Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Көкшетауда екі жыл бойы жалған сүт жеткізу арқылы миллиондаған теңге жымқырғандар сотталды

Көкшетауда мемлекеттік субсидияны жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Екі жыл бойы жалған құжаттар арқылы миллиондаған теңгені иемденген тұлғалар жауапқа тартылды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі хабарлады.

«МолПродЖаркаин» ӘКК директоры мен «Рассвет» шаруа қожалығының басшысы сүт өндірісін арзандатуға арналған субсидияны заңсыз алған. Алайда, «Рассвет» шаруа қожалығында көрсетілген көлемде сүт өндіруге қажетті мал басы болмаған.

Агенттіктің мәліметінше, ақпараттық жүйеде 3 миллион килограмнан астам шикі сүтті «МолПродЖаркаин» ӘКК-ға жеткізгені туралы жалған құжаттар ресімделген. Осы құжаттар негізінде сүтті май мен қатты ірімшікке өңдеу туралы есептер жасалған.

Жалған құжаттар арқылы мемлекетке келтірілген шығын

Өтінімдер мақұлданғаннан кейін ақша кәсіпорынның есепшотына аударылған. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 152 миллион теңгені құрады. ӘКК директоры алған субсидияның бір бөлігін жақынының депозитіне аударып, сол ақшаға жалға берілетін жылжымалы ғимарат сатып алған.

«Тергеу барысында 6 жер учаскесі, 4 пәтер, 11 автокөлік, жылжымалы ғимарат, өндірістік-өнеркәсіптік ғимарат тәркіленді», - деп хабарлады ҚМА.

Сот үкімі

Сотталушылар 6 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.

Бұған дейін Жетісу облысында сүт өнімдеріне берілетін субсидияның казиноға жұмсалғаны туралы жазған болатынбыз. Ондағы жалпы шығын 300 миллион теңгеден асқан.

Жаңалықтар

Жарнама