Бейнеден алынған скрин
- 05 мау. 2026 17:00
- 43
Пойызда жас қызға тиіскен 70 жастағы зейнеткер жауапқа тартылды
Ақтөбе-Алматы бағытындағы пойыз жолаушысы, 70 жастағы ер адамның ұйықтап жатқан қызға тиіскені туралы даулы жағдай әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Жәбірленушінің өзі бұл оқиғаны видеоға түсіріп, қоғам назарына ұсынған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиғаның мән-жайы
Бойжеткеннің айтуынша, 14 мамыр күні түн ортасында, төменгі орында ұйықтап жатқанда, бейтаныс зейнеткер оның денесіне қол салады. Шошып оянған қыз қарт кісіні ұрып жібергенде, ол кешірім сұрап, теріс қарап жатып қалған. Кейін қыз болған жағдайды жанындағы әйелге айтып шағымданғанымен, екеуі келесі станциядан асығыс түсіп кеткен.
«Ол әйел маған: «Сені зорлады ма? Тиіссе, қағып тастап жата бермейсің бе?» деді. Мен қатты күйзеліске ұшырадым, төрт күннен бері ұйықтай алмай жүрмін. Ал психологқа баратын ақшам жоқ», — деп күйзелісін білдірген студент.
Ол сондай-ақ, мұндай әрекет үшін тағайындалған жазаның тым жеңіл екеніне де наразылық білдірді.
Полицияның әрекеті
Көліктегі полиция департаменті бұл деректі растап, 70 жастағы жолаушының Түрксіб станциясында ұсталғанын мәлімдеді. Тәртіп сақшылары іс материалдарын ұсақ бұзақылық бабымен сотқа жолдаған.
«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына қарауға жолданды. Сот шешімімен құқық бұзушы кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.