Желдібай Жындыбаев
Желдібай болыстық кеңседен келгенде екпінімен тау құлатқандай еді. Қара құлақшынды желкеге таман баса киген; арты тілік ескі қара пәлте делегейленіп, түйме біткені ағытылып кеткен: ербиген кішкене жебесін ширатып тастапты. Көзі күлім-күлім етеді. Оң қолында сырты кірлеп, майланған, о басында-ақ кенептің шумағы екені білінгендей бір дорбасы бар; Кенеп дорбадан керегінің бәрі табылады: көйлек-ыстаны да сонда, үгулі насыбайы да сонда, бірен-саран ескі газеттерде бар. Бәрінен қадірлісі, Желдібайды екпіндетіп жүргені күбірнадан науқан өткізе келген өкілдің жазып берген мандаты; мандаттың ішінде астын сызып қойған «товарыш Жындыбаев» деген сөз бар. Күбірнелік өкіл сол мандатты беріп жатып:
— Товарищ Жындыбаев, бұл серьезный науқан, мұның политический значениесі бар. Так что мен сенемін, бұл науқанды «провалит» етпессіз, — деген.
— Менің командировкаға шықканым жалғыз бұл емес, талай тығыз науқандарды да дүрілдетіп орындап шыққан көкеңмін нақа болмай бара жатса мәселені қабырғасынан қойып жіберуден де тайынбаймыз, — деп Желдібай өкілдің, қолын ұстап, қысып-қысып қойғанда, өкілдің қолын сындырып жібере жаздады. «Апырым-ай, мына шіркін елге барғанда қайтеді?» — дегендей боп, өкіл аларып бір қарады да, үндемеді.
Желдібайдың алдына тобылғы торы атты біреу әкеліп кесе тарта берді. Атқа қоқилана мініп Желдібай баяғы кенеп портфельді қолтыққа қысты. Екпінімен тебініп қалғанда, торы ат ыршып түсті. Қарсы соққан жел Желдібайдың құлақшынының құлағын делең-дел ең, еткізді.
Аттың тұяғы жұмсақ топырақты уыстап лақтырғандай бұрқыратты. Ә дегенше болмай торы аттың үсті термен ақ сабындай болып көпірді. Ауылдың қарасы үзілген кезде, Желдібай артына бұрылып қарап тепектеп шауып келе жатқан орта жасты кісіні көрді. Жыртық күпісінің етегі делегейленіп, тымағы мыжырайып, желге қарсы шыққан соң көзінің сорасы ағып келе жатыр екен. Желдібай атының басын тежеген кезде, ол жақындай беріп:
— Апырым-ай, шырағым, тым қатты жүреді екенсің-ау, — деді.
Желдібай қара құлақшынды желкесіне таман итеріп қойып, жымың-жымың етті. Торы ат ентігіп аяғын бір ілгері, бір кейін басты.
— Ай, отағасы, надансың-ау, жұмыстың жайын білмейсің ғой. Мен қызу науқанмен келем. Аяңдап жүріп не бітірмекшіміз?! — деді. Науқанына түсінбегенмен, Желдібайдың қызулығына ат иесі кісі ден қойды. Қатарласа жүріп отырып:
— Шырағым, осы елдің өзінен шыққан баламысың, әлде шеттен келіп пе едің? — деді.
Желдібай ожырайып бетіне қарады. Шал кісі, күпісі жыртық, сақалы ұйысқан, жыртық көйлектен өңеші сорайып көрініп тұр. Кедейлігі түрінен белгілі. Кедей болса, қосшыға мүше болса бір болыс елдің «қосшы» комитетінің бастығы «Желдібай Жындыбаевты» білмеді деген не сұмдық? Жындыбай адам білместік кісі ме? Жарбол болыс болып тұрған кезде, Жындыбай соның артынан шабарманы болып, бір болыс елді сілтідей тындырған кісі жоқ шығар деп ойлаушы еді... Торы аттың басын тарта түсіп:
— Осы елдікімін, шырағым, — деп шал көзін жыпылықтатып тепектеп жақындай түсті.
— Ендеше, мені сұрамай-ақ қой. Мен Жындыбаевпын. «Товарыш Жындыбаев» десең осы елдің баласына шейін біледі.
Шал үндемеді. «Толып жатқан жындының бірі екен» деп ішінен ойлады да, атын шаужайлап, тепектеп жүре берді...
Ауылнайдың ауылының қарасы көрінісімен Желдібай шаба жөнелді. Ауылнай жас бала жігіт. Көлеңкесінен қорқып отырған әке-шешесі бар екен, олар қалбаңдап алдынан шығып, Желдібайды үйіне түсірді. Төрт қабат көрпенің үстіне Желдібай барып отыра бергенде, кемпір орнынан тұрып, тысы жыртық ақ жастықты Желдібайдың арқасына тоса берді.
— Ауылнай, қайдасың?
— Мұндамын.
— Қане, бірдемең бар ма, тоңып келдім...
Ауылнай, бала жігіт қой, түсінбеді білем, аузын ашып тұрып қалды. Желдібай жымың етіп күліп жіберді.
— Бала екенсің ғой, «көк мойының» бар ма деймін?..
Желдібайды жылыту үшін он бес шақырым жердегі қаладан «көк мойын» әкелуге адам шаптырылды.
...«Көк мойынның» қалғанымен басын жазып Желдібай далаға шыға келгенде, күн сәскелікке келіп қалып еді.
Апа шабыр бұлты бар. Күнбатыстан ескен қоңыр жел күздің салқынын бетке әкеліп соғады... Арбаға байлаған бұзаулар бүрсиіп төрт аяғын бауырына алып тұрған секілді. Бірен-саран әйелдер, басын доғалдай оратып, тезек теріп жүр. Жаман тұмағы жарбиып, купісіне оранып, қорбиып кейбір шалдар күншуақта тықылдатып ағаш шауып отыр... Желдібай бәріне қарады. Солардың ішінен Желдібайдың көзіне шалынғаны шеткі бір үйдің есігінің алдындағы шай қойып жүрген әйел бала болды. Орта бойлы, жасы он бес, он алтының шамасында болар, қара барқыт шапаны бар. Қызыл тебетейді желкесіне таман салыпты. Үй мен жер ошақтың арасында ерсілі-қарсылы жүр еді. Бір рет самаурынға ағаш салып жатып, басын көтеріп, Желдібайға қараған секілді болды, қарады ма, қарамады ма, ол жағы белгісіз. Бірақ Желдібай езіне қарады деп түсінді. Тамағын кеней түсіп, бұ да құлақшынын бір жақ шекесіне таман киді. Ауылнайдың шешесі:
— Шырағым, қонақ, шай пісті, — деп бір-екі рет айтса да, Желдібай оны елеместен, ынтыққан қызына қараумен болды...
— Ат жоқ. Жұрттың бәрі жұмыста. Ібекең үйінде бір ат бар екен, қалаға жүремін деп бермей отыр, — деп, сельсовет мүшесі бір жігіт Желдібайға жетіп келді.
— Ібекесі кім?
— Мына шеткі үйдің иесі.
Қолындағы кесесін ырғытып жіберіп, Желдібай орнынан қарғып тұрды.
Кенеп дорбасын қымқыра ұстап, құлақшынын жүре киіп, шеткі үйге жүгіре басып кіріп келді. Сирек сақалды арық сары кісі төрт бұрышты дастарқанның орта беліне отырып, сары таба нанды турай бауырсақ қылып отыр екен. Томпақ бетті қара қыз шолпысына таққан күміс теңгесі сылдырлап, бес батпан кір кенеп орамалмен жуған кесені сүртіп, шай дайындап жатыр...
Екпінімен кірген Желдібайға үй иесі де, қыз да қарай қалды...
— Отағасы, атыңызды неге бермедіңіз? Менің кім екенімді білмедіңіз бе? Мен Жындыбаевпын! Мына мандатпен таныс болыңыз, деп кенеп дорбадан бүктеулі қағазды суырып алып, үй иесі Ыбырай отағасының алдына тарта берді. Ыбырай сасып, дастарқаннан кейін шегініп кетті.
— Танымайсыз ба?
— Танымайтын едім, шырағым...
— Жарайды, хат танымасаңыз есте болар, үлкендерге арнап биыл мектеп ашылады, сонда алдымен сізді жіберемін, әзірше атыңызды жегіңіз.
— Шырағым, нәлөк төлеу үшін қалаға апарып астық сатқалы отыр едім.
