Қазақстандағы ең жақсы жүзім сорттарының сипаттамасы
Жүзімнің қазіргі қолданылып жүрген, аудандастырылған сорттары ұсынылады.
Алматы облысы үшін. Тағамдық сорттары: Мускат Венгерский, Кульджинский, Шасла белая, Шасла розовая, Кишмиш черный, Чарас, Хусайне, Нимранг, Мадлен Анжевин, Чуаш, тағы басқа сорттардың шамалы проценті. Шараптық сорттар: Пино (фран, гри), Рислинг, Кульджинский, Серексия, Алиготе, Каберне, Саперави, Ркацители, Сильванер.
Талдықорған облысы үшін. Тағамдық сорттар: Мускат Венгерский, Кульджинский, Шасла белая, Шасла розовая, Мадлен Анжевин, Чиляки және басқа сорттардың шамалы проценті. Шараптық сорттар: Пино (фран, гри), Рислинг, Кульджинский, Алиготе, Каберне, Саперави, Ркацители, Мускат розовый, Рундвейс, Мускат венгерский.
Жамбыл облысы үшін. Тағамдық сорттар: Мускат венгерский, Шасла белая, Шасла розовая, Нимранг, Мадлен Анжевин, Мускат Александрийский, Катта-Курган, Хусайне; шараптық сорттар; Рислинг, Алиготе, Каберне, Саперави, Ркацители, Марастель, Алеатико, Матраса.
Түркістан облысы үшін. Тағамдық сорттар: Мускат Венгерский, Шасла белая, Шасла розовая, Кишмиш черный, Нимранг, Мадлен Анжевии, Мускат александрийский, Катта-Курган, Хусайне, Паркентский, Султани; шараптық сорттар: Пино (фран, гри), Рислинг, Серексия, Алиготе, Каберне, Саперави, Рундвейс, Мускат венгерский, Морастель, Алеатико.
Қызылорда және Атырау облыстары үшін. Тағамдық сорттар: Шасла белая, Шасла розовая, Мускат венгерский, Мадлен Анжевин, Чиляки, Жемчуг Саба, Астраханский скороспелый және Астраханьский толостокорый.
Алма-Атинский ранний жүзімі. Өте ерте пісетін асханалық сорт. Бұтасының өсуі оргаша, сондықтан оны қатарга бір-бірінен 1,5-1,6 м етіп отырғызуға болады. Жүзімдері орташа, домалақ; ақшыл-көк, күн жақ беті алтын сары. Дәмі өте жақсы, мускат жұпары аңқып тұрады. Қант көп жиналады, жүзімі тәтті болады.
Түсімі жақсы. Суарғанды жақсы көреді, ылғал жетіспесе өнімі кемиді. Алматы облысының тау етегіндегі аймағында, өсу дәуірінде екі-үш рет суаруды керек етеді.
Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Орал облысында, Семей облысының Ұржар ауданнында, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан төңірегінде сынап көру үшін ұсынылады.
Жемчуг Саба. Өте ерте пісетін асханалық сорт. Бұтасы орташа өседі, сондықтан оның қатардағы арасын 1,5-1,6 м етіп отырғызуға болады. Өнімі жақсы. Сорттың суыққа төзімділігі орташа.
Алматы, Жамбыл облыстарында және Түркістан облысының тау етегіндегі аймағында аудандастырылған. Солтүстіктегі жүзім өсіретін аудандарда кеңінен таратуға лайық.
Кишмиш черный жүзімі. Пісу мерзімі ерте — орташа, асханалық, ұрықсыз сорт. Жылыны жақсы көреді.
Бұтасы күшті өседі. Жүзімі орташа, сопақ, түсі қара-көк, дәні жақсы. Кепітіру үшін де пайдаланылады. Түркістан облысының оңтүстік аймағында, Алматы облысының шаруашылықтарының Шелек ауданында жақсы өнім береді. Суыққа төзімділігі онша емес, сондықтан қысқа қарай қар қалың түсетін жерлерде ғана өсімдік материалымен жабуға болады. Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының негізгі аймақтарында аудандастырылған.
Кульджинский жүзімі. Пісу мерзімі орташа — кештеу, универсалды шараптық және асханалық жүзім. Бұталары күшті өседі. Жүзімі орташа, түсі қызғылт. Дәмі жақсы. Сорттың шығымдылығы жоғары, бұтасының көлемін ұлғайтса өнімділігі арта түседі. Қуаңшылыққа біршама төзімді, басқа сорттардан гөрі аз суарғанның өзінде жақсы өсіп, мол жеміс бере алады.
Алматы облысының оңтүстік-шығыс аймағы мен Түркістан облысының орталық аймағында аудандастырылған.
Мадлен Анжевин жүзімі. Өте ерте пісетін асханалық сорт. Тек жергілікті жерде тұтыну үшін ғана пайдаланылады, жүзімі тасуға жарамайды. Қала іргесіндегі шаруашылықтардың қала халқын жас жүзіммен жабдықтау үшін, сондай-ақ дачада, үй іргесіндегі учаскелерде өсіруге болады.
Бұтасы күшті өседі. Жүзімнің ірілі орташа, көкшілдеу-ақ, қабығы жұқа, оңай жарылады. Еті сулы.
Ерекшелігі жас бұтақтары тез жетіледі, суыққа төзімді. Жақсы жауып отырса оны Қазақстанның жүзім өсіретін солтүстік аудандарында және Бақанаста, Зайсанда, Үржарда өсіруге болады. Республиканың тау етегіндегі аудандары мен солтүстігінде аудандастырылған.
Черный сладкий жүзімі. Орташа, кеш пісетін шараптық сорт. Бұталары орташа және күшті өседі. Жүзімнің ірілігі орташа, домалақ, қара-көк (қара десе де болады).
Ерекшелігі: жемісті тым ерте, отырғызылғаннан соң екінші жылы салады, үнемі мол өнім береді. Суыққа аса төзімді. Қар үнемі қалың түсетін аудандарда жерге жабыстыра жатқызып, жаппай-ақ қыстатуға болады.
Қызылорда, Түркістан облыстарының оңтүстік аймақтарында, Алматы облысының оңтүстік-шығыс аймағында аудандастырылған.
Мускат александрийский жүзімі. Кеш пісетін асханалық сорт. Ең көп өнім Мырзашөлде алынды. Демек, бұл сорт ыстықты жақсы көреді, ыстық жерде жақсы өнім береді.
Бұталары күшті өседі. Дәмінде аса күшті мускат жұпары бар. Пісетін кезде ауа райы құрғақ болса бұтағында ұзақ сақталады, ал жауын-шашын болса, жүзімдері жарылып, шіри бастайды. Жүзімдері ұзақ сақтауға жарамды.
Түркістан облысының оңтүстік және Қаратау іргесіндегі аймақтарында, Қызылорда облысының оңтүстік аймағында аудандастырылған. Қызылорда облысының оңтустігінде кеңінен таратуға болады, ол жерде өнімді мол береді.
Мускат венгерский жүзімі. Пісу мерзімі ертелеу-ортаға жататын асханалық және шараптық универсалды сорт. Барлық жерде жақсы, тұрақты өнім береді.
Жүзім бұтағы мейлінше күшті өседі. Жүзімдері орташа және әжептәуір ірі, қою-қошқыл, сәл бозғылт табы, балауыз бозамығы бар. Дәмі өте сүйкімді, мускат жұпары аңқып тұрады. Жүзімдері етті келеді.
Көлеңкені жаратпайды, майда жүзімдері көбейіп кетеді. Суыққа төзімділігі онша емес.
Жүзім пісер кезінде суармаған дұрыс, себебі жүзімдері шытынап жарылып, шіріп кетеді. Бұл сортты тасуға, сақтауға жарамдылығы төмен. Негізінен жергілікті жердің өзінде пайдаланылады.
Республиканың жұзім шаруашылығы бар барлық аймақтарында аудандастырылған.
Ранний Кибрайский жүзімі. Ерте пісетін жаңа сорт. Өскен жерінде және басқа жаққа апарып жас күйінде тұтыну үшін