Photo: Funkcinės Terapijos Centras (https://www.pexels.com/@funkcines-terapijos-centras-927573878) / Pexels
- 09 мау. 2026 07:00
- 30
Медициналық орталықта әлемдік деңгейдегі роботпен ота жасау басталды
Астанадағы ҚР ТЖҚ Медициналық орталығында травматология мен ортопедия саласындағы ең озық технологиялардың бірі – Mako роботтық жүйесін қолданып, ота жасау жұмыстары басталды. Бұл жаңалықты Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Mako роботы – робот-ассистенттік хирургия саласындағы жетекші үлгі болып саналады. Ол АҚШ пен Еуропаның үздік клиникаларында кеңінен қолданылады. Бүгінгі таңда бұл жүйемен әлемде 1,5 миллионнан астам ота жасалған. Технологияның тиімділігі мен қауіпсіздігі 500-ден астам ғылыми зерттеумен расталған. Қазіргі таңда Mako роботы 45-тен астам елде қолданыста және ортопедиядағы ең зерттелген, сенімді жүйелердің бірі болып табылады.
Жаңа технологияның артықшылықтары
Бұл жаңашыл технологияның басты ерекшелігі – оның жоғары дәлдігінде. Ота алдында пациенттің буынының 3D-моделі жасалынып, хирург оның негізінде операцияның егжей-тегжейлі жоспарын құрады. Ота кезінде робот құралдың қозғалысын бақылап, хирургке барлық кезеңдерді барынша ұқыпты және болжамды орындауға көмектеседі. Бұл имплантты қате орналастыру қаупін жойып, жұмсақ тіндерге түсетін салманы азайтады. Нәтижесінде, оталар қауіпсіз болып, олардың нәтижелері тұрақты әрі қайталанатын болады.
Пациенттер үшін қандай пайдасы бар?
Әлемдік зерттеулер көрсеткендей, бұл роботты қолдану импланттарды орнату дәлдігін арттырып, тіндердің жарақаттануын азайтады. Сондай-ақ, асқынулардың ықтималдығын төмендетіп, пациенттің одан кейінгі қалпына келуін жеделдетеді. МЦ ҚР ТЖҚ емделушілері үшін бұл одан кейінгі кезеңнің ыңғайлы өтуіне, бұрынғы белсенді өмірге тез оралуға және емдеу сапасының жоғары болуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, орталықтың травматолог-дәрігерлері тиісті дайындықтан өтіп, роботтық жүйені қолданып ота жасауға кірісті.