Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жәнібек батыр туралы аңыз (ІІ нұсқа)

Жорық қолы дағдысынша шеру тарта беріпті. Ханның қолбасшылық ордасындағы әлгі әккі Жәнібектің ханға сүйеніш болатын қолбасшылардың адамы еместігін ұғып, шеру тартқан қолды тәртіппен жүруді, атақты қолбасшылар қосыны алда жүруді, әлсіз жіктер мен керей, уақ бытырандыларын ең артта жүруді белгілеп, ұқтырыпты. Бұл тәртіпке бойсұнбай бұзғандар жазаға тартылатындығын жариялапты.

Жалғасты жүрген бірнеше күнгі жорықтан кейін бір ұлы тау кезігіпті. Тауды кесіп өтетін қысаң жолға келгенде жол аузында бір айдаһар пайда болып, аузын арандай ашып, басын қайқайтып, тілін жалаңдатып тұрып алыпты. Бұдан сескенген алдыңғы топ өте алмай Хан ордасы ішінде қалың қол ұйлығып тұрып қалыпты. Батыр да, бағылан да, білікті-жілікті де, молла-қожа да бұған амал таба алмапты. осы кезде арттағы топ та үдере тартып жетіпті. Алдыңғы топтағылар торығып тұрғанда, Абылай хан келіп айдаһарды көріп, басқа жақтан жол іздеп өтпекші болып кетіпті. Уақ Бармақ батырдың қолы дәл осы кезде келіпті.

Жәнібек қалың қолдың қамалып қалғандығын көріп, себебін ұғып, қаһарланып көк дөненге қамшы басыпты. Айғай салып ақырып алға шығып, қылышын қынабынан суырып айдаһарға ұмтылыпты. Сонда:

— Көк дөнен көкке ыршыды қамшы батып,
Абылай неге қашты босқа шатып.
Баланың айбатына шыдай алмай,
Айдаһар мысықтай боп қалды жатып, —

дейді. Айдаһар бұғып қалғаннан кейін, Жәнібек іркіліп тұрған қолға: «отырыңдар!» деп бұйырыпты. Қайысқан  қалың қол іркес-тіркес, умақ-шумақ өтіп болғаннан кейін артынан Жәнібек өтіпті. Айдаһар бұққан басын көтермеген соң, Жәнібек қол жұмсапты.

***

Айдаһардан өткеннен кейін қолбасшылық орданың алып-соқтары орналастырған белгілеме бойынша қалың қол тағы ілгерлепті.

«Қазақтың Абылай ханы бас болып аттанған қалың қол қалмақты жайратқалы келе жатыр» деген хабар тарап, қалмақ елі де шұғыл дайындық көріп, күндік жерден жасауыл орналастырып, қарауыл қойған екен. Ел шетіне кіргізбей-ақ қазақ қолының бетін қайтару үшін қалмақтың атақты батыры Садыр күндік жерден қазақ қолының алдынан шығыпты.

Ұзақ шеру тартып, жолшыбай шаршап, қалжыраған жасақтан күтініп тұрған жасақ әлде қайда мықты болмай ма? Жер жағдайы өзіне қанық болғандықтан, Садыр кілтең жерден тосып, үдере тартып келе жатқан Абылай жасағына қапелімде тап беріпті. Алдынан да, бүйірінен де аш қасқырдай араласқан Садыр қолы Абылай қолының әпсәтте-ақ тоз-тозын шығарады. Абылайдың басына күн туып, мұң түсті. Астындағы Ақтанкер атқа оқ тиді.

«Қазақтың қолы қашты ғой,
Кәпірдің қолы басты ғой.
Ақтан кер атқа оқ тиіп,
Абылай жаман састы ғой.
Дуылғасы басынан түсіп,
Үш аяқтап жатты ғой», —

дейді. Дәл осы қалмақ қазақтың қанын судай ағызып, қырып келе жатқанда Жәнібектердің тобы майдандасқан жерге же- тіп үлгерген екен. Долан жиренге мінген Садыр батыр атойлап алға шығып, көлденең кезіккенді қылышпен шауып, найзамен түйреп, қырғидай іліп келе жатқанда:

«Көріп жауды Жәнекең,
Көк дөненмен жосылтты.
Екпінінен тұлпардың
Жер қыртысы көшіпті.
Қақпақтай жалпақ тұяғы
Қазандай жерді ояды.
Ауыздық басып алысып,
Қарғып кетіп барады.
Құбамен жарысып,
Орғып кетіп барады.
Асқар келсе алдына,
Аттап кетіп барады.
Ұра-жыра дөңдерді
Таптап кетіп барады.
Алда тұрған бұлдыр тау
Артта лезде қалады.
Кеудесі асқан Садырдың,
Арыстандай атылып,
Алдына жетіп барады.
Жәнекеңнің мінгені —
Бөктергілі көк дөнен.
Келе жатқан Садырға
Қарсы тұрды көлденең.
Ителгідей ілісті,
Түрікпендей тұрысты,
Қаршығадай қағысты,
Айғырдайын алысты,
Бұқадайын тіресті,
Бурадайын шайнасты,
Қошқардайын қойысып,
Шарт-шұрт етіп қалысты», —

дейді. Ол кезде жекпе-жекке келгенде, шайқасып қалған екі адам ақырына дейін өздері ғана күш сынасады екен, қосалқы көмек талап етпейді. Мұсылман қауымының әдеті — кезекті алдымен кәпірге береді екен. Осы салт бойынша Жәнібек бірінші кезекті Садырға береді.

«Садыр сонда ілгізді,
Ерлігін елге білгізді.
Көк дөненнің сауырына,
Жәнекеңді мінгізді», —

дейді. Қызыл шашақты, қара тамақты найзамен Жәнекеңді шаншып итергенде ердің артқы қасынан асырып, көк дөненнің сауырына мінгізген екен. Өз кезегі келгенде қаһарланған Жәнібек:

«Ақырып сонда қалады,
Айғайлап ұран салады.
Қызыл найза қолында,
Шұрқылтайдан салады.
Садырды жерге түсіріп,
Долан жиренді алады.
Көк дөненді жетелеп,
Абылай ханға барады», —

дейді. Бір аяғына оқ тиген Ақтанкер атпен қашқан Абылай жау қолында қалып қоя жаздайды. Ақтанкердің жүруге халі кетіп тұрған кезде, Абылай ханды көзі шалып қалған Жәнібек долан жиренге өзі мініп, көк дөненді жетелеп, Абылай ханның алдына барып, көк дөненді көлденең тартыпты.

Абылай хан мінуді ар көріп, мінгісі келмепті. Сонда Жәнібек:

Хан Абылай — сен, — деді,
Бердәулеттің баласы
Ер Жәнібек — мен, — деді.
Қазақ ханы Абылайды
Қалмақ өлтірді дегенше,
Өзім өлтіріп кетейін.
Өлмей тұрған кезіңде,
Көк дөненге мін, — деді.
Деді дағы Жәнібек,
Абылай ханға қарады.
Бөкен найзаны алады,
Тап бергенде, Абылай хан
Қорыққанынан дөненге
Қарғып мініп алады, —

дейді. Хан Абылайды көк дөненге мінгізіп:

— Қалған жауға мен бар, қашқан қолыңды тоқтат, бір жерге жиып, ес-ақылын жиғыз, кім бар, кім жоғын түгендетіп, өлгендердің сүйегін тауып, кебінін кигізіп, кетпендетіп қойдыр, ақыл-есіңнен айрылма, ханым! — депті. Қайтадан артына қайрылып қалған жауға қырғидай тиіпті. Жауды  қынадай қырып, қуа соғып, Садырдың қолын Жәнібек өзіне қаратыпты.

Көк дөненге мініп, ес-ақылын жиған Абылай хан қашқан қолдарын тоқтатып, бір жерге жинап, соғыста қаза болғандарын жерлетіп, Садырдың елінен түскен олжаларды батырларға бөліп беріпті. Сол кезде көк дөненнің иесі есіне түсіп, атарман, шабармандарына:

— Қысылтаяң кезде осыны маған біреу мінгізген еді, осының иесін тауып келіңдер, осы дөненді жетелей жүріңдер, — депті. Бұны естіген пысықтардың бірталайы: «Қырғын соғыс үстінде басына қысым түскенде кім келіп көк дөненді мінгізгенін хан қайдан білсін, мүмкін, ол адам соғыста өлген шығар, «менмін» деп барайын да, ханның шапағатына ие болып, мол сыйлық алып ырғынға батайын» деп ойлап атарман, шабармандарға:

— Ой, Алла тағала абиыр берген мейірлі жандар! Қысылтаяң кезде Алладан хан үшін тілек тілеп, астымдағы атымды көлденең тартқан мен едім, ханға айтып мейір-шапағатына іліктіре көріңдер! — деп қол құсырып тағызым қылыпты. олар хан алдына да келтіріліпті. Өтірік айтып, алдына келіп тұрған жандарды көріп, Абылай хан бас шайқапты. Ел ортасы емес, ел шетінде, жау бетінде қансырап барып ес жиып отырғанын ойлап, ашу шақырып, қаһарына мінбепті.

— Бұлар емес, бәрін де қайтарыңдар! Тағы қос қалдырмай іздеңдер! Қапылыста өңіне қарағанымда, түсі түнеріп кеткен екен, көзі от болып жанып тұр, көзі көзіме түскенде ту сыртыма өтіп кеткендей болды. Жасамыс адам емес, жас бала еді, не қылсаңдар да табыңдар! — депті. Сонда атарман, шабармандар:

— Тақсыр, қостың бәрін арылттық, тек біз бармаған уақ батыры Бармақтың қосы ғана қалды, — депті.

— Онда сол қосқа барыңдар! — деп бұйырыпты.

Хан жарлығын атқаруда өзін барынша адал көрсетуге тырысатын атарман, шабармандар тізгін ұшымен Бармақтың қосына барып:

— Соғыс үстінде ханға көк дөненді мінгізген адам бар ма? — жар салыпты.

Салқын қандылық істеп, сабырлылық сақтаған Жәнібек айғайды естігенімен, мен едім дей қоймапты. Шатырларды жағалап бірден айғайлап келе жатқан атармандардың көзіне бір шатырдың іргесінен ұзындығы кездей сойдиып шығып жатқан жалпақ табанды сирақ көрініпті. Көк дөнен көсілген аяқты иіскеп оқыранып жіберіпті.

Алып аяқты көріп: «ойпырай, осы болмасын» деп таңданып қалған ханның әлгі атармандары:

— Ой, бұл қоста көк дөненнің иесі бар ма? — депті. Демін алып жатқан Жәнібек:

— Бар! Менмін! Қайітпексің? — депті.

— Дөненіңді алып келдім, Абылай хан сені іздеп жатыр, — депті атармандар.

— Мен атымды Абылай ханға бергенмін, ханға айта бар, бергенім берген, алмаймын! — деп Жәнібек баяғысынша орнынан жылжымай жата беріпті. Көк дөненнің иесін тапқан шабармандар екі езулері құлағына жетіп, қуанып, ханға барып:

— Көк дөненнің иесі табылды, атымды алмаймын деп жатыр, — депті. Хан:

— Қайта барып қасыма шақырып әкел! — деп бұйырыпты. Шабарман қайта барғанда Жәнібек:

— Абылай ханға айт, оң тізесінен орын берсе, барамын, әйітпесе, бармаймын, — депті.

Жәнібектің сәлемін көтеріп барған шабарманға хан:

— Мақұл, оң тіземді бердім! — депті.

Сонымен Жәкең Абылай ханның оң тізесіне отырыпты. Мұны көрген қолбасы мен орда маңындағылар арқылы бұл хабар қалың қол ішіне тарап, арғын, найман жағы:

— Хан оң тізесін тіректі ел арғын мен найманға бастырмай, керейдің қаңғыған бір жас баласына бастырғаны несі, — деп намыстаныпты.

Сол кезде арғында атағы жер жарған тілді, ауызды Тіленші деген биі сыбанып шығып:

— Оны мен ханның оң тізесінен ығыстырамын, — деп өңештеніпті. Көпті көрген жасы үлкен ақсақалдар жағы Тіленшіге:

— Қысылтаяң кезде Абылай ханның жанына төнген ажалға арашашы болған, қазақ қолының үстіне төнген қанды қырғында ерлік көрсетіп, Садырды өлтіріп, қалмақты қынадай қырып, қазаққа жеңіс әперген ер ғой ол, оған қақпақ көрсетуге болмас, — деседі. Бой бермей екілене түскен Тіленші Абылай ханның соғысқа қолбасшылық ету ордасының сотына атпен келіп, тебітіп:

— Ой, Абылай, оң тізеңді бастырған немең кім өзі? — деп айғайлапты. Сонда Абылай:

— Ой, менің өзі серім ғой,
Қамал бұзар ерім ғой.
Тіленші би нең кетті,
Еркелеткен өзім ғой, —

депті. Хан жауабына риза болған Тіленші:

— Көрсетші маған еріңді,
Бір мінейін беліне.
Қызыл тілім кесілмесе,
Жіберейін шұнақ керей еліне,

деп өкіректепті. Хан қайталай салмақтылықпен:

— Мұның өзі еркем ғой,
Ел бастаған серкем ғой.
Еркелесін, ерім ғой,
Қамал бұзар серім ғой.
Тіленші би нең кетті,
 Еркелеткен өзім ғой, —

деген екен. Сонда өр көкірек Тіленші алкеуделік істеп айғайлап:

— Келімсек, шұнақ керей Хан ордасына кіруге болмайды, ханның оң тізесін басуына болмайды, шығып кетсін! Кім өзі? — деп елеурепті.

Сонда:

Жәнекең шырт-шырт түкірді,
Шынтақтап басын көтерді.
— Менің жөнімді сұрасаң,
Он екі керей арыспын,
Азуым кере қарыспын.
Тезге салсаң, түзелмес,
Ағаштан туған шалыспын,
Жылқыдан туған мүкіспін.
Пышақ салдың, жетесіз,
Жөнімді сұрап нетесіз.
Өз әкеңді сұрасаң,
Бекболат деген құл еді.
Шешеңді сенен сұрасаң,
Сары үйсіннің қызы еді,
Солым сары күң еді.
Олжалап әкеп нағашым,
Сауғалыққа беріп еді.
Содан туған Тіленші деген сен едің,
Сен келіп сонша маған неге шірендің? —

депті. Сонда хан алдында, шырыштай ел ортасында тарихи қазбаланған Тіленші шыдай алмай, атын борбайға тартып- тартып жіберіп, елінің ішіне еңіреп барып, етпетінен құлап түсіпті. Сонда «барма!» деп ақыл айтқан қариялар Тіленшіге:

— Е, бәлем, барма десем, бардың ба,
Қара төбет қапты ма?
Ата-анаңды таптың ба,
Жер бауырлап жаттың ба?! —

деген екен.

***

Cоғыста жеңіске жетіп, көңілі орныққан Абылай хан шейттерін жерлеп, тірілерінің басын құрап, олжаларын бөлісіп болғаннан кейін, ұзақ жол жүріп, дамыл алмай қиян-кескі соғыс жүргізіп, арып-шаршаған қалың қолына бір жеті дамылдап ес-ақылын жиып, соғыста қаза кеткен намаздарын өтеп, Құдайға құлшылығын істеуді бұйырыпты.

Ханның оң тізесін басқан Жәнібек уақ Бармақ батыр бастаған өз қосына келіпті. Барлық адам ғибадат істеу үшін су бойына барып, тазалық жүргізіпті.

Жәнібек жұртпен бірге су бойына барса да, көппен бірге суға жуынудан иба сақтап, бір бұрым айланып барып жеке жуыныпты. Жуынып болып жағаға шығып, киімін киіп отырып, су бетінің дірілімен ойнап тұрған сағымды көріпті. Абайласа, судағы сағым ай мен күндей бір сұлудың бейнесі. «Бұл қай жақтан келіп түсіп тұр» деп аспан әлеміне көз қыдырта қарап, көк жиекті сүзе бақылап, жер бедеріндегі ұлы тау, алып шың, биік құз, еңселі шоқыларды бірден көз аясынан өткізіп отырғанда, таяудағы қара шоқының ұшар басына биік етіп орнатқан мұнарада тұрған перизат көзіне шалыныпты.

Бұл соғыста Жәнібек өлтірген қалмақтың атақты батыры Садырдың қалыңдығы екен.

Бұл мұнара әдеттегі уақытта Садырдың қалыңдығымен кездесіп, екеуі бірлікте бейбіт жатқан ел-жұртын, жасыл пүліске оранған көк орай шалғынды жерін тамашалап көз құмарын қандыратын ләззәтті мұнарасы екен.

«Бұл соғыста Садыр сөз жоқ қазақты қырып жатқан болу керек» деп, Садырдың жеңісін көруге салтанат қып мұнараға шыққан қалыңдық, Садыры өліп, қалмақтың қолы қайта қашып, қызыл жоса болып, ат тұяғынан ұшқан ақ түтін шаңның астында қалған жағдайдың себебінен мұнарадан түсіп, ордасына қайта алмай қалыпты. Қазақ батырларының әлеуетті қолдары жағынан тоз-тоз болған өз елінің мал-жанын, өзінің ордасын кейде мұнарадан көріп, кейде налып, кейде жанып отырыпты да: «Ерегесте ердің ері сыналады, маған бәрібір, ел хан көтерген ердің етегінен ұстасам болды», — деп өзінің сенімді батырының мойнын қылша бұраған батырмен дидарласудың орайын күтіп мұнарада бақылап отыра беріпті де, Жәнібек батырдың оңаша суға түскен орайын пайдаланып, түр-тұлғасын көріп құмарлығы артыпты. Нәпсі бойын балқытып, жүрегін талдырып, сілекейі шұбырыпты. Ақыры жан құмарының жебеуінде сағымын суға түсіріп, Жәнібектің көзіне көрініпті.

Сағымын көріп әйел затына тұңғыш саңы ауған Жәнібек батыр өзін балдан тәтті, оттан ыстық махаббат жалынының алауында тұрғандай сезініпті. Мұнараның алдына барып, қызға мұнарадан түсуді айтыпты. Мұнара төбесінде тұрған қыз:

— Мені өзің алатын болсаң, түсемін, — депті.

Қыз Жәнібекпен осы уағданы үш рет серттесіпті. Қыз мұнарадан түсіп, Жәнібектің алдына келіп, иіліп тағзым етіпті. Жәнібек қызды уақ Бармақ батырдың қосындағы өзінің шатырына алып келіпті.

«Жәнібек Садырдың аймен-күндей сұлу қалыңдығын олжалап алып, неке қидырғалы жатыр», — деген хабар хан Абылайға жетіпті.

Хан қыз дегенде қызынып, іші удай ашып: «Бас олжаны маған ұсынбай, оң тіземе отырмай жатып басына ма бұл мені», — деп буырқанып, аялдамастан, шақыртуға тақат қылмай арып-талып жетіпті де, Жәнібекке:

— О, батыр, батырдан сауға, — депті.

— Алыңыз, хан, мыңы сіздікі болсын, бірі біздікі болсын! — депті Жәнібек.

— Жо, жоқ батыр, батырдан сауға, жол менікі, — депті Абылай хан.

Ойлана қалған Жәнібек: «Көре алмастықпен құқай көрсетіп жүрген іргелі ел анау, бастап жүрген өз алдыма қолым жоқ, жат ел, жат жерде Абылай мен Жәнібек қалмақтың қатынына таласып қызыл шеке болыпты, қырқысыпты» деген атаққа қалармыз. «Ұлығың сайтан болса да, әмәрән тұт» деген қорытындыға келіп:

— Алыңыз! — депті. Сонда қыз:

— Дат, тақсырлар! Бірнеше ауыз сөзім бар рұқсат болса, шыдаса, хан мені алар, — депті.

— Айтарыңды айт, — дегенде, қыз:

— Ой, Садырым, Садырым,
Сен өлдің, кетті қадірім.
Садырымның найзасы
Қарағай болды, морт болды,
Жалынған Құдай сарт болды.
Жәнібектің  найзасы
Қайың болды, берік болды,
Жалынған Құдай серік болды.
Қашып едім бытқылға,
Қашсам дағы қоймады.
Қайрандады мықты да,
Қайран басым қор болды,
Абылай деген ит құлға, —

депті. Сонда Абылай хан Жәнібекке:

— Бұл немеңе менің қай-қайдағымды қаздырайын деп пе едің? — деп, бұйыра пышағын суырып алып, қыздың санына салып қалыпты.

Абылайға ашуланған Жәнібек:

— Ендеше Садырына тие берсін! — деп қыздың басын қанжармен шауып тастапты.

Кешінде тұңғыш рет сезімін қытықтап, құмарлығын қоздырған сұлудың ашкөз ханға ашуланып, басын шауып тастағаны есіне түскенде денесі бір ысып, бір суып, жүрегі түршігіп, ойлаған сайын өкініп, дөңбекшіп жатып әбден қалжырағанда ұйқыға кетіпті де түс көріпті.

«Ел іргесі тыныш, қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, майрағайдай-тайрағай заман болып, жасыл шалғын кілемнің түгіндей майсаға оранған сары жайлаудың үсті. Жәнібекке әкесі Бердәулет қалыңдық айттырып жатыпты. Күйеудің қайынға ұрын баратын уақыты болып, ел-жұрт болып ақсарбас сойып, Жәнібекті аттандырмақшы болып жатқанда ауыл сыртында Жәнібекке ақ киімді, ақ сақалды қария кезігіпті. Ол Жәнібектің қиылып тұрып, иліп берген сәлемін жақсы қабылдамай, күрең қабақ рай білдіріп:

— Әй, Жәнібек! «Батыр аңғал» деген, аңғалдықтан жастығың жамандыққа итеріп, ақыл таппай ақымақтық істедің. Оң қолыңа сол қолың арашасы болмады. Ол ару әуелде-ақ Садырға емес, саған жазылған адам еді. Абылайға ашуланып аяулыңнан айрылдың! Сен ұрын барасың, жар құшасың, ұрпақ көресің, ұл көрмейсің, ұрпағыңнан өзіңдей батыр да шықпайды. Бұл өкінішке ожарлығыңнан өзің кіріптар болдың, батырлығың өз басыңмен аяқтайды!» — дегенде, ашуға мініп, ашынған Жәнібек ақырып түрегеліпті. Ақ сақалды адам ғайып болып- ты.

Ертесі түсін Бармақ батырға айтқанда, ол: «Түс — түлкінің боғы ғой», — депті.

Жәнібектің батыр даңқы әлемге жайылып, дүниені дүр сілкіндіруі осылай басталыпты. Ожарлығы мен аңғалдығы алғаш рет Жәнібекке өкінішті осылай арқалатқан екен.

Жәнібек өмірінде сан рет жойқын жорыққа аттанып, жеңісті соғыс жүргізіпті. Жаудан беті қайтып көрмепті. Ел үшін ерлігін аямапты.

Өз тұсында арысы — қазақтың, одан қалса, керейдің жоғын жоқтап, жауына кеткен есесін мүлт кетірмей қайырып алып отырыпты. Өзі олжа алып, дүние мүлік жинамапты, байлық та іздемепті. Өз отбасында шәкене ғана мінер ат, киер-киім, ішер тамақтық дән-дәулеті болыпты. Жәнібек тұрмыста соны қанағат еткен.

***

Жәнібек алғашқы жорықтан келген соң соғыстағы батырлығы елін сүйіндірген ұлының атағына Бердәулеттің төбесі көкке жеткендей болыпты. Ұлына дән риза болған ата-ана шұғыл әрекеттеніп, қалың мал жүргізіп, қалыңдық айттырыпты.

«Жорыққа аттанып жолы ашылып алған батырға, ауылда аялдауға алданыш болсын! «Жаман айтпай, жақсы жоқ», «Бай бір жұттық, батыр бір оқтық» деген, тезірек қызығын көрсек», — деп, көп ұзатпай Жәнібекті қайынына ұрынға жіберіпті. Қайын атаның ауылына жақындағанда, салт бойынша Жәнібекті қара адырдың арасына жалғыз қалдырып кетіпті.

Бұрын күйеулікті басынан кешірмеген Жәнібек: «енді не хикмет болар екен» деп толқыған оймен иек артпа кезеңшеге шығып отырыпты. Отырып ойға кетіпті. Түсіне кірген ақ сақалды қартты, оның айтқан сөздерін есіне алыпты. Абылай ханға ашуланып басын алып тастаған қыз көз алдына елестепті. «Ол мұнарадан түсердегі уағда қылған шартты сөзде тұрмадың» деп жазғырып тұрғандай сезіліп, сондағы жағдайлар бірден-бірден көзінің алдын кес-кестеп өтіп жатқан кезде, мұшыға келіп, өзіне қарай тура ұмтылған ақ кимешек-шылауыштары жер соғып, қос етекті көлбіреген көйлектері гүлдің басын жапырып, теңге-моншақтары күнге шағылысып жарқылдап, ақ құрт толы табақтарын көтерген қалың әйелді абайсызда көргенде жүрегі лүпілдеп, атына мініп, жалт беріп артына қарай тұра жөнелгісі келіпті.

