Кенжетай Аймановтың естелігінен
Жасыңда Сұлтанмахмұттың маңдайында кекілі болды, білмеген адам оны әйел бала деп қалушы еді. Бетіңде шешектен қалған бұжыр даты бар сарғыш бала еді. Інісі Бәшен Шоқпытқа тартқан, Сұлтанмахмұты нағашысына тартқан деуші еді. Шоқпыт Қарауыл елінен көшіп келіп Бибішке үйленгеннің келер жылы тастан, топырақтан қалап, Торайғырға қараған жер шетіне жалғыз қыстап, үй салып алды. Қорасы да тастан қаланған. Үйдің қалыңдығын бір кездей қылып қалады, артық бейнет, артық расходқа қарамады. Су да алыс болды. Су алатын бұлақ барып-қайтуы үш шақырымдай еді. Малын Торайғыр көлінен суарды, қол де алыс, екі шақырым еді. Осы қыстауға бірнеше жыл қыстады. Оған қажымады, жалғызбын демеді, Сұлтанмахмұт пен Бәшеңді өзі оқыта бастады, үйткені өзінің аздаған арабша хат танитыны бар еді. Жаз ел жайлауға көшкенде, әйелінің жақыны Жақсылықтың баласы Тортай дегенді «балаларымды оқыт, сабақ бер» деп қолына ұстатады. Тортай домбырамен өлең айтатын, арабша бейіт айтатын еді. Өзі жас, түнде алтыбақан қасында болады. Шоқпыт оны талай алтыбақан басынан алып қайтатын.
Ел Келбет дейтін жайлауда, Шоқпыттар бөлек ауыл. Ай қараңғы. Түн. Біздің ауылдың қотанындағы қойы үрікті. Ауыл у-шу, шулап үрген ит. Бір лақ бақырып барады. Қасқыр алып қашып барады деп, барлығымыз қуып келеміз. Беті төменгі тас шұқыр. Бір уақта лақ жақтан адамның ойбайлаған дауысы шықты. Келсек, біреу біреуді сабап жатыр. Бұл не десек, лақ болып бақырып қашқан Шоқпытың бала молдасы Тортай екен. Лақ бақыра жөнелгенде, Шоқпыттың қабаған шолақ төбеті жұрт айтақтап далаға шыққанда қуа жетіп, Тортайды алып тұрған. Іле жүгірген Шоқпыт Ақшолақ қасқыр алып жатыр ма деп келсе, молдасын талап жатыр екен. Айырып алдық. Шоқпыт айтады: — Мен мұны балаларымды оқытады, тәлім береді десем, мұның қылып жүргені мынау. Ендігәрі мұндай істеме. Сені көріп балалар не болады?
Біздің ауылда да молда бар. Ауыл арасы жақын. Бізді Жұмат оқытады. Бірақ біз қой өрісінен барамыз.
Ұйқымыз келіп қалғып отырамыз, түк ұқпаймыз. Шоқпыт олай оқытпайды, балалардың ұйқысы қанған соң асын беріп, сонан кейін оқытады.
Тортайды бір-ақ жыл ұстады. Одан кейін Садуақас молдадан бәріміз бірге оқыдық. Біз бұрын хат таныдық. Мына екі бала кеш, бірақ бір айтып берген сабақты Сұлтанмахмұт жаттап алатын болды. Шоқпыт балалары өсе бастағанына өте қуанушы еді. Балалары не тілесе соны орындап тұрды.
Өскен сайын Сұлтанмахмұт адамға жақын, жуас, бет-пішіні сүйкімді, жылы жүзді болды; өгей шешеге еріксіз жақты: өзінің ішінен шыққан баладай болды, басқалығы болмады. Сұлтанмахмұт қызықты бала еді: басқа балаларына артық ойнау, былғану, күлмен ойнау онда жоқ, қолы-басы таза. Көбінесе жұрт осы тазалығын ұнатады. Сұлтанмахмұт он бестен аса бергенде Мұқан молдадан оқыды. Мұқан молда Сары деген елден, Сары ішінде Тұлжан ұлы атанды. Мұқан өзі молда болса да, шариғат жолын көп күтпейтін еді. Өзі баласын орысша оқуға берген. Жақия дейтін баласы Омбыдағы медицинская школада оқып жүрді. Отырған жері күлкі, сауықшыл адам еді. Оқытқан балаларына басқа молдаларша дүре салмаушы еді. Шариғат орнына өлең жаздырып, өзі өлең жазушы еді, сабақ арасында бір-бір ауыз өлең жазып, бал ал ардан оған жауап күтуші еді. Мұқаннан оқыған Сұлтанмахмұт пен Шәйбай көбінесе өлеңге қарай бейімделе бастады. Мұқан молда Сұлтанмахмұтты жазған жауабына ырза болып жақсы көре бастады. «Бұдан оқыған бала бұзылады» деп жұрт балаларын шығарып алды.
