Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Гибернацияға қатысты сынақтардың жүргізілуі 2018 жылы басталмақ

Америкалық компания адамды гибернация күйіне енгізетін технологияны жасау үстінде. Ол ғарыш сапарында жұмсалатын шығын көлемін қысқартуға мүмкіндік береді.

2006 жылы Жапония тұрғыны Мицутака Учикоши достарымен бірге тауға саяхаттап барған. Ол саяхаттан қайтар кезде серуендемек болып, таудан төмен қарай беттеген. Жолай адасып қалған Мицутака абайсызда аяғы тайып, таудан сырғып кетеді. Салдарынан жамбас сүйегін сынып, сол жерде естен танып қалады. Арада 24 күн өткеннен кейін альпинистер кездейсоқ Мицутаканы тауып алған. Оның дене температурасы 22°C-ге дейін төмендеп, жүрек соғысы мүлдем бәсеңдеген, ал ағзадағы зат алмасу процесі тоқтап қалған деуге болады.

Десе де ішкі ағзаларының зақымдалып, көп қан жоғалтқанынан қарамастан, Учикоши сауығып, денсаулығы қалпына келген. Бұл оқиға адамның гибернацияға енгенін сипаттайтын әлемдегі ең бірінші құжаттандырылған жағдай ретінде тіркеліп отыр. Және дәл осы оқиға Spaceworks компаниясының президенті Джон Брэдфордтың санасында гибернация күйін ғарыш сапарында қолдану жөнінде ой туындауына сеп болған-ды.

«Мен ғылыми-фантастикалық әдебиетті жаныммен сүйемін, сондықтан оны шындыққа айналдыру жөнінде әрдайым армандайтынмын. Бірақ мен – ғарыш инженерімін. Адам баласының Марс және Күн жүйесінен тыс өзге де жерлерге сапар шегуін шындыққа айналдыру мақсатында тер төгудемін. Бұл тұрғыдан алғанда, адамның  гибернация күйіне енуі үлкен маңыздылыққа ие», - дейді Брэдфорд.

Бүгінгі уақытта компания қызметкерлері әлемнің барлық клиникаларында қолданылып жүрген терапевтік гипотермияға баса назар аударуда. Ол жүрегі тоқтап қалған және миы зақымдалған науқастарға көмектесу мақсатында қолданылады. Бұл технологияның негізінде адамның дене температурасын 32-34 °C-ге дейін төмендету жатыр. Әдетте науқастың гибернация күйіне енуі бірнеше күнге жалғасады. 

Брэдфордтың сөзінше, Spaceworks компаниясының мақсаты – гибернация күйінің мерзімін бірнеше айға ұзарту. Компания гибернациялық камераның жобасын жасап қойған. Онда адам денесін тоңазыту және жылыту жүйелері бар. Сонымен қатар роботтандырылған қолдар, ғарышкерлердің гибернация күйіндегі ахуалын бақылау үшін қолданылатын мониторинг жүйесі қарастырылған. Компания жануарларға жүргізілетін алғашқы сынақты 2018 жылы өткізуді жоспарлап отыр. Мұнан кейін адамға жүргізілетін тәжірибелерды қолға алу мүмкін болмақ.

Былтырғы жылы SpaceX және Tesla компанияларының негізін салушы Илон Маск Марсты бағындыру жөніндегі жоспарын ұсынған. Жоспар бойынша Марсқа табан тіреуді көксейтін жандардың бірінші легі қызыл ғаламшарға 2023 жылы бірнеше рет қолдануға болатын әуе кемесімен аттана алады. Ал бір бағытқа қарай сапардың құны 200 000 АҚШ долларын құрайды. Ал Boeing компаниясының басшысы аталған жобаны Илон Масктан бұрын жүзеге асырмақ ниетте.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама