Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазақ білімінің қара шаңырағы - ҚазҰУ

Менің университетім-менің мақтанышым! Санжылдық тарихы бар, халқымыздың қастерлі тұлғалары білім алған қасиетті қарашаңырақ - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің студенті атануым мен үшін зор жетістік әрі үлкен абырой болды. Бұл оқу орнына түсуді оқушы күнімнен армандаған едім. Сол себепті де өзім білім алып жатқан осынау құтты мекен жайында қысқаша айтып өтуді жөн көрдім. 

Мен сияқты мыңдаған жастардың арманына айналған бұл оқу орны - бүгінгі таңда Қазақстандағы ғана емес, сонымен бірге, Орталық Азиядағы жетекші университеттердің бірі де бірегейі. Қазақ Ұлттық Университеті- республикадағы барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі және білікті мамандар мен білімді студенттердің ордасы. 1934 жылы іргесі қаланған білім ордасы күннен- күнге әлемдік білім беру жүйесінде өзіндік орнын айқындап келеді. Оның дәлелі ретінде, белгілі QS World University Ranking халықаралық рейтинг агенттігінің 2017 жылы жариялаған зерттеу қорытындысына сәйкес, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті әлемдегі үздік 800 университет арасында 236-орынды иемденіп, ең үздік 250 университет қатарынан тағы да көрінді.Жалпы даму бағыты халықаралық білім беру стандарты бойынша қабылданған университет білікті мамандарды даярлауға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған кең көлемдегі ғылым, білім, рухани-тәрбиелілік, инновациялық және өндіруші негізіне ие. Бұл оқу орны ертеңгі ел тірегі жас ұрпақты майталман маман ретінде ғана емес, қоғамда өзіндік орнын таба білетін саналы азамат етіп қалыптастыруда да айрықша рөл атқарып отыр. Университетте жастардың жарқын болашағы үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, еліміздегі ең ірі кітапханалардың бірі- Әл-Фараби кітапханасы, Интернет орталығы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Магнум дүкені,Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы – бәрі де білім алушы студенттердің игілігі үшін ерекше орындар болып саналады. Сонымен бірге, университет құрамында 20 ғылыми-зерттеу институты, 14 факультеттің құрамындағы 98 кафедра және Технопарк жұмыс істейді. Осының бәрі оқу ордасының мерейін одан әрі асқақтата түсетіні сөзсіз.Бір сөзбен айтқанда, осында білім алып жатқан барша жастардың жарқын болашағына жол сілтеген ҚазҰУ-дың студенті екенімді айрықша мақтан тұтамын. Бұл мақтанышымды әрі оған деген құрметімді өзімнің шағын ғана өлең шумақтарыммен жеткізсем деймін.

Құт мекен жалындаған жастар үшін,
Білім менен ғылымның асқарысың
Жол салған алыстағы армандарға
Сен менің бақытымның бастауысың!

Ұяңнан ұшырдың ғой сан дараны
Өзіңсің талайлардың арман-әні
Қазақтың қасиетті шаңырағы
Әлемге кетер атың самғап əлі!

ҚазҰУ химия және химиялық технологиялар факультетінің 1 курс студенті: Кожабаева Айсулу 

Жетекші:Аға оқытушы Қайрақбаева Г.С.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама