Photo: cottonbro studio (https://www.pexels.com/@cottonbro) / Pexels
- 09 ақп. 2026 22:00
- 33
«Мемлекеттік тілмен еш тіл тең емес, қатар ғана»: Ринат Зайытов Ата Заңға енгізілген өзгеріс туралы пікірін білдірді
Мәжіліс депутаты, ақын Ринат Зайытов қоғамда қызу талқыланып жатқан Конституцияның жаңа жобасындағы мемлекеттік тілге қатысты өзгерістерге қатысты пікірін білдірді. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ата заңның 9-бабының екінші тармағына енгізілген өзгерістерге байланысты көпшілік алаңдап, тіл жанашырларының кейбірі наразылық білдіргені белгілі. Алайда, депутат Зайытовтың айтуынша, бұл өзгерістерді жүзеге асыру үшін Мәжіліс пен Ақорда ішінде көп жұмыс атқарылған.
Тілге қатысты маңызды өзгеріс
Ринат Зайытовтың сөзінше, комиссияға бірнеше рет ұсыныс беріліп, нәтижесінде 9-баптың екінші тармағындағы өзгеріске қол жеткізілді. Жаңа нұсқада орыс тілі мемлекеттік тілмен тең емес, тек қатар қолданылатын болады. Депутат бұл жетістікті маңызды деп санайды.
«Түсінген адамға аз жеңіс емес. Шүкір! Ең бастысы, осы жетістікті жеңіске айналдыру үшін бізге салқынқандылық өте қажет. Жетістік желігуді жек көреді. Ал біз әлі көп жетістікке жетуге міндеттіміз!» – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасына.
Наполеон мен тіл туралы
Депутат өз ойын нақтылау үшін Наполеон Бонапартқа қатысты бір әңгімені мысалға келтірді. Бойы кішірек Наполеонға бір офицер киімін ілуге ұсыныс жасағанда, император: «Сен биік емессің, ұзынсың», – деп жауап берген екен.
Осы мысал арқылы Ринат Зайытов мемлекеттік тілдің ерекше мәртебесін атап өтті. «Ендеше мемлекеттік тілмен еш тіл тең емес, қатар ғана», – деп түйіндеді өз сөзін.