Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ержүрек Дархан марапатқа бөленді

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ел ауызында «батыр бала» атанып кеткен 13 жастағы маңғыстаулық Дархан Әмірханға құрмет көрсетілді. Соңына ерген бір інісі мен үш қарындасын өрттен аман алып шыққан 7 сынып оқушысына белесебет, бағалы сыйлықтар және төтенше жағдайлар департаменті басшысының алғыс хаты табысталды.

Шараға «Нұр Отан» партиясы, «Жас Отан» жастар қанаты, депутаттар, ассамблея мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.

Оқиға осы жылдың 26 сәуірде Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылында орын алған. Бес бөлмелі үйде тұрған Болатовтар отбасы екі ер және үш қыз бала тәрбиелеп отыр. Сол түні әкесі мен анасы үлкен ұлы Дарханға балаларға баскөз болуды тапсырып, өздері жұмыста болған.

«Түнгі мезгілде үйдің ішін қайта-қайта аралап, құдды бір төтенше жағдай орын алатынын жүрегім сезгендей болды. Бір уақытта ұйықтап кетіппін. Түсімде тілсіз жаумен арпалысып жатқан екенмін. Ұйқыдан оянсам көз алдымда үйдің іші қара түтін болып жатқан екен. Соған қарамастан інім мен үш қарындасымды үйден аман алып шығып, көршінің үйіне апарып тастаған соң, бірден өрт сөндіру қызметіне хабарластым», - дейді батыр бала Дархан Әмірхан.

Өрт сөндірушілерден белгілі болғандай, шақырту 02:12 уақытында түскен. Мамандар тілсіз жауды тез арада ауыздықтаған.

Дарханның әкесі Бақытжан Болатов бір кәсіпкердің көлігін жалға алып отыр екен. Оқиға болатын түні ол жұмыста болған, ал көлігі істен шыққан. Ал анасын балабақшада түнгі кезекшілікке жұмысқа шақыртқан. Сөйтіп үйде үлкен 13, ал кішкентайы 3 жастағы балалар өздері қалған.

«Алдымен Алла, содан соң балам Дарханға ризамын. Кім біледі, олар үйден шыға алмай қалғанда бес баламнан айырылып қалуым мүмкін еді. Баламның батырлығына тәнті болдым. Мен қайсар баламмен мақтанамын», - деп ағынан жарылды Дарханның әкесі Бақытжан.

«Нұр Отан» партиясы МОФ төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев болса батыр баланың әкесі Бақытжан Болатовқа алғыс хат тапсырды.

Ал өрттің себебі нақты неден екендігі әзірге белгісіз. Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі мемлекеттік мекемесінің басшысы Ерлан Мәуленов болса, тоқтың қысқаша тұйықталуы деген алдын-ала болжам жасап отыр. Сонымен қатар өрт нәтижесінде келтірілген материалдық шығын мөлшері де жақын күндері белгілі болмақ.  

Айта кету керек, өртке оранған үйдің ішінде құран кітап ғана жанбай қалған, басқа заттардың біреуіде пайдаға аспайды.

Қазір Болатовтар отбасы уақытша сарай жалдап тұрып жатыр. Өртке оранған бес бөлмелі пәтерден түк қалмаған. Отағасы болса үйін жаңадан тұрғызуға кірісіп кеткен. Мүмкіндігінше ауыл әкімдігі, көрші-көлем, туысқандары және халық барынша көмек қолын созуда. Қасиетті Рамазан айында көпбалалы отбасыға жаңа үйді салуға көмек көрсетілсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Кәмшат Ізбасарова

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Ақтау қаласы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама