Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Мәдениеттің мәйегі - кітап

Кітап-адамзаттың сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен құндылығының алтын сандығы. "Кітап дегеніміз - алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік", - деген Ғабит Мүсіреповтің бұл сөзі бүгінгі күні үлкен өзектілікке ие. Қазіргі таңда байқап қарар болсақ, аға буын өкілдерінен жастардың кітапқа деген қызығушылығының жоқтығы, олардың кітапты оқымайтындығы туралы жиі естіп жатамыз. Оның басты себебі неде?

«Қазіргі жастар кітап оқымайды» деген ойды басты назарда ұстаған орта жастағы ұрпақтардың сөзінше, ол кісілердің заманында қол босай қалса кітапты жанынан тастамай, бос уақытын кітап оқумен өткізуге арнағанына көз жеткізе аламыз. Өр тұлғалы сөз патшаларының қалдырған мұраларымен сусындап өскен бұл жандар жас ұрпақтың болашағына алаңдаушылық білдіріп, жастардың кітап оқымайтындығын үлкен мәселе ретінде қарастырған және әлі де қарастырып келеді. Бұл тақырыптың үлкен мәселеге ұласуына менің ойымша басты себеп, заманның жаңаша өзгерістері, жаңа технологиялардың жаңа әлемді билеуі. Дәлірек айтқанда, бүгінгі жастар ғаламтордың шырмауына шырмалып, түрлі әлеуметтік желілерде жаңалық ақтарып, бүгінде танымалдыққа ие болғандардың өмірін талқылап, одан қалса көзбе-көз тілдесудің орнына смартфондарына телміріп отырады. Әрине, бұл әрбіріміздің көңілімізге кірбің ұялатары анық.

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, жетістіктерге қол жеткізіп, бәсекеге қабілетті әрі қазіргі қоғамда өзара байланыс орната білетін тұлға болып қалыптасу үшін кітап оқуға деген құштарлықтың әсері мол. Шынында да,рухани дамып, өмірде биік белестерді бағындыру үшін ең әуелі кітап оқып рухани қорымызды байытуымыз керек.

Бұл жағдайды дәлелдеме түрінде қарар болсақ, кітап оқу сауаттылығы деңгейін анықтау мақсатында әлемнің көптеген елдері OECD және IEA сынды халықаралық салыстырмалы зерттеулер қолданылады. PISA зерттеулерінің нәтижелері бойынша, Қазақстан оқушылары оқу сауаттылығы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдеріндегі өз қатарластарынан едәуір артта қалып отыр. Бұл жағдайдың да туындауына басты себеп болып отырған да осы кітапты қолымызға алмауымыз. Ендігі біздегі басты мақсат осындай жағдайдың орнын түзеп, жас ұрпақтың кітапқа қызығушылығын арттыру .

Қорытындылай келе, Әбіш Кекілбаев атамыз айтқандай, «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана». Расымен де, адам болып қалыптасуымыздың өзі өмірде оқығандарымызбен байланысты. Себебі, кітап - рухани азық, сөзбен айтып жеткізе алмайтын құнды дүние. Қазақтың шұрайлы тілі – қа­зақтың көркем әдеби кітаптарында.Еліміздің абыройын асқақтатып, саналы ұрпақ болып қалыптасамыз десек ең алдымен жас ұрпақты кітап оқуға баулуымыз қажет. Мәдениеттің мәйегі - кітап.

Саябекова Балауса Әл-Фараби ат.ҚазҰУ, Журналистика факультеті, Кино&Медиа мамандығының 1 курс студенті.        
Жетекшісі: аға оқытушы, куратор - Н. Б. Рушанова


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама