Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Қазақстан әуежайлары АҚШ-тан асып түсті: Түркістан мен Шымкенттің әуежайлары басшыны таң қалдырды

Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің (ҚАӘ) жаңа бас директоры Майкл Дэниел еліміздің әуежайларына жасаған сапарынан алған әсерлерімен бөлісті. Ол кейбір әуежайларды АҚШ-тағымен салыстырып, Қазақстанның басымдығын атап өтті.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әуежайлардың жай-күйі

ҚАӘ мәліметінше, Қазақстанда 104 әуе кемесінің эксплуатанты жұмыс істейді. Елде 973 әуе кемесі тіркелген. Сондай-ақ, 25 әуежай, 28 әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету және жөндеу ұйымы, 21 авиациялық оқу орталығы сертификатталған.

АҚШ-тан артықшылығы

«Жеке тәжірибемді бөліскім келеді. Түркістан мен Шымкент әуежайларына барғанда жолаушыларға көрсетілетін қызметтің сапасы мені қатты таң қалдырды. Менің ойымша, бұл екі әуежай да Америка Құрама Штаттарындағы осындай көлемдегі әуежайлардың стандарттарына сай немесе олардан асып түседі», - деді Майкл Дэниел үкімет отырысында.

Әуежай маңындағы проблемалар

Бас директор қазақстандық әуежайларда әлі де бар кейбір проблемаларды да атап өтті. Соның бірі – әуежай маңындағы қоқыс полигондары.

«Атырау, Семей, Өскемен, Көкшетау, Балқаш және Үржар әуежайларының маңында орналасқан қоқыс полигондары әуе кемелерінің құстармен соқтығысу қаупін арттырады және авиакомпаниялар үшін пайдалану шектеулерін тудырады. 2025 жылы әуе кемелерінің құстармен 280 рет соқтығысуы тіркелсе, биылғы бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 33-ке жетті», - деді ҚАӘ басшысы.

Оның айтуынша, Атырау әуежайы маңындағы қоқыс полигоны құстарды тартады және ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

«Екінші мәселе – әуежайлар ауданындағы кедергілердің көбеюі және жерді мақсатсыз пайдалану. Алматы әуежайының маңайындағы аумақта 160-қа жуық кедергі анықталса, Шымкент әуежайы ауданында 150-ден астам кедергі бар», - деп қосты Дэниел.

Шешім жолдары

Бұл проблемаларды шешу үшін ҚАӘ әуежай маңындағы аумақтарды аймақтау жоспарларын әзірлеп, әкімдіктерге жолдаған. Алайда, көп жағдайда бұл жоспарлар елді мекендерді дамытудың бас жоспарларына енгізілмеген, бұл әуежайлар маңында жаңа нысандар мен кедергілердің пайда болуына себеп болып отыр.

«Әкімдіктермен өзара іс-қимылды күшейту қажет, бұл өз кезегінде ұшу қауіпсіздігін және әуежайлардың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды шарты болып қала береді», - деп мәлімдеді Майкл Дэниел.

Тексерулер мен шаралар

Авиация әкімшілігі басшысының айтуынша, 2025 жылы және 2026 жылдың бірінші тоқсанында олар азаматтық авиация саласы субъектілеріне 1 202 тексеру жүргізген. 7 авиакомпанияға қатысты эксплуатант сертификаттарын тоқтата тұру немесе кері қайтарып алу шаралары қолданылған. Сондай-ақ, 4 авиациялық оқу орталығының қызметі мен 2 әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету және жөндеу ұйымының сертификаттарының қолданысы тоқтатылған. Бұған қоса, 8 аэродромға қатысты 15 шектеу енгізілген.

Еске сала кетейік, Майкл Дэниелді Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің басшысы қылып биыл 4 мамырда тағайындаған болатын. Ол авиация саласында арнайы білімі бар, Эмбри-Риддл атындағы Аэроғарыш университетін (АҚШ) «аэронавтика» мамандығы бойынша бітірген. Оның азаматтық авиация саласында 40 жылдан астам тәжірибесі бар. Азаматтық авиация комитеті хабарлағандай, жаңа басшының негізгі міндеттерінің бірі Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашу болмақ.

Жаңалықтар

Жарнама