Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әлімхан Ермековтың естелігінен

1916 жылдың күзінде Том қаласына (ол кезде біз қазіргі Томск қаласын осылай атайтынбыз) сырқатын емдеуді және орысша оқуды арман етіп Сұлтанмахмұт келді. Менің Таутехнология институтында оқып жүрген кезім еді. Ол Томға келісімен мені іздеп тапты. Әрине, мен Сұлтанмахмұтты «Айқап» журналы бойынша бұрыннан білетінмін. Ол сол өзімнің ұғымдағыдай жігіт болып шықты.

Сұлтанмахмұт маған шу дегеннен-ақ ұнады, себебі ол алғаш көріп отырған адамым ғой, бірінші рет кездесуім ғой деп тартынбайды екен: ашық сөйлеп, ішкі сырын, саяси түсініктерін именбей жайып салып отырды. Ол кезде қазақ даласында ұлт-азаттық көтерілісі жүріл жатқан. Шай басында осы жайында әңгіме қозғағанымызда, Сұлтанмахмұт:

— Сіз сағынғандықтан ба, әлде патша өміріне қарсы шыққандардың жағдайын жете білгіңіз келгендіктен бе, әйтеуір менен елдің халін көп сұрайсыз. Сонда сіз соғыс майданына қазақтардың жігіт бергенін жөн деп ойлайсыз ба немесе оны қырылу деп ойлайсыз ба? — деді.

Оның сұрақтары нақ, дәл және пікірлі болушы еді.

Мен былай дедім:

— Кім білсін, бермесең өз жерінде қырады, ауыл-аймақ, бала-шаға бірге кетеді; берсең майданда қырылады, онда ел аман қалады. Бірақ жігіттерсіз елде не сән қалады? Ендеше беру де жақсы емес. Мұның өзі бас шатыстыратын нәрсе. Менің елмен, қазақ оқығандарымен байланысым шамалы, олардың не істеп жатқандарын, не ойлайтындарын мен білмеймін.

Сұлтанмахмұт ішінде бір құпия сыр бардай біраз ойланып отырды да мынаны айтты:

— Иә, қырылыстан былайда — былайда қашып құтылуға болмайды. Бірақ күреске шыққандардың өз жерінде тірегі де, күші де мол болады ғой.

— Сен күш көрсетуді жақтайсың ба? — дедім мен.

— Жақтаймын, бірақ ақылды күш болу керек, — деп, Сұлтанмахмұт тағы да терең ойға шомды. Тегінде ол халық, бостандық жайын айтқанда ашына, қобалжи, қайғыра сөйлейтін адам болды ғой деп ойлаймын.

Сұлтанмахмұт «Орыс тілінсіз ғылым, мәдениет жоқ қой» дей отырып, келген бетте сырқатын емдету жайынан гөрі осы жағын баса айтты. Мен ол кезде өзім институтта оқи жүріп, қалада тұратын еврей, орыс балаларына орыс тілінен жалданып сабақ беретінмін. Олар әжептәуір ақша төлеп тұрды. Мұны білген Сұлтанмахмұт бір күні:

— Орыс тілі бұларға өте қажет болғанда, бізге тіпті қажет қой. Мен «нан сұрарлық болса жетеді» дейтін орыс тілі үшін емес, үлкен кітаптарды оқи, түсіне алатын, реті келген жерде орысша жазып жіберетін орыс тілін үйренгім келеді, — деді.

Мұнысы — маған оңдап оқыт, көп үйрет дегендегісі еді. Мен Сұлтанмахмұттың бұл тілегін өз шамамша орындап бақтым. «Кедей» поэмасының эпиграфын орыс тілінде жазуы осының нәтижесі ме деп ойлаймын.

Мен Сұлтанмахмұттың талабына өте разы болдым. Бірақ ең әуелі қаладағы атақты бір терапевтіге көрініп, емделуін мақұл көрдім. Біз бұл мақсатымызға жеттік те. Сонда әлгі дәрігер Сұлтанмахмұтты емдегені үшін 50 сом ақша алды. Ақшаны төлегенде Сұлтанмахмұт қатты күйініп:

— Бұл не деген сұмдық! Жақсылықты ақшаға сату адам үшін ұят емес пе? — деді.

— Оған үкімет ақша бермесе, дәрігер не істемек? — дедім мен.

Сұлтанмахмұт түсінді:

— Мен ақшамды аяп немесе дәрігерді кінәлап тұрғаным жоқ. Бүкіл адамға ортақ әрі өте қажет жақсылықтар бар ғой. Мәселен, емдеу, оқыту сияқты. Осылар тегін болуы шарт емес пе? Өйткені, біріншіден, әркімнің де ауырса емделгісі келеді, екіншіден — әркімнің де оқығысы келеді. Ал осыларға жаңағыдай қымбат еңбек ақы алатын болса, соған үкімет душар етсе, онда әлгі әркімдердің бәрі бірдей жаңағы жақсылықтарды көре бермейді ғой. Менің де көп сандалуым мен жүдеушілігімнің күре тамыры осында жатыр, — деді.

Сұлтанмахмұттың бұл сөзі маған ұнады, бірақ мен де сол тұста жалданып бала оқытатын адам болғандығымнан көңіліме алыңқырап:

— Мені де қинамай, тегін оқыт дегенің ғой, — деп күлдім.

Сұлтанмахмұт кенет ойлана қалып, артынша мынаны айтты:

— Құдай сақтасын. Менің пікірлерімнің бір шеті келешекте жататын сияқты. Жасым кіші болса да, мен сізден өтінейінші — менің жаңағыдай сөздерімді өзіңізге қарай бейімдей бермеңіз. Мүмкін, мені сынап көргіңіз келетін шығар, онда рахмет айтамын.

