Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 19 минут бұрын)
Қазақстандық банктер жаңа ережелермен жұмыс істейді: биометрия, жұбайының келісімі және «салқындау кезеңі»

Еліміздегі банктер енді клиенттермен жаңаша жұмыс істейтін болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) әзірлеген жаңа ережелер жинағы банктер мен клиенттер арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгертіп, «жауапты несиелеу» ұғымын енгізеді. Сондай-ақ, алаяқтармен күрес жоспарланған.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алаяқтармен күрес: жауап алу және ақшаны ұстап қалу

Енді банктер бет әлпетті тексеруді қамтитын биометриялық аутентификациясыз онлайн несие бермейді. Бұған қоса, интернет арқылы берілетін кепілсіз несие алдында банк клиентті анкеталауы тиіс. Онда «Несие алуға кім кеңес берді?», «Қауіпсіздік қызметінен хабарласты ма?» деген сияқты сұрақтар қойылады. Жауаптар күдік тудырса, несиеден бас тартылуы мүмкін.

Егер онлайн несиенің сомасы 255 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) асса, банк ақшаны бірден емес, 24 сағаттан кейін аударады. Ал 150-ден 255 АЕК-ке дейінгі несиелер үшін, егер алаяқтық қаупі жоғары болса, кемінде 8 сағат күтуге тура келеді.

Жұбайының келісімімен ғана несие

Енді 1000 АЕК-ке (2026 жылғы есеппен 4 325 000 теңге) тең немесе одан асатын кепілсіз қарыз сомасы үшін банк міндетті түрде неке тіркелгенін тексеріп, жұбайының ресми келісімін талап етеді. Келісімді жазбаша, eGov арқылы немесе банк қосымшасы арқылы биометриямен беруге болады.

Банк сізге несие қажет емес деп шешуі мүмкін

«Қарыз алуға жарамдылықты бағалау» принципі енгізіледі. Банк тек төлем қабілетін ғана емес, өнімнің сіздің мақсатыңызға сай екенін және зиян келтірмейтінін де бағалайды. Егер клиент шарттар мен тәуекелдерді түсінбесе, несие қаржылық жағдайды нашарлатуы ықтимал болса, немесе импульсивті шешім белгілері байқалса, несие «жарамсыз» деп танылып, бас тартылады.

«Кішкентай шрифттен» және қосымша қызметтерді таңудан бас тарту

Банктерге жаза қолданылатын «әділетсіз тәжірибелер» тізімі енгізіледі. Оларға ақпаратты жасыру, яғни шарттарды түсінікті тілмен баяндамау және несие тек сақтандыру немесе басқа ақылы қызметтерді сатып алған жағдайда ғана беріледі деген талап қою жатады. Клиентке келісімшартқа қол қоймас бұрын ставка, артық төлем, мерзімдер мен тәуекелдер көрсетілген екі беттен аспайтын құжат берілуі міндетті.

Әдепті борыш жинау

Жаңа ережелер борышкерлермен жұмыс істеуді қатаң реттейді. Звоноктар мен кездесулер тек жұмыс күндері сағат 8:00-ден 21:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 9:00-ден 19:00-ге дейін (тек телефон арқылы) жүргізіледі. Аптасына 3 реттен артық қоңырау шалуға немесе баруға болмайды. Барлық әңгімелер жазылады.

Барлығына қолжетімділік

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы талаптар қарастырылған. Банктер қолжетімді қызмет көрсету арналарын, сурдоаударманы пайдалану мүмкіндігін, бейімделген банкоматтарды және сенімді тұлға арқылы қызмет алуды қамтамасыз етуі тиіс.

Жаңа ережелердің көпшілігі құжат ресми жарияланғаннан кейін күшіне енеді, бірақ жүйелерді техникалық жаңартуды талап ететін кейбір нормалар 2026 жылдың 1 шілдесінен немесе 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа беріледі.

Жаңалықтар

Жарнама