Лепсі оязында
I
Лепсіде де ел шу дегеннен-ақ толқыды. Қытай шегіне таяу отырған Қаракерейдің барлық болыстарының қазақтары: Алакөл, Шарбақты аудандарының елдері қозғалып, Жоңғар Алатауының шыңына, құзына тартты. Қалың қара Садыр Шұбарағаш, Антон, Серкеш сықылды орыс қалаларының маңайынан сырғып, Лепсі бойы, Балқаш, Көл деген жерге тартты.
Бұған жергілікті әкімдер тоқтау салуға жедел кірісті. Алматыға дүркін дүркін телеграмдатып, хабар қылды. Ояз бастығы Алматыға берген 30-шілдедегі телеграммада былай деді: «Бақтының учаскелік начальнигі казак-орыстың жәрдемімен Қытайға көшіп жатқан елді қайта қайырып алғандығын хабар қылады...» Оның ертеңіне тағы мына телеграмманы береді: «Лепсіден қашқан қазақтарға Қытай қойнын ашып тұр. Барлық болысының правителі Қытайға қашып кетті. Бірақ оның малын алып қалдық. Бұлардың қайтылуына тығыз шара көріліп, өздерін сотқа тапсыруға бұйрық болды...» 2-тамызда Алматыдағы губернатордың Ташкендегі генерал-губернаторға берген телеграммасында Лепсі оязы туралы мына сөзі бар: «Алакөлдің күншығыс жағындағы Барлық Арасанның (курорт) ауданында Барлық, Еміл, Үржар, Қаракөл болыстарының қазақтары Қытайға үрікті. Бұл елдерден жаздан бері бірқатар ел Қытайға кеткен еді. Мыналар соған қосылмақшы. Бұған өзге болыстың, қазақтары елігер ме екен деп ояз бастығы қорқулы. Бақтының гарнизоны нашар. 31-шілдеде үріккен13 Алакөл болысынан ол отряд көп түйе, жылқы, қой айырып қалды. Қашқындарды орыс қолына қайта айдап беруіне Қытайға қатты шара қолдану керек...»
Қозғалған елді тоқтатуды қайратпен істемек болды. Шекара-шекараға тұрған казак-орыстан әскер жасап, күзет қойды. Орыстың қала-қаласына мылтық, жабдық үлестірді. «Қазаққа қала ат тағалап бермесін, темір ауыспасын» деп бұйрық қылды. «Қазақ қаланы шабады» деп түсінді. Мұжықтың бәрін желіктіріп, қазаққа өштестіріп, от жақты. Шолақ төңірегіндегі қалаларды қорғау үшін деп 50 кісілік атты әскер ұйымдастырды. Сол бетпен Глинковский деген қалаға 25 кісі, Обежуйский, Ново-Антоновскийге 15 кісіден шығарып, Бақты, Шолақ, Глинковский арасымен, Лепсі, Степновский, Рыбачье, Ивановск араларында үнемі жүріп-тұрып қатынас жасайтын шапқыншылар қойылды. «Жабайы» қазақтардың сыртынан тәртіп сақтайтын күзетшілер мықталды. Алғашқы соқтығыс Алакөл маңындағы елдің Қытайға қарай қобалжып көшер кезінде болды».
Орыстың атты әскерін Огренев деген подесаул бастап еді. Ол Бақтыдағы Акулов деген бастыққа көмекке жіберілген қол болатын. Бұл жолғы ұсақ ұрыста қазақтан өлген кісінің саны белгісіз. Бірақ он бестей кісі қолға түсті. Бұлардың ішіне сол көтеріліске көрнекті басшы болып жүрген Омар Мейірман баласы да бар еді. Бірақ ол сол күні түнде қашып шығып, қамысқа кіріп кетіп, құтылып кетті. Алакөл елінен бірталай мал-мүлік таланды. Осы сықылды Барақ пен Еміл болыстары көшкенде де артынан қуып жеткен Степанов деген прапорщик әскері көп мал алып қалып еді.
24-шілде күні Омар Мейірман баласының маңындағы қазақтар Тоқтының «таможный»Нан өтіп бара жатып бір «бөлешіктің» (объезщик) мүлкін алып кеткен екен. Артынан оны қайырып берді. 1-тамызда сол ауылдардың қазақтары Шолақ деген жердегі Пограничный деген қаланың жанынан өтіп бара жатып, крестьянның малын айдап кеткен екен. Бірақ артынан Привольный қаласының крестьяндары арқылы тағы да қайырып берген.
Бұл оқиғалардан соң Лепсіден ояз начальнигінің серігі Маслов деген шығып, көшкен ел Пограничный болысының крестьяндарын таламақшы, қырмақшы деген жаман атты таратып, өзі қолына түскенін қайта көшіріп, үлкен қаталдықпен елді «басып», орнына Вахалдов деген прапорщикті 20 кісі әскермен сол елдің ортасында қалдырып, өзі қайта қайтты.
Бұл жолғы ереуілді басқан соң қазақ төменшіктеп қалғандай болды. Қыркүйектің басына шейін үндемей, тыныш болып келді.
Бірақ тоғызыншы қыркүйек күні Мықаншы Садыр болысының оныншы аулында съез құрып жатқан болыс, тілмаштың дағдылы еркелігін көтере алмай, жиылған ел сабап тастай жаздайды. Осы сияқты оқиға Романов поселкесі жанындағы Мәмбетбай, Қышқаш болысында да болып қалады. Болған жайды айтып, болыстар оязға қағаз түсіреді.
Осы кезде Серкешке (Черкасский) отыз шақырым жердегі Саратау қаласына (қазақтар «Сарат» дейді) маңындағы елдер Мықаншы өлкесіне шабуыл жасағалы жатыр деген хабар келіп, Черкасский қаласының халқы шошынып, үркулі деген сыбыс шығады.
«Саратауға қарай Қарталыны басып, отыз бес кісі әскермен Маслов жүреді. Екінші жағынан Саратауға Мықаншыны басып, Қапал әскерінен он бес кісілік әскер шығады. Соңғылар Масловқа қосылмақ болып келе жатады. Маслов өз бетімен Саратауға жақындап, сегіз шақырымдай жер қалғанда алдынан шеп жайып, жолын бөгеп тұрған қазақты көреді. Қазақ қолы шашырап, екі шақырымдай жерге созылып тұр екен.
Осы арада екі жағы да атысады. Бірақ қазақ жағының шығыны көп болып, олар оқ тиген жаралыларын қалдырмай жинап алып, шегініп жылжып кетіседі».
«Көтеріліс жасаушылармен қағысулардың болғанын Лeпciгe білдірген соң, одан Базыгин деген прапорщик бастатқан жетпіс бес кісі шығарылды. Бұлар Саратауға қарай бетті түзеп бұрып отырып, жолдағы Черкасский, Ново-Петропавловский, Ново-Антоновский қалаларының қорғауын күшейтіп, Масловқа болысуға шыққан. Мұның үстіне Қапалдағы гарнизон бастығына «Басқан жағынан көмек жібер» деп хабар етіледі.
Он бірінші қыркүйек күні Базыгин Саратауға келеді. Мұның алдында Маслов та алдыңғы он кісілік «әскермен қосылып осы қалаға келген екен.
Бұл арада барлауға жіберген аттылар бір хабар әкеледі. Олардың айтуынша «Мықаншы, Шілікті мен Мәмбетбай, Қышқаш болысының бірталай қазағы, бастығы Мұхамади қажы болып, Мықаншы Садыр болысының көтерілісті еліне көмекке келе жатыр» дейді. Сол күні сағат тоғыз шамасында қазақтар Саратауға қарай бет түзеп қозғалады. Бұлардың алдынан жасырын хабаршы қылып жіберген урядник Костин қасындағы кісілерімен қайта қашады. Қазақ ұран салып, қалаға тиеді. Бірақ қаланың іргесіне келіп қалғанда атылған көп мылтық бұларды еріксіз кейін серпілтеді. Олар әр жерге серпіліп барып, күшті қайта жинап алып, үкімет әскерін қоршап, айналып алады. Түнімен Қаланы қамап жатады. Ертеңінде Басқаннан көмекке келе жатқан Осиповтың әскерінің хабарын естіп Маслов Базыгинді бастық қылып, шабуылға әскер шығарады. Бұлар қылышпен, найзамен қимыл қылады. Қазақ қарулы әскердің тасқынына шыдай алмай қырғын көріп, кейін шегінеді. Бұлардың ішінен бір бөлініп кеткен екі жүздей кісі Көлге қамалып қалып, түгелімен кескіленіп өлтіріледі. Қалғандары Лeпci өзенінің бір жағынан қашып шығады. Бірақ ол жақта да қаза көріп, көп малынан айрылады. Қуған отряд бес мың қой мен көп ірі қара алып кетеді. Одан басқа тоқсан екі кісіні ереуілдің бастығы абақтыға алады.