Мен кідірместен жауап қаттым:

— Жақсы. Бірақ мен сенен сабақ оқытқаным үшін де, сынағаным үшін де ақы алмаймын.

Сұлтанмахмұт үндемеді. Бірақ кейініректе:

— Мен сізді тегін оқыту жолына қарай бастадым ғой деймін. Менің сізге ақша төлемеуімде қазақшылық та, туыстық та жоқ екеніне сеніңіз, — деді.

Сұлтанмахмұт Томда өлең, шығарма жазумен шұғылдана қойған жоқ. Мұның екі себебі болды: біріншіден, ол түгелдей орыс тілін үйренуге беріліп кетті, екіншіден, денсаулықты да сақтау қажеттігін мен үнемі ескертіп отырдым.

Сұлтанмахмұт өте алғыр еді әрі оқығандарын өзінше ойластырып барып қабылдайтын. Ол бір қыстың ішінде орыс тілі грамматикасын, әсіресе синтаксисі мен этимологиясын жете меңгеріп алды. Орысша жақсы сөйлемегенімен, жазуға, ұғынуға келгенде өте жетік болып шықты. Ол менің үйімнен Л. Толстойдың, Руссоның тағы басқа саяси брошюра кітаптарын оқып жүрді және оларды терең түсінетін еді.

Сұлтанмахмұт қыс ортасында қаражатсыз қалды. Мен оған көмектесіп тұрдым. Ол көбінше біздің үйде болды. Сөйтіп жүргенде февраль революциясы болды да, март айында екеуміз де Семейге кеттік. Оның жол қаражатын мен көтердім.

Семейде ол алашорда құрған қазақ комитетінің кіші хатшысы, ал мен жер мәселесі бөлімінің мүшесі болып істедік. Комитеттің басшысы Омбыда оқыған Райымхан Мәрсеков дейтін еді. Сұлтанмахмұт мұнымен шу дегенде-ақ келіспей жүрді, тіпті ұрысып, төбелесуге шейін барды. Анығын айту керек, екеуін райластырып, Сұлтанмахмұттың біраз жүріп қалуына мен себепкер болдым. Сұлтанмахмұт мені ұстазым деп жүгіне сыйлап, тілімді алатын еді. Ақыры ешбір жылы сөзге жүгінбей, менің де тілімді алмай 1918 жылдың февралында еліне кетіп қалды. Осыдан кейін мен де ала көңіл бола бастадым. Ақыры алашорда басшыларына жақпай, 1918 жылғы земство сайлауына да шақырылмай қалдым.

Сұлтанмахмұтта менің байқауымша, жалпы адамгершілік, әділдік, адам ғұмырының ұзақ болуы, бақыт, теңдік сияқты гуманистік тілектер басым еді. Ол қандай мәселе жайында әңгіме қозғасақ та, ылғи осы тұрғылардан қарайтын, белгілі бір саяси бағытты, белгілі бір партия жолын берік ұстанбайтын сияқты еді. Рас, Сұлтанмахмұтта идеялық нысана берік болды, бірақ ол идея белгілі бір саяси ағымға, партияға берілгендіктен емес, халық мүддесінен, өз сенімдерінен туып жататын. Осыған қарағанда, мен Сұлтанмахмұттың қоғамдық бағыты да, саяси көзқарасы да, партиясы да әділдік пен бостандық па деп ойлаймын.

Бостандықты ол кезде қазақ оқығандары екі түрлі бағытта түсінетін: біріншісі — иісі қазақты Россиядан бөліп әкету. Бұл — нағыз ұлтшылдық. Екіншісі — қазақ халқын екі жақты езілуден құтқару. Сұлтанмахмұт осы соңғы бағытта, яғни демократтық бағытта болды. Өйткені Сұлтанмахмұт февраль революциясы кезінің өзінде бай, кедей деп бөліп, маңындағылардың ойын, ісін, қызметін кедейлерге тигізер пайдасына қарай бағалайтын.

Сұлтанмахмұтта ұлтшыл деген пікірлер де болған сияқты. Менің ойымша, ұлтшылдықты адамның болған жерінен, оның солармен аралас жүруінен, онда қызмет істеуінен емес, беталдысының жалпы бағытынан, ішкі дүниесінен іздеу керек. Осы жайды ескергенде, Сұлтанмахмұт ұлтшыл болып шықпайды. Сондықтан ол бес-алты ай ұлтшыл болды, кейін түсінді де безіп кетті деу қисынсыз. Өйткені идея жолындағы адамның сырт әрекеті заман түріне қарай өзгергенімен, ішкі мүддесі сол күйінде қалмақ. Оны өзгерту үшін көп уақыт, тарихи жағдайлардың тұтас бір жүйесі қажет.

Әрине, адамға мінездеме беру үшін, онымен ұзақ уақыт бірге болып, іштей де, сырттай да араласып кету керек. Ал мен Сұлтанмахмұтпен бас-аяғы бір жылдай ғана бірге болдым, оның өзінде де Сұлтанмахмұттың істес, сырластығынан гөрі шәкірттік мінезі басым еді. Ол өзін менің алдымда тұйық ұстайтын, өйткені сыйлайтын.

Алайда, сол аз уақыттың ішінде мен Сұлтанмахмұттан ерекше бір қасиетті аңғардым, ол — өткір сабырлылық. Мен осы өткір сабырлылықты оның шығармаларынан да көремін.

Әлімхан Ермеков,

1960,11 июнь.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама