Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 47 минут бұрын)
Сұлтан Сәрсемәлиевтің Балиге қалай қашып кеткені анықталды

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Мұқанғалиевтер отбасының бірнеше мүшесін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесінде тың деректер айтылды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті қылмыстан кейін марқұмдардың мүлкін иемденіп, сол қаржыға шетелге қашқан. Іс құжаттарында жоғалған отбасы мүшелерінің балалары біраз уақыт Сұлтан Сәрсемәлиевтің анасының қарауында болғаны да көрсетілген.

Шетелге қашу жоспары

Құқық қорғау органдары іздестіру жұмыстарын бастағанын түсінген күдікті Атыраудан шұғыл кетуге шешім қабылдаған. Тергеу мәліметінше, онымен бірге Ақбаян Мұқанғалиева да елден кеткен. Айыптау актісінде Сәрсемәлиевтің оны Қазақстанда қалдыру қауіпті деп санағаны айтылған.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 9 желтоқсанында Сәрсемәлиев пен Мұқанғалиева «Қапланбек» өткізу бекеті арқылы Өзбекстанға өткен. Одан әрі Ташкент – Куала-Лумпур – Бали бағытымен ұшып, Индонезияның Бали аралына жеткен.

Балидегі ұсталу

Олар Индонезияда екі айдан астам уақыт бойы жасырынып жүрген. Алайда 2026 жылдың 24 ақпанында Индонезияның көші-қон қызметі визалық режимді бұзғаны үшін екеуін де ұстаған. Кейін күдіктілер Қазақстанға депортацияланған.

Тергеу барысында 2026 жылдың 9 наурызында Сұлтан Сәрсемәлиевтің қатысуымен жүргізілген тексеру кезінде Мұнайшы ықшамауданындағы үй ауласынан Мұқанғалиева мен Қарабалиннің жерленген мәйіттері табылған.

Айта кетейік, төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты алдын ала сот тыңдауы 18 мамырда басталды. Сот барысында ол өз кінәсін мойындап, өлім жазасына да дайын екенін мәлімдеген.

Жаңалықтар

Жарнама