Жәнібек қайтерін білмей ойланып, қамданып үлгергенше, кілтең жерден ұмтылған жеңешелері ақ жарманың астынан алып, арадай шулапты. Жасанған жауды қынадай қырып, қылышпен жайпаған батырдың ақ шылауыш астындағы айғайшудан тұңғыш рет сескенуі деп те атайды.

***

Жәнібек Садырдың қалыңдығын серт беріп, мұнарадан түсіріп алғаннан кейін, Абылай ханның іштарлық істеп басымдылық жасағанына наразы болыпты.

Абылай хан Жәнібектің бас олжаны тапсырмағанына, қыздың сөйлеуіне рұқсат беріп, өзі янаттағанына ол қызды тірі қалдырып, сазайын тарттырып, өзінің үкім кесуіне қаратпай басын кесіп тастағанына наразы болыпты. Осындай себептердің нәтижесінде бір-біріне ашық айтпағанымен, Абылай хан мен Жәнібек батырдың арасында қырғи қабақтық өмір сүріпті.

Жәнібек балалықтың табы кетпеген балаң оймен әке-шешесінің қалыңдық айттырып, келін түсіріп, отау тігу арман-тілегінің қызық думанында жүріп, өзі бастап жорық жасайтын қол ұйымдастыра алмаған кезінде Абылай хан екінші реткі соғыс жорығын бастапты.

Айғай шықса, делебесі қозатын, жорық десе, жойқын күш денесіне сыймайтын Жәнібек батыр тағы да көк сауытын киіп, көк дөненін мініп, ақ алмасын жарқылдатып, қара тамақ найзасын қолына алып, садағын мойнына асып, қорамсағын салпылдатып аттаныпты.

Жыл бойы қызды ауылға қырындап, қалыңдық ойнап, қатын алу жолында қайтауылға түсіп, сарпалдаң көрген көк дөненнің күйі тым төмен болғандықтан, айлық жолға жете алмай арықтапты. Абылай хан Жәнібектің атының арықтағанын көре тұра, аялдайтын рай білдірмепті.

Абылайдың ниетін таныған Жәнібек:

— Бақ қонып, таққа мінген қадірлі ханымыз Абылай, «Қара қазан, сары баланың тілеуі бір», іргеміз бөлінбеген, қанымыз бір қазақпыз. Дәм-тұзымыз — тірлігіміздің кепілі. Менің атым арықтады. Сен кемді күн тосып, күш-көлікті тынықтырсаң болмай ма? Көк дөнен бірнеше күн оттаса, бір жорыққа жарар еді. Бірге жүрсек болмас па еді, — деп талап қояды.

Сонда Абылай маңғаз отырып, маңыздана сөйлеп:

— Көз ұшында көрінген ана шоқ қамысқа барсаң, сол жердің раноты күшті. Оған барып оттаған ат үш күнде қабырғасын жабады, үш күннен асса, семірген ат құланға ілесіп кетеді. уақып бол! Атың семірген соң артымнан келерсің, — депті.

Сонда Жәнібек жер қайысқан Абылай ханның жасағы қалың қолға айғай салып:

— Ұлыңның ұлы, қызыңның қызына айтыңдар! «Төреге ерген ерін арқалайды», — деген екен.

***

Жорыққа аттанған қалың қолдан Жәнібектің қасында қалған өзі шамалас мықты, ақылды, ойлы, шешен аталып жүрген бір ғана жігіт екен, сол екеуі шоқ қамысқа таяғанда көк дөненде Жәнекеңді алып жүрер қауқар қалмапты. Жәнібек жолдасына: «Мен осы жерде қалайын, сен көк дөненді жетелеп, шоқ қамысқа бар да аттарды оттат, бірақ мықты бол!» — деп біткен сауыт-сайманын атымен бірге жіберіп, садағын ғана алып қалыпты. Жәнібек жаяу тұрғыларға шығып, жан-жағына көз жіберіп, жер таза деп межелеп, бір тұрғыға келіп жатып ұйықтапты.

Жорыққа аттанған шын батырдың жарғақ құлағы жастыққа тимейтіндігі, күндіз күлкі, түнде ұйқы ұмыт болатындығы табиғи емес пе?! Жәнібек ұзын күндерден бергі ұйқыны жиып бір қандырып алмақшы болып жантая қалса, төтенше тәтті, қатты ұйқыға кетіпті. Сол ұйықтағаннан мол ұйықтапты. Ұйқыдан оянып жан-жағына қараса, бір үйір құланның артында бір көк тұлпар еріп бара жатыпты. Қатты ұйқыдан былшық басқан көзін жуан жұдырығының сыртымен сүртіп-сүртіп жіберіп нақтап қараса, айна қатесі жоқ өзінің көк дөнені, қалар емес құланға еріп барады. Шыдай алмай кеткен Жәнібек: «дыр-дыр!» деп айғай сала ұмтылыпты. Еңістей жүгіріп бір талай жерге барған Жәнібек алқына дем алып, аяңдапты. Адырлы бұйратты құмайтты осылтып көлденең өткен бір жаяудың ізі кез келіпті. Ізді көріп таңырқаған Жәнібек абайлап қарап, жаяудың ізіне өз табанын салып көрсе, әлгі өз табанынан ұзы- ны бір кез, көлденеңі жарым кез артық болып шығыпты. Осынай алып табанның ізін көргенде Жәнібектің жүрегі лүпілдеп, бұл қандай ғаламат, ертеректерде айтылатын дию деген осы болмасын деп сескеніпті. Бұны халық аңызында: «Жәнекеңнің екінші сескенуі» деп атайды.

Ақыры Жәнібек «Аллаға тәуекел!» деп жүрегін тоқтатып, аңғалдықты ақылға бұйсұндырып, жойқын ізді өкшелей қуып келе келсе, бір төбенің үстінде алдыңғы жағына күн салып қарап отырған «бір түбені» көріпті. Не болса да тәуелкелге басқан және кең өзі шыққан төбеде тұрып, «жауырын ортаның төсі, өлер жерің осы ғой» деп, құлаштасып тұрып садағын тартып қалыпты. Сонда әлгі жапанды көңірентіп, жерді тітір еткен ішті бір үн ішінде ыстығы төбеден аса, үстіңгі «төбе» етбетінен құлап түсті. Сәлден соң барып, құлаған «төбенің» қару-жарағын алып, маңдай терін сыпырып, ауыр демін алыпты. Басқа айдарын ісемедеп өрген, маңдайы кезге таяу, екі көзі тостақандай алып денелі қалмақ батыр екен. Сескенген көңілі орныққан Жәнібек көк дөнен кетіп бара жатқан бағанағы бағытқа қараса, құланменен бірге қызыл қақтан су ішкен көк дөнен шалғынға оттап кетіп бара жатыпты.

«Япырай, бұл ит құланға еріп, жаяу тастап кететін болды- ау!» деген Жәнібек, үш рет «дір-дір» деп қатты ақырыпты. Бірақ оны көк дөнен елең құрлы көрмеген соң, ызаға булыққан Жәнібек:

«Ең жаманы — жауға бара алмай қалармын, жаяуласам да керейді тауып алармын, Жәнібектің аты құланға ілесіп кетіп, өзі жаяу қалыпты дегізгенше», — деп, көздеп тұрып садақпен тартып қалыпты. Садақтың оғы қос өкпеден өте шыққан көк дөнен ышқынып барып екпетінен түсіпті. Атарын атса да, көк дөненге іші ашып кеткен Жәнібек өшіртіп келіп, бас салып басын құшақтапты да:

«Нағашы атам ықыласымен берген жануарым-ай! Сен Алжастың ба? Мен қателестім бе?» — деп көк дөненді қимай, ішін жарып, ішек қарын, өкпе-бауырын алып тастап, қос кеудесіне кіріп үш күн жатыпты. Ақыры көк дөненді бағуға кеткен серігі есіне түсіп, «бишара айрылып қалып жүр-ау, бүйтіп жатқаным болмас, оны тауып алып, ақылға келейік», — деп ойлапты.

Көк дөненнің кеудесінен шығып, басын көтеріп алып шоқ қамысқа келіпті. Келсе, жолдасы өз атына қосып көк дөненді бағып жатыпты. Көк дөнен жыра салып, бауырынан жарап тұрыпты. Бұны көрген Жәнібек төтенше қуанып, көк дөненнің басынан құйрығына дейін сылап-сипапты  Көтеріп келген көк тұлпардың басын, көк дөненнің басымен салыстырғанда орындығы бір кез, шықшыты жарты кез артық шығыпты. Сөйтсе, құланға ерген көк тұлпары Жанекең көк дөненім деп қата таныпты. Ол Жәнібек өз қолымен келмеске кетірген қалмақ батырдың керігі екен.

Аман-есен серігімен ұшырасып, бауырынан жараған көк дөненіне тақымы тиген Жәнекең әрқилы ойға кетіп, ақыры: «Жәнібек аты арықтап Абылай ханның жұртында жолда қалыпты, содан аяқсыз өз ө беті қайтып келіпті дегізгенше, Абылай ханға ерлігімді бір көрсетейін», деген бекімге келіпті.

Бірқанша күн шеру тартып ұзап кеткен Абылай ханды жолды етіп, суыт жүріп Жәнібек батыр қуып жетіп, қарасын көрген соң, аялдапты.

Абылай хан қалың қолмен күндіз шеру тартып, түнде жатады. Жәнібек түнде жүріп, күндіз дем алады. Абылай ханның таңда аттанған жұртына Жәнібек күн шыға келіп дем алады.

Бір күні шоқпар тастың асты, шилі өзектің басы қышмалы бастауға келіп түсіп, шайланып алып, аттарын бекітіп отқа қойып, ер-тоқымын жастанып, киімін шешіп астына салып, жейдешең, дамбалшаң шалқасынан түсіп ұйықтап жатқан Жәнібектің аяғынан өрлеген оқтаудай суық дене шырт ұйқының шырқын бұзып, кеудеге келіп тоқтағандай болады. Ұйқы ішінде сезімі секем алған Жәнекең өзін қозғалтпауға барынша тырысып, ақырын ғана кірпігін ашып, саңлау шығарып қараса, жоян қара шыбар жылан басын қайқаңдатып, тілін жалаңдатып тұрғанын көрді де, «мына кәпір жазым ерте ме екен?» деген ойға келіп денесі түршігіп, жүрегі құбылып қалды. Мұны халық аңызында Жәнібектің 3-сескенуі деп атайды.

Қалт ойлана қалған Жәнібек: «Ыстық күнде сусап келген хайуан бастаудан су ішіп, шөлін қандырғаннан кейін дамылдайтын інінің ауызына мен жатып алған сияқтымын. Ауызымды ашып, тыныш жатайын да, кіре бергенде шайнап, бүркейін», — деген бекемге келді де, ауызын ашады. Нақ Жәнекеңнің ойлағанындай жылан тілін тартып, аузын жауып, еңкейіп келіп ауызына басын сұққан заман, ашулы Жәнекең қарыш еткізіп жыланның басын мойынынан тісімен қырқып, бүркіп жіберіпті. Жан үзерде жыланның сабалаған құйрығы тиіп Жәнібектің серігі шошып, атып түрегелді.

Жәнібек те басын көтеріп:

— Шошыма, атыңды әкел! Абылайға жау қара шыбар жыландай қадалған екен, тез баралық! — дейді.

Жәнібектер атқа мінгенде түс қайтып қалған екен. Айтқандай, екі бел асқан соң-ақ екі төбеге жиналған қалың қара шұбыр жасақты көрді. Андайдан жақындап келген аралыққа дейін жекпе-жектің майданына шыққан жалғыз адамға екінші топтан жан шығып қарсы бара алмайды. Жәнібек жақындап келгенде, жекпе-жектің майданында айқулақтанып есіріп тұрған, ісмедеп тұрып алтын мен айшықтап, күміспен ноқалап тастаған, күнге шағылысқан сауыттың сағымы көзді тайдырып, бет қаратпай жасқандырып тұрған қалмақтың батыры екен.

Жүрегі ұстамның қашанда сөзі өктем келеді. Қазақшылап қазақты барынша ғиянаттап жатқанын естігенде, қаны қызып, қайраты тасып, қаңтардағы бурадай бұрқылдап, өзін тоқтата алмаған Жәнібек аялдауға мұрса қылмай, «Абақ! Абақ! Қазақ! Қазақ!» деп айғайлап ұран салып, жекпе-жекке барады.

Сөйтсе, Абылай хан бастаған қолдың ішіндегі батырлардың атақтылары жекпе-жекке шығып, өмірге мәңгі қош айтыпты. Қалғандардың ішінен жекпе-жекке баруға батылдық ететін ешкім болмай, Абылай ханның басына күн туып тұрған кезі екен.

Апат төнгенде Абылай ханның маңдайынан аққан тер пұшпағын жуып тұрыпты.

«Қалмақтың батырына «Қазақ!» деп қарсы жақтан біреу келіп сайысып жатыр, Жәнібек батыр ма екен? — деген хабар Абылай ханға тигенде, Абылай хан қарығып түсіп:

— Ия, Алла! Қазаққа жеңісті нәсіп қыл! Жәнібектің жанына жар бола көр! — деп астындағы атын айтып, бауыздап жіберген екен.

Жәнібек қалмақтың қанқұйлы батырын жер түбіндегі жеті әкесіне жіберіп, «Қазақ!», «Абақ!», «Жеке!» деп аспанды жаңғыртып айғай салғанда, жекеге шыққанды қойып, қалмақтың қалың қолы қалтырап-дірілдеп, артына қарай алмай, тырым-тырақай қаша жөнеліпті.

Ақ туын аспанға көтеріп, ақ алмасын жарқылдатып, қара тамақ, көк найзасын көлбей бұлғап, қалмақты қынадай қырып, қанын судай ағызып, «Ата-бабамыздың қалмаққа кеткен кегін алайық!» — деп айғай-сүрен салыпты.

Жәнібектің дауысы жеңіс дабылын қағып, бүкіл қазақ қолы қалмаққа қарай ат қойып, лап беріпті. Қол құрышы қанып, қанды кегі тарқағанша қалмақ жасағын қырып, елін бағындырып, қарусыздандырып, бұл өңірдің қалмағын қазақтың бетіне қарай алмайтындай етіп барып, тоқтапты.
 

Оқуға кеңес береміз:

Абылай ханның Жәнібекті сынауы

Жәнібектің қартайған кезінде кешірмелерін еске алуы

Жәнібек батырдың Абылайдың оң тізесінен орын алуы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама