Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Кенесарының дулатқа келуі

Кенесары, Наурызбай заманында жаннан асқан ер болды. «Қазақты орысқа бермеймін» деп Сарыарқада соғыс салды. Ақмоланы, Ақтауды, Адырлы қалаларын алып, салдаттарды қойдай қырды. Бірақ жер-дүниені алып қаптаған патша әскері азаймады, күн сайын көбейе берді. Зеңбірегін сүйретіп Кенесары, Наурызбайдың соңынан қалмады. Қазақтың Көкшетау, Есіл, Нұра, Баянауыл, Қарқаралы сияқты жақсы жерлерін тартып алды. Елді қойға тиген қасқырдай талады. Кенесары, Наурызбай сол таланған елді қорғаймын деп қасына мың сан батыр қол еріп жүрді. Бірақ Кенесары жағадан алған жаудан жеңілетін ер ме еді, ол етектен алған «иттерден» жеңілді ғой. Қазақтың алауыздығы оңған ба, Кенесарының тілеуіндемін деп жүрген байлардың, төрелердің барлығы да патша әскеріне болысып кетті, елдің ішіне ірткі салды. олар патшадан шен-шекпен алды, аға сұлтан болды, заседатель болды. Сүйтіп, ел іші өзара бірлігі кетіп, ынтымағы жойылған кезде патшаның салдаттары Кенесары, Наурызбайды Сарыарқаға тұрғызбай, мазасын ала берді: аулын шапты, мал-мүлкін талады, қатын- балаларын тұтқындады. Ақырында Кенесары ұлы жүзге — Алатауға қарай бет алып көшті. Әуелі Балқашта, Іленің қамауында, жалайырдың шетінде жатты. Бұл жер жұрттан шалғай еді. Орыс әскерімен белдесуге күш жию үшін: «Қамауда жатып хал болмас, Қасыңа қалың ел қонбас», — деп Кенесары соңынан ерген елімен, батырларымен Ілені кесіп өтіп, Шу бойын өрлей көшпеді ме. Сонан Қордайда шапырашты Тойшыбек батырдың ауылына тоқтады ғой. Атағы жер жарған Кенесары, Наурызбай келді деген соң, Ұлы жүз дулат бірі қалмай жиналды, күні-түні Кененің ауылын босатпады. Дулаттың батыры Сыпатай да, шапыраштының ерлері: Саурық, Сұраншы да, қоңыраттан шыққан Байзақ та, төре Рүстем де қалмай келді. Кенесары екі күн ұдайы ешбір адаммен сөйлеспей, маңдайын ұстап ауыр ойланып төмен қарап отырып алды. Рүстем төре де, Сыпатай батыр да Кенесары отырған ақбоз үйдің алдынан анадай жерден түсіп, «алдиярлап!» қолын қусырып ұрықсат сұраудан басқа бір ауыз тіл қатуға бата алмаған. Келгендердің бәрімен Наурызбай ғана сөйлескен. Сонда он тоғыз жасар жас батыр Сұраншы атының басын Кенесары отырған үйге тіреп тұрып, есіктің маңдайшасын көтеріп, былай депті:

— Хан бетін басып, бетін тұқырып неге төмен қарай береді? Біз ұялшақ қатын көргелі келгеніміз жоқ, ондай қатындар аулымызда жеткілікті, біз ел бастаған, жау жасқанған батырды көргелі келдік, — депті. Сонда Кенесары басын жұлып алып:

— Уа, ерім екенсің ғой, атыңнан түсіп жоғары шық! — депті. Сұраншыға оң тізесінен орын беріпті. Сонан кейін барып Сыпатай, Рүстемдер де «алдиярлап!» үйге кірген екен. Бірақ Кенесары олардың бірде-біреуімен жылы сөйлеспей, өзінің үйіне баса көктеп кірген ер жігіттермен ашылып сөйлесіпті. Он жеті жасар Бәйсейіт батыр да атымен құйғытып шауып келіп, Кенесарының отырған үйінің дәл табалдырығының алдына тоқтапты. Әкесі Тойшыбек:

— Бұл не бейбастықтық, сен ханды басынамысың? — деп шыға келіп ұрысқан екен, Бәйсейіт кимелеп:

— Мен хан деп келгем жоқ, батыр деп келдім, батырдан батыр қорықпайды, — деп үйге кіре беріпті. Кенесары бұған да оң тізесінен орын берген. Кенесарыға еріп келген өңкей батырларға Жетісудың кілең айбынды ерлері қосылып, Алатауды сілкінткендей бір қалың қайратты қол құралды.

Оқуға кеңес береміз:

Жалбыр батыр (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама