- 27 қаз. 2023 00:00
- 223
Менің губернаторда жұмысым жоқ
(II нұсқа)
Сырым батыр Руссия мен қазақ шекарасына, қазақ жеріне қала салуына қарсы болады, қалың қол жинап: «Елек суының жағасына Елек қаласын салдырмаймын», — деп, салынған үйлерді өртеп жібереді. Сондықтан Елек қаласын қазақтар «Күйік қала» деп, атап кеткен.
Текенің аузынан Мұнайлы /Қазіргі Подстепной/ салдырмаймын деп шауып алыпты. Осындай істерінен кейін Орынбордың губернаторы Сырымды шақырыпты. Сырым батыр:
— Менің губернаторда жұмысым жоқ, оның жұмысы болса, өзі келсін, — деп, жауап қайырыпты.
Губернатор Сырымға:
— Менің сізде жұмысым жоқ, сізді патша шақырады, сізді көремін, — депті. Сырым:
— Мен бара алмаймын. лауға мініп көргенім жоқ, орысша тіл білмеймін. Керек болса өзіме тең кісі жіберейін, — деп Малайсарыны жіберіпті.
Патша Малайсарыға сый-құрмет көрсетіпті. Жақсы, кең сарайларын, салтанаттарын аралатып жүріп, бір бөлмедегі бір суретті көрсетіп «мынау не» дегенде, Малайсары кідіріп қалады. Басқа бөлмедегілердің бәрін мүдірмей таныған екен. Малайсары мүдіріп қалғанда, патша: «Сырым кім баласы?» — депті. Малайсары: «Дат баласы», — депті. Сонда патша езу тартып «Адамнан туса, адам баласы болса болар» деген екен. Малайсары тани алмай қалған суреті құмырсқаның үлкейтіп салған суреті екен. Патшаның «Сырым кім баласы?» деген себебі — оны орыстардың бірқатары адамның баласы емес, Құдайдың баласы дейді екен. «Адамның баласы болса, болар» дегені, «Құдайдың баласы болмаса, оны бірдеме етерміз, түбіне жетерміз» дегені екен патшаның.
Оқуға кеңес береміз:
Жылқының торысы көп пе, төбелі көп пе? (І нұсқа)
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр