- 25 жел. 2015 00:00
- 214
Жұмыс
- Біз саған қанша рет айттық, - деді директор балаға. - Сен бұл түріңмен бір күні заңды бұзасың ғой.
Заң деген сөзді ойлауы мұң екен, директордың көз алдына ішкі істер бөлімінің қызметкерлері келіп тұра қалды: "Осы солар да бала тәрбиесімен айналыспаушы ма еді?"
Директор ішкі істер бөліміне келді.
"Осылай да осылай, - дейді директор ішкі істер бөлімі қызметкерлеріне. - Баланы бірлесіп тәрбиелесек қайтеді?"
Келісті. Есепке алып қойды.
Сол-ақ екен, директордың төбесіне бұлт үйірілді.
Кабинеттерде баяндамалар жасалатын. Сол баяндамаларда мектептің аты аталады:
"Мына мектептің педагогтері жұмыс істеп отырған жоқ. Балалары есепте тұр".
Директор өз қолымен не бүлдіргенін енді ұқты.
Салып-ұрып ішкі істер бөліміне келді.
"Осылай да осылай, - дейді директор. - Іс насырға шабайын деді".
Түсінді. Шығарып берді.
Кабинеттерде баяндамалар жасалатын. Сол баяндамаларда мектептің аты аталады:
"Мына мектептің педагогтері жұмыс істей бастады. Балалары есептен шықты".