Бір күні Шәйбай екеуіміз Махмұтқа барып қайттық деп Шоқпыттікіне бардық. Барсақ Махмұт үйде. Біз барып отырғаннан кейін, Махмұттың шешесі Бибіш:
— Ойбай, сендер осы күлкілеріңді қойшы, жай жүріңдер! Мына Махмұт қымыз ішіп тұрған жерінен қымызын іше алмай, көрдің бе бүгін жылқышы Ахметтің қылған ісін? — деді.
— Иә, не бопты? — дестік.
— Бүгін Садық үйінің танғышын кесіп, киізін тіліп тастапты. «Мұны қылған Кенжетай, Шәйбай, Махмұт — үшеуі, мен көріп қалдым» деп бүлік салған жоқ па осында.
Біз таңдандық. Сонда Махмұт:
— Осы Ахметті бір сабап берші, Кенже аға! Барғанда маған сүйген көзімен қарағаны құдайдың төріне кіргенімдей болушы еді, — деді.
— Жарайды, орындайын, бірақ ақыма бір-екі ауыз өлең керек, — дедім.
— Құп! — деді ол.
Махмұт тапсырған жұмысты орындап:
— Менің тілегім не болды? — дегенде:
— Кенже аға, ұмытып кеттім, өйтсе де, — деп қарындашын алып мынаны жазып берді:
— Ақ сәуле, күміс жүзді, құндыз қабақ,
Сен — гүлсің иіс шашқан жарып сабақ.
Болғанда көзің — жақұт, етің — торғын,
Қасың-ай, шашың — жібек, мамық тамақ.
Жүзің — нұр, сөзің — алма, аузың — алтын,
Самород, құспасы жоқ нағыз балқып.
Шомылған сұңқар бойың нақ гауһарға,
Бұрқырап нұр төгілсін, маған талпын?
Бір сенсің дүние көрген көзім нұры,
Жарқырап жаным тартар, көңілім гүлі.
Егілген ер көңілім қол сермейді,
Тартса да аспаннан кеп жұмақ хоры.
Жан сәуле, кеуде күйген, жүрек жалын!
Кеудем от, жүрегімнің байқа қалың?
Дауасы ауыр дерттің — жалғыз сенсің,
Қолың бер кетсін қайғы, сөнсін жалын!
Міне, осы өлеңді домбырамен өнге салып айтып жүрдім.
1911-1912 жылдарда Сұлтанмахмұт оқимын деп Керекуге барды. Басқа да оқу іздеді, бірақ таба алмады. Онда кейін Тройцкіге барам деп талап етті. Шоқпытта оқытатын хал жоқ және баласының білгенді біреуге молдалыққа тұрып бала оқытуын қалады. Осы турада Махмұтқа көп ой түсірді. Шәйбай арқылы Шәйбайдың әкесі Аббасқа айтқызды.
Аббас — оқыған адам, адам қарайтын дәрігер. Оқимын деген баланы жақсы көретін және Шоқпытқа айтатын: «Осы балаңды оқыт, осында бірдеме бар, ойлы адам болады, бұл тек адам болмайды», — деп, Сұлтанмахмұт оқуға жүрмек деген сөз құлағына тиісімен өзі басшы болып Махмұтқа қаражат жинап берді. Бергендер — Шерияздан Айманов, Аббас Айманов, Садық Қорабаев, Қамар Қасымов тағы осы сияқты.
Тройцкіге барып бірер жыл оқып, 1914 жылы қайтып келді. Сұлтанмахмұт өскен, білім алған, бірақ қаражаты кемдігінен бітірмей қайтқан. Ғабдолла Тоқаевтың сөздерін көп жинаған. «Айқап» журналын алып оқитын болған. Көп шығармалар шығарған, журналға да сөз жазған. Біз ортамызда Махмұт сықылды адам болғанына өте қуанып қалдық. Сұлтанмахмұт біздің бұл қуаныштымыз бен үмітімізді өле-өлгенше ақтап кетті.
Айманов Кенжетай,
1941, 20-25март.