Қазанға бағышталған қонақасы
Бірінші мейман:
— О, әпенді, жоғары шығыңыз, төрлетіңіз, мұнда келіңіз! Сіздей журналистерге төріміз әрқашан әзір. Ал, әлгі...
Екінші мейман:
— Жақсы келдіңіз, мырза, мен сізді шын жүректен құттықтаймын!
Үшінші мейман:
— Пейіліңізге ризамын, бірақ, мені немен, не үшін құттықтайтыныңызды түсінбей тұрғаным...
Екінші мейман:
— Жаңа қазаныңыз құтты болсын!
— Е-е-е, иә, иә, қазан деңіз. Бұл дүниеде, мырзалар, қазансыз береке жоқ. Қазан — тіршіліктің көзі!
— Ал, буфетке жүріңіздер!.. Әй, шарапты құя бер, тез. Губернатор мырза келем деп еді, қазір келіп те қалар...
Төртінші мейман:
— Мен осы... Сізді бір жерден көрген сияқтымын..
Бесінші мейман:
— Мен де сізді көрген сияқтымын. Пішініңіз таныс. Сіз әлгі қасапханаға жаңа қақпа орнатылғандағы салтанатты жиынға қатыстыңыз ба?
— Жоқ, қатыса алмадым. Соған әлі күнге дейін өкініп жүрмін. Бұл салтанатты жиын дегендерің өзі бір күнде, бір мезгілде өткізілетін болып кетті ғой, қайсысына барып үлгірерсің! Сіз айтып отырған күні мен шыны заводының қосымша тұрбасы салынып бітуіне арналған тойда болғанмын.
— Ал, ол тойға мен бара алмадым. Бір құстың керемет тәтті еті болды деп жолдастарым айтып келді-ау, шіркін, соны естігеннен бері аузымның суы құрып жүр. Сіз рас айтасыз, мырза, қазір қонақасыларға барып үлгіру қиын боп кетті.
— Е, есіме жаңа түсті! Мен сізді әлгі Жапониядан сатып әкелінген кемені суға түсіретін күнгі тойда көрген екенмін!
— О, ол тойда болдым, болдым. Иә, иә, менің де есіме жаңа түсті! Сіз сонда торттан басқа ештеңе жемей отырдыңыз-ау, мырза, ә?
— Оныңыз рас, мырза. Соның алдындағы қонақасыда тым қарбытып жіберсем керек, әйтеуір, албасты басып, етке қарай алмай қалдым...
Бірінші мейман:
— Мына бүгінгі орнатып жатқандары нендей қазан екен?
Екінші мейман:
— Кім білсін. Кәдімгі қазан да. Әйтеуір, кір қайнататын қазан емес шығар...
— Ac тәтті болсын, мырза! Уһ, менің асқазаныма бір пәле жабыса бастады-ау деймін, ішкен асым батпайтын болып жүр.
— Уайымдамаңыз, әпенді, менде де сондай бір сырқат бар. Өзі соңғы кезде асқазаны ауыратындар көбейе бастады, тек індетке айналып кетпесе жарар еді. Айтпақшы, менде сода бар. Ішесіз бе? Бір шымшым берейін, сумен ішіп жіберіңіз.
— Көп рақмет.. Мен де бұдан былай сода ала жүрермін-ау... Уһ...
— Иә, қалай, шипа болды ма?
— Шипа болғанда қандай! Мына қуырдақ күркетауықтың етінен қуырылған-ау, ә?.. Тәтті екен, алыңыз, мырза, алыңыз.
— Рақмет, өзіңіз де жей отырыңыз, маған еті майлы мына самса ұнап қалды.
— Сіз анау отырған месқарынды танисыз ба, кім өзі?
— Қайсысы? Шарапты суша сіміріп отырған ба?
— Жоқ, ол емес.
— Банан күйсеп отырған ба?
— Жоқ, соның жанындағы.
— Суық етті көмейлеп отырған ба?
— Жо-ға. Соған қарай төңкеріліп жатқанды айтам.
— Ә, жоқ, оны танымаймын. Сан рет табақтас болдым, бірақ, танысқан емеспін. Өзінің тамақ ішісі жақсы, айызыңды қандырады.
Бірінші мейман:
— Құдай біледі деп айтайын, мырза, егер осы қонақасылар болмады бар ғой, біз бүйтіп таныса да алмас едік. Баяғыда, бала кезімде, әкем жарықтық мені жетектеп алып, екеуіміз күнде дәруіштердің үйіне баратынбыз. Дүйсенбіде Үшкідардағы, сейсенбіде — Қасым паша ауылындағы, сәрсенбіде — Шіріккөлдегі, жұмада — Мәуліқаптағы дәруіштерге баратынбыз. Сөйтіп, не керек, құдайдың құтты күнін құр жібермеуші едік.
— Біз де сөйтетінбіз. Неше түрлі самсаларды жедік қой, шіркін!
— Олардың тамақтарының бәрі тәтті еді ғой. Табақ-табағымен тартатын. Біз, әйтеуір, соның бәрін тауысып кететінбіз.
— Е, оң қабақпен берген тамақ сіңімді емес пе?
— Оныңыз рас. Сіз бауыр жемейсіз бе?
— Мен мына қуырдақты ұнатып отырмын. Әрі ұсақ туралыпты, әрі керемет дәмді екен!
— Айтпақшы, әпендім, мыналардың заводы немене шығарады өзі?
— Кім білсін... машиналарының көптігіне қарағанда, сірә, машина шығаратын шығар.
— Әйтеуір, үлкен-ақ!
— Е, әпенді-ай, бұл өндіріс дегенің күн сайын құбылады ғой! Ішіне жеміс салып пісірілген мына бір балықты жеп көріңізші, ғажап-ақ, шіркін, ғажап-ақ!
— Жуырда бір газеттер әлгі Америка бізге атом агрегатын беретін болыпты деп жазып еді, осы мына заводтары сол атомға қатысы бар пәле боп жүрмесін...
— Болса болар... «Қазан-мазан» деп шулаулары кәдік.
— Салтанаттары қашан басталар екен?
— Губернатор мырзаны тосып отырған көрінеді.
— Ал, заводтың иесі кім екен?
— Американдардың біреуі шығар.
— Олай болмас. Американдар мынадай ағыл-тегіл той жасай қоймайды. Завод біздікі екені біздікі, бірақ монополия басқармасына қарай ма, әлде, су шаруашылығы басқармасына қарай ма — соны білу керек.
— Су шаруашылығының бұған қандай қатысы бар? Бұл завод, немене, сапырып су шығарады деймісің?!
— Сонда бұл не жасамақшы?
— Қазан жасайды деседі.
— Олай болса, бұл монополия басқармасына қарайды. Сірә, араң қайнататын қазан жасайтын шығар... Мен анау бір мырзаны да осындай қонақасыларда жиі көріп жүрмін.
— Ал, сонау стол басында, ортада отырғандар кім?
— Салтанатқа шақырылған депутаттар. Сіз ертең әлгі... ненің... ұмыта қалғанымды қараңызшы... әлгі... ненің қонақасысына барасыз ба?
— Әлбетте, әлбетте... Бармай қою ыңғайсыз болады. Мына бадамдары дәмсіз екен, жеп көрдіңіз бе?
— Халайық! — деді әлдекім.— Біздің еліміздің ілгері басуы мынау заводтарға байланысты, ендеше...
— Ендеше,— деді екінші біреу, оның сөзін бөліп,— күн сайын бір завод ашылып тұрсын де... Шіркін, майға қуырылған мына шаяндардың тәттісі-ай! Жесеңдерші!
— Тәтті деп кешегі қонақасыдағы шаянды айт. Сен оны жеген болсаң, шырағым, тіліңді қоса жұтып қояр едің! Мынау кімнің бал асы? Әй, балақай, саған не керек? Алма ма? Алмұрт па? Самса ма? Мә, ал, ал, айналайын, ал!..
— Тынышталыңыздар! Мырза келді!
— Ол кім!?
— Фабриканың иесі-ау деймін. Әлде министрдің өзі ме екен? Әлде басқармадан келген ұлық па? Айтпақшы, құрметті әпендім, осы екеуіміз қонақасыларда кездесіп жүргелі не заман... ыңғайсыз екен... айыпқа бұйырмаңыз, аты-жөніңіз қалай?
— Менің аты-жөнім бе? Мен... тс-с-с! Жаңағы мырза сөйлей бастады, әуелі сөз тыңдалық!..
— Қадірлі мейман мырзалар! Сіздерді біздің мына Тезгяхтараг электр станциямызға төртінші қазанның орнатылуымен қызу құттықтаймын! Бүгінгі салтанатымыз осы қымбатты қазанға бағышталып отыр. Біз бұл қазанды тек өз күшімізбен орнаттың. Америкадан ешқандай көмек алмай-ақ орнаттық. Венгрияның футбол командасын 3:1 есебімен жеңген жігеріміз, табандылығымыз, қайрат-қуатымыз, ынта-жігеріміз, міне, бүгін кәдеге мықтап жарады. Қазанды пештің тұп-тура ортасына қондыра қою үшін біз Америкадан бар-жоғы үш техник, екі инженер, төрт мастер ғана шақырттық. Сырттан бұдан басқа көмек қажет болмады да, біз бұл қазанды тек өз күшімізбен орнаттық. Рас, қазандағы су күні бойы қайнамай қойған соң, оның себебін іздеп бірнеше күн әуре болдың. Ақырында қазанның пештен небәрі алты метр алыс орнатылғанын есептеп шығардық. Бір орнап қалған қазанды қайта көтеріп көшіру тиімсіз екенін өздерінің тәжірибелерінен білетін техниктер оның астына сол тұрған жерінде жаңадан пеш салды. Біздің бұл қазанымыз — мынау Таяу Шығыстағы ғана емес, бүкіл Балқандағы ең үлкен қазан. Және, естеріңізде болсын, қалайы жалатылған мыс қазан. Екі жері ғана тесілген екен, біз оны тек өз күшімізбен жамап-жасқап, мақтамен, кендірмен бітеп-тығындап, қара маймен майлап, жып-жылмағай етіп қойдық. Бұл жолы да американ ағайындарымыздың ешқандай көмегі қажет болмады. Егер қазанның жамалған тесіктерінен жазатайым су аға қалса, ол астындағы отты бәрібір өшіре алмайды. Теркос көлі суалып қалып, бұл төңіректің талайдан бері сусыз отырғанын көрдіңдер ме, әйтпесе, біз әлгі екі тесіктен аққан судың астындағы отты өшіре алмайтынын өздеріңе дәл қазір, осы жерде көзбе-көз дәлелдеп берген болар едік!
Біздің бұл әйгілі қазанымызды баяғыда Қабақшы Мұстафа көтерілісі кезінде янычарлар пайдаланған болатын. Содан кейін мұны Қырықаяқ Халил пашаның бас уәзірі үйіне апарып, патшаға тамақ пісіріп беріп жүрген. Одан бертінде бұл өздігінен жүретін баржада бу қазаны болды. Ол жылдары мұның құлағы тоғыз еді, біз оныншы құлақты ойлап шығардық та, міне, бүгін өзіміздің электр станциямызға әкеліп орнатып отырмыз. Бұл қазанның...
Бірінші мейман:
— Бұл қазанның жыры бітетін емес. Мен кетемін! Екінші мейман:
— Мен де кетемін... Ертең әлгі ненің... анау... әлгі немененің қонақасысында кездесерміз.
— Әлбетте, кездесеміз. Хош болыңыз!
— Жолыңыз болсын!
***
...бұл қазанның...
(Қазанға бағышталған қонақасыдағы сөз әлі күнге аяқталған жоқ).
Орысшадан аударған Ғаббас Қабышев