- 13 нау. 2019 00:00
- 261
«Жанбота» әні туралы естігенім
Бір мәжілісте Біржанның «Жанбота» әні шырқалып айтылған еді, ішінде Ыбырай мен Сұраған әншілер бар еді.
— Апырым-ай, Азнабайдың поштабайына бір зауал болмады ма екен? — деген сұрау туып қалып еді, сонда Ыбырай жұлып алғандай — пәли поштабайға, сол жиында дүре соғылып, бір ат-шапан төленіпті, — деді.
— Бір қария отырып, Ібекеңдікі дұрыс, мен де осылай есітіп едім деді. Бірақ, Ыбырай әңгімені одан әрі жалғап, «Жанбота» әнінің қалай шыққанын, Азнабай мен Жанбота арасында қандай жанжал туғанын Біржанның өз аузынан естігенін және Орекеңнен, Шыңғыс баласы Жақыптан тағы бірнеше ішінде болған адамдардан есітіп-біліп, Жанбота Біржан туралы әңгімені мен өзім Өрекең баласы Омардан, Тілембайдың Оспанынан, Бағасының Назарынан, Сердалінің Жәмшишінен естіген едім, сол естіген әңгімелердің түйіні жоғарғы Ыбырай айтқан шындыққа соғады. Ағасұлтандық жойылып Көкшетау уез болған заманда, болыстардың, билердің бас қосқан үлкен жиналысы Көкшетау қаласының дәл желкесіндегі, Қылшақты өзенінің бойында өтіпті. Ол жерде ұлықтар түсетін қызыл үй бар екен. Елден келгендер киіз үйлерді, сойыс малдарды, көшіріп әкеліп өзен жағасына орнатып тастапты. Сол жиынға Атығай, Керейдің болысы Жанбота қасында бір топ нөкері, атақты әнші, Біржан сал да келіпті. Әр болыстың мықтылары осылай келіп өзіне тігілген арнаулы үйге түсіпті. Біржан қалың жиынның бір бөлегін өзінін, шырқаған әнімен жиып алып, босатпай, басталатын бір бөлек мәжіліске бөгет жасапты. Қылды Қарауылдың болысы, Азнабайға мәжіліске жұртты түгел жинап келтіру тапсырылыпты. Азнабай поштавойын жұмсап, жұртты шақыртса, Біржан думанды қыздыра берсе керек. Поштавой екі рет сөзін тыңдата алмай, болысқа қайтып барғанда, Азнабай ашуланып, — бұйрықты неге орындамайсың — деп, үйден боқтап шығарыпты. — Біржан деген қайдан шыққан құдай тоқтатпайсың ба деп, поштавой осы бетімен бара Біржанның домбырасын тартып алып, қамшымен ұрамын деген жерінен жұрт айырып алыпты. Отырған жұрт поштавойдың бұл қылығына ызаланып, Біржанмен бірге намыс қылып, бұған Атығай — Керей қосыла ұран шақырыпты. Үлкен жанжал туып кетеді. Міне, осы ашу-ызаның үстінде Біржан өзінің болысы Жанботаға келіп өкпе назын, поштавойдан көрген қорлығын айтыпты, ол жерде Біржанның айтқан өлеңі көп дейді. Атамыздың және Ыбырайдың айтуына қарағанда ән дәл сол жанжал үстінде емес, кейінірек шығарылып таралса керек. Біржанның және қалың Атығайдың, Қарауылдың болысына деген мұндайлық ашулы наразылығы Жанботаға да оңай тимеген. Онда өзінің елдің ыңғайымен Азнабайға қарсы салмақ салып, — мына бұзақы поштавойын тия ма, тимаса Атығайдың қолы бос тұрысатын жерін айтсын, — депті. Азнабай жағын қолдаушылар аз болып, жанжалдың арты насырға шабатынын сезіп Азнабай амалсыз бітімге келіпті. Поштавойға дүре соқтырып, бір ат, бір шапан айып төлепті. Азнабай осы жиында поштавойының бұзақылығынан опық жеп оның, үстіне артынан Біржанның өлеңі елге таралып кетіп, көпке дейін Атығай — Керейдің бір қатар адамдарымен, Біржанмен араз болып жүрсе керек. «Жанбота» әні туралы мұның бұрынғы қариялардан есітіп есімде қалғаны осылар. Мен өзім Ыбырайдың айтқанына, атамыз Омардың айтқандарына имандай сенем. Сол сенгендігімнен бұл айтқандарым түгел шындық деп білем.
Жазып берген Ержанұлы Молдахмет