tengrinews.kz
- 08 мау. 2026 10:00
- 29
Қазақстан мен Украина полицейлері Киевте есірткі сатушыларды тартумен айналысқан call-орталықтар желісін әшкереледі
Киевте Қазақстан мен Украинаның құқық қорғау органдары есірткі сатушыларды тартумен айналысқан call-орталықтар желісін жойды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бірлескен жедел-тергеу іс-шаралары барысында екі елдің прокуратураларымен өзара іс-қимыл арқылы Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Украинаның Ұлттық полициясы транснационалдық қылмыстық топтарды пайдаланған call-орталықтардың ұйымдастырушылары мен қатысушыларын анықтады.
Есірткі бизнесіне жастарды тартқан
«28 мамырда Киев қаласында Еуропа мен ТМД елдерінде синтетикалық есірткі өндіру және сатумен айналысатын транснационалдық қылмыстық ұйымдардың біріне бағынышты call-орталықтардың қызметі тоқтатылды», - деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Оның айтуынша, call-орталықтар арқылы Қазақстан аумағында есірткіні таратушы (закладчик) және буып-түюші ретінде жұмыс істеуге азаматтарды тартқан.
Ұсталғандар мен тәркіленген заттар
«Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 11 адам ұсталды. Қылмыстық схеманың әрбір қатысушысының, соның ішінде ұйымдастырушылардың, аға операторлардың және тікелей адам тартумен айналысқан кеңсе қызметкерлерінің рөлдері анықталды», - деді Әбдікенов.
Полицейлер тоғыз мекенжай бойынша тінту жүргізіп, шамамен 40 мың АҚШ доллары мен 10 мың еуро, Range Rover автокөлігі, 18 ұялы телефон, 12 ноутбук пен планшет тәркіледі.
«Қазіргі уақытта тәркіленген компьютерлік техникалардан ақпаратты шығару және талдау жұмыстары жүргізілуде, қылмыстық әрекеттерді ұйымдастырушылардың аккаунттары анықталуда, сондай-ақ қаржылық тергеу де жүріп жатыр», - деп хабарлады Елдар Әбдікенов.
Ішкі істер министрлігі бұл call-орталықтардың жойылуы Қазақстан азаматтарының есірткі айналымына қатысты қылмыстық әрекеттерге тартылуын айтарлықтай азайтатынын және халықаралық есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды анықтап, жауапқа тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.