- 10 қыр. 2017 00:00
- 232
Мұсылман мемлекеттерінің жартысы сауатсыз - Түркия президенті
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның айтуынша, бүгінде мұсылман мемлекеттері білім мен ғылымға көп көңіл бөлмейді. Соның салдарынан озық ойлы ғалымдар Батысқа кетіп жатыр. Ал ақпараттық технологиялар саласындағы сауатсыздық барша мұсылман әлеміне қауіп төндіріп отыр, деп ҚазАқпарат хабарлайды.
«Кезінде Ислам әлемі білім, ғылым мен инновациялардың орталығы болды. Артынан соның барлығы екінші орынға түсіп кетті. Сол кезде тоқырау заманы басталды. Қазіргі кезде әлемдегі мұсылман халқының 55 пайызы сауатсыз. Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерде білім беру саласына жалпы ішкі өнімнің 5,2 пайызын жұмсалады. Ал мұсылман елдерінде аталған көрсеткіш 1 пайызға да жетпейді. Біздің маңдай алды ғалымдарымыз болса, Батысқа кетіп, сол жақта қызмет етіп жүр», - деп атап көрсетті Ердоған бүгін Ислам ынтымақтастығы ұйымның ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінде.
Оның айтуынша, қазіргі кезде мұсылман елдері ақпараттық технологияларды шығармайды. Алайда әрбір мемлекет ұлттық қауіпсіздігіне баса назар аударуы қажет.
Астанадағы саммитке Өзбекстан, Пәкістан, Әзербайжан, Ауғанстан, Иран, Түркия, Венесуэла, Камор аралдары, Мавритания, және басқа да мұсыламан мемлекеттерінің президенттері мен үкімет басшылары келді.
Айта кетейік, Ислам ынтымақтастығы ұйымы - 1969 жылы 25 қыркүйекте мұсылман мемлекеттері басшыларының Рабатта өткен конференциясында негізі қаланған ең ірі және ықпалды үкіметтік әрі халықаралық мұсылман ұйымы. Қазіргі уақытта ол жалпы саны шамамен 1,5 миллиард адамды қамтитын 57 елдің басын біріктіріп отыр.
ИЫҰ-ның негізгі қағидаттары мыналар: толық теңдік; әр халықтың өз тағдырын өзі шешу құқығына деген құрмет; ішкі істеріне араласпау; мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеу; ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді келіссөз, араағайындық немесе арбитраж арқылы бейбіт жолмен шешу; ұйымға мүше мемлекеттер аумақтарының тұтастығына, сонымен бірге саяси тәуелсіздігіне де қарсы күш қолданбау немесе қоқан-лоққы көрсетпеу.
Қазақстан 1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымының толық құқылы мүшесіне айналды.