Наурыз туралы аңыз
Наурыз туралы аңыз
Ерте заманда Қазақ елін әлсін - әлі жау шауып, ел бірде олай, бірде бұлай ауып, мал жаны қырылып, ел басына ауыр күн туыпты, сондай қилы да қасіретті жылдың бірінде Наурыз деген қария өзіне қарасты елін бастап елге қамал, малға жайлы бір қоныс қопалы аймақты қыстапты. Құдай оңдап, сол жылы азаматтары шабуыл жасаған жауды жеңіп, малжандары қыстан аман есен шығып, ел - жұрт мәре сәре болыпты.
Наурыз қарт үлкен есепші, астроном екен, ол күн мен түннің теңелген, жер бетінің бусанған дәл 22 - наурыз күні ерте тұрып ел аралап «Бүгін ұлыстың басталар күні, күнмен түннің теңелген, бота боздап, қой қоздайтын қасиетті күн, Жан - жануар, өсімдіктердің өсіп өнетін, жер анадан қуат алып, ерекше күйге енетін күн, Сондықтан барлық үй той жасаңдар! Бұдан былайғы атар таң – көрер жылдарымыз бүгінгідей қуаныш мерекемен басталар болсын! Ұрпақтарымыздың көңілін қайғы – қасірет торламасын!»,- деп әмір етіпті.
Сонда қарияға кемпірі күліп: ау, шал! Еліңде арықшылық уақытта той жаса дедің, қысылып әрең шыққан жұрт тойды несімен жасайды?,- депті.
Оған қарт күліп: тойдың қызығы байлық пен қарын тойдыруда емес, қайта көңіл көтеріп, рухани азық алуда, көппен бірге көңілді отырып ішкен бір ұрттам қара су мен бір аяқ көженің нарқы есерлікпен өткен 40 күндік сауық пен 40жыл жинаған байлықтан артық, ал енді кемпір отырмай сенде қабыңның түбін қақ,- депті. Қаптан бір кәрі жілік пен бірнеше кесек ет шығыпты.
Оны көрген қарт кемпіріне мақтанып! «жарайсың, кемпірім! Тұп - тура бір тойдың етін сақтапсың, дереу қазанға сал: қазанның құлағына төрт жапырақ май қой, оның біреуін пысқанда өзің же, біреуін үлкен балаңа бер, біреуін күйеу балаңа бер, біреуін немереңе бер, кәрі жілікті қарияларға тарт қалған еттерді турап көжеге салып жібер және көжеге арпа, бидай, тұз, құрт(айран, қатық ) сияқты жеті түрлі дәм қосылсын. кәрі жілік бабалар дәстүрінің жалғасы, дән өсіп өркендеудің белгісі болсын, су мен тұз ұрпақтарымыздың дәм тұзы жарасып мәңгі тату – тәтті өтуіне дәнекер болсын, айран, қатық айрандай ұйып, басымыздың өмірлік бір болып ақ көңіл адал ниетте болатындығымыздың куәсі болсын, Ал қазан құлағына қойып пісірілген төрт жапырақ май, төрт түлігіміз сай, бай - бақытты тұрмыс кешіруіміздің өмірлік бастамасы болсын, бүгінгі осы тағамнан дәм татқан үлкен - кіші, кәрі - жасқа түгел бір – бір жас қосып, осы той әр жылы дәл осы күні әрбір отбасы міндетті түрде өткізіліп отырсын!», деген екен.
Сөйтіп Наурыз қарттың елі қап түбінде қалған еттерін түгел қазанға салып ұлан асыр той жасап, жадап жүрген көңілдерің көтеріпті. Ел қарияға алғысын жаудырып, той қызығын әлде неше күнге жалғастырыпты.
Әне - міне дегенше жаз шығып, күз келіп, көзді ашып – жұмғанша қыста өтіп, тағы да көктем келіпті. Ел Наурыз қарияның ұйғарымы бойынша, көктем тойына ерекше әзірленіпті. Қария бұл рет жан - жаққа ат шаптырып, тойға маңайдағы алыс - жақын елдің бәрін шақырыпты. Тойға шақырушының бірі Алаша ханға барып «тақсыр, сізді ауылымызда өтетін тойға шақырып келдім»,- депті, Хан одан: «ау, бұл қай уақытта жасалған той, той деген жаз бен күзде жасалынбаушы ма еді? Ол кімнің тойы»,- деп таңдана сұрапты, тойға шақырған жігіт не дерін білмей сасқалақтап: «
Наурыз деген қарияның тойы, наурыздың тойы»,- деген екен.
Сол күні ауа райы аса жайлы болса керек, хан шапанын жамылып далаға шыққан екен, төбесінен қиқулап қаздар ұшып өтіпті, көзіне дала төсінде тебіндеп келе жатқан жасыл өркендер шоқтай басылыпты. Сонда хан көкірегін кере дем алып «бұл бір өміршең өлмес той болып, ғасырдан - ғасырға жалғасқалы тұр екен»,- деп сүйіне тіл қатыпты, сүйтіп, сол той «Наурыз тойы» жеті дәмді біріктіріп жасаған көже «Наурыз көже» той өткен ай «Наурыз айы» аталып кетіпті.
Алматы обылысы, Сарқан ауданы,
Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің
биология, өзін өзі тану пәні мұғалімі
Абдраманхан Ербол
Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің
биология, өзін өзі тану пәні мұғалімі
Абдраманхан Ербол