— Сөзді қой, нәлөгіңді артынан төлей жатарсың. Мен қызу науқанмен жүрмін, менің науқаныма бөгеу істесең, пүртекелдеп, «Темірқан шораға» айдауға да құдіретім келеді, — деп, үй иесі Ыбырайға Желдібай бүркітше түйлікті.
Ыбырай сасып атына жүгірді. Шелек жуып жатқан бәйбіше шелегін тастай беріп, аузын сылп еткізіп, тізесін құшақтап отырып қалды. Қара қыз қорықса да иба қылып, ұялса да темен қарап, кесе жуумен болды.
Желдібайдың көзі дастарқандағы тураулы сары таба нанға, самауырын жанындағы қара аяқтың кенерімен бірдей болып тұрған қаймақты сүтке түсті. Шоққа қойылған құманша толған қозыдай бүйірленіп, сақылдап қайнап, шайдың иісін мұрынға кіргізіп барады. Кесе сүртіп отырған қара қыздың быртиған саусақтарындағы тізілген сақиналары Желдібайдың назарын еріксіз аударып тұрған сияқты болды. Желдібайдың ашуы басыла түсіп, дастарқанның басына келді. Қызға күлімсіреп қарап:
— Қарындасым, шай құйып жібересің бе? — деді.
— Құй, қарағым, қаймағың болса бер! — деп, шешесі безектеп, самаурынға төне түсті.
Кенеп дорбаны тастай беріп, Желдібай Жындыбаев шайға жабысты. Қыз шай құйды. Шешесі, шидің ішіндегі қара қазанның бетін сыпырып, бір аяқ қаймақты Желдібайдың алдына әкеліп тартып:
— Же, қарағым, қарның ашып қалған шығар, — деп аяған
болып сыйлап жатыр. Бірақ, бет ажарындағы кейістік қаймақты еркімен бермегендігін білдіріп тұр еді.
Ыбырай атты әкелсе де жегілмеді. Желдібай шайды жайласып отырып ішті. Шай ішіп бола берген кезде «жұрт жиналып дайын тұр» деп ауылнай келіп еді, жиылысқа барудың орнына Желдібай қонақасы іздеді.
— Ауылнай дегендер епті келуші еді, сен нағыз бала екенсің. Үкімет жұмысын ашығып жүріп істесін деген заңды еш жерде көргеміз жоқ, түстеніп алып барсақ та болады, — деді.
Ауылнай қысылып, Ыбырайды оңаша шақырып алып сөйлесіп, тоқты сой деп зығыр етті.
— Төрт тоқтының үшеуін жазды күні сойып, біреуін тұқымға қалдырып едім. Кемпір көнбейді ғой, — деп Ыбырай бірсыпыра қынжылды.
Бірақ, ауылнай мен «төренің» теріс көзіне іліксе, зықысы шығатынын сезіп, амалсыздан-ақ тоқтыны сүйрелеп алып келді. Ыбырайдың қатыны бұрынғыдан да жаман бұртиып, ашуын сыртқа шығара алмай, өшін балаларынан алды. Маңына келген балаларын қиратып ұрумен болды.
Желдібай бесін кезінде аттанды. Ауылнай алдына әкеліп атты ұстағанда, үзеңгіге аяғын сала беріп, Желдібай тәлтіректеп құлап кете жаздады.
— Әй, ауылнай, қымызды кеп беріп жіберген екенсің, — деп өз-өзінен жырқылдап күлді.
...Топтанған жұрт ауыл сыртында тұрып қарсы алды. Мәжіліс ашылып, Желдібайға сөз берілді.
— Мен Жындыбаевпын! — деп бастады Желдібай.
Содан соңғысын жұрт та ұға алмады. Не айтқанын Желдібайдыц өзі де білген жоқ. Әйтеуір ұзыннан-ұзақ созылған, бітпейтін бір әңгіме болды. Жұрт біріне-бірі қарап күңкілдесіп:
— «Жындыбаев» десе, Жындыбаев екен! — десті...
***
...Бірер ай өткеннен кейін гүбірнелік газетте Жындыбаев туралы хабар басылып шықты. Ел ішіне шыққандағы істегей жолсыздықтары теріліп сотқа беріліпті, түрмеге жабылыпты!
Жұрт еркін демін алып:
— Бәсе, солай болса керек, орнын жаңа тапқан екен!.. — десті.
1928