Жел — желіктің желісі,
Жол — елдіктің өрісі.
Дауыл — дабыра, дүрлігеді,
Шошытып елді бүлдіреді.
Өткен өмір — өшкен шоқ,
Елден арыс көшкен жоқ.
Өмірдің ақыры — өлім,
Мәңгілік орның — көрің.
Бүгінгі бар — ертең жоқ,
Биіктей берсін — өрің!
— Сырымбет арманда кеткен жоқ, — дейді тағы бір етженді қарт сөзді жалғап, — асарын асады, жасарын жасады, елі үшін өмір сүрді. Сол үшін қастерлі, топырағы торқа болсын!
— Енді, — дейді абыз, — бұқара халықтың бұйықпай, ой тоқтатар тұғыры осы.
Азаның үстінде абыз көпшілікке арғы-бергі заманда болып өткен талай әрекеттер мен құбылыстарды сиқырдай құйқылжыған қалпымен айтып, ұғындырады.