- 28 мау. 2018 00:00
- 357
Ж.Молдағалиев „Мен қазақпын” поэмасын бүгінгі кезеңде жазса, қай шумақтарын өзгертер еді?
Е.Құдайбергенов орындайтын әнде айтылғандай „Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген”. Иә, қазақ екенімізге қарсылық жоқ. Алайда атымыз ғана қазақ, іс-әрекеттеріміздің біршамасы ұлтымыздың беделін түсіріп жүргені белгілі. Бұл өлеңде қазақ халқының XX ғасырдағы бейне-келбеті сипатталады. Өлең – Ж.Молдағалиевтің патриоттық тақырыпта жазылған туындысы. Егер ол қазіргі таңда жарық көрсе, өлеңнің қай жерлерінде өзгеріс болар еді?
Жер көлемі... Бұл – әлемдегі әрбір мемлекеттің байлығы. Мемлекет пен оның дәрежесі жер көлеміне де байланысты қалыптасады екен. Қазақ жері. Бұл – күнбатысында Еділ өзенінен бастау алып, күншығысында Алтай тауларына дейін, солтүстіктегі Батыс Сібір жазығынан, оңтүстіктегі Тянь-Шань тау жүйесіне дейін созылып жатқан мекен. Бұл ақпарат қазақ жерінің кең екеніне дәлел бола алады. Иә, қазақ жері кең еді. Ал қазір ше? Қазақ жерінің кеңдігі, пейіл-ниетімен қоса тарылды. Әлемдегі жалғыз ғарыш айлағы бар Байқоңыр шаһары мен алғашқы әскери училище ашылған Орынбор қаласы ұстағанның қолында кете барды. Ж.Молдағалиев өз поэмасында қазақ жері туралы:
...Еуропа да, Азия да емеспін мен.
Аралықпын, жетінші материктей...–
деп, өз жерінің кең екенін болашақта да солай болады деген үмітпен айтып еді. Ақын үміті ақталмады. Санамызды улаған көк қағаз өз ырқына көндірді. Әрбір қазақты жетегіне ертіп кетті.
Ана – іңгәләп дүние есігін жаңа ашқан сәбидің ең алғаш көретін адамы. Олар „оң қолымен бесікті тербетсе,сол қолымен әлемді тербетеді”. Міне, XIX, XX ғасырдағы аналардың сипаты осындай болды. Ал бұл сипат XXI ғасырға жеттік дегенше эволюциялық өзгеріске ұшырады. Поэмада қазақтың болмысын:
...Мен қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы кең...–
деп, ашқан еді. Ал қазіргі аналар дала түгіл, өз қаны туған баласын құрсағына сыйдыра алмай жүр. „Бес саусақ бірдей емес”. Арамызда баласы десе жанын беруге дайын аналар да бар. Алайда олар көкек аналардың көлеңкесінде қалуда.
Қазақ жігіті. Бұл – елім деп жауға шауып, ақ білектің күшімен ұлтын қорғаушы азаматтар. Қазақ хандығын құрушы Керей мен Жәнібек, ұлт-азаттық көтерілістің ұлы көсемдері Әлихан мен Ахмет, елін біліммен сусындатқан Абай мен Ыбырай, Отанын шын сүйген Ербол мен Қайрат, Бекзат... Міне, нағыз қазақ жігіттері! Оларды қазақ деп қысылмай, керісінше, мақтанышпен айтамын.
...Мен жігітпін, айқасқа, сынға асықпын,
Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым... – деп, ақын Жұбан қазақ жігітінің XX ғасырдағы келбетіне сүйсінген еді. Бізді де шабыттандырған. Ал қазіргі бейне, қазіргі келбет мүлдем басқаша. Тарихтағы XXI ғасырдағы қазақ жігіттері деген бетке әйелше сырға тағып, бетіне бояу жағып, ұсақталып кеткен, әйтсе де өзін еркекпін дейтіндер жазыла ма? Әлде Отанынан ақша ұрлап, шетелде жүрген жазыла ма? Мүмкін, тарихтың бұл беті бос тұратын шығар. Бәрі болашақтың еншісінде.
Поэма XXI ғасырда жазылар болса, көп бөлігі өзгерер еді. Мен эссе талабына сай жазған соң, өзгертуге лайық маңызды 3 факт қана ұсындым. Бұлардан басқа да өзгертетін шумақтар таптым. Алайда маңыздылары осылар болды. Бұл туындыны оқып, қазіргі кезеңмен қатар қойып салыстырудан түйгенім: Заман әрқашан өз орнында тұрады, адамдар өзгереді. Өзгерген адам талаптарына сай заманды да өзгертеді, өзіне тәуелді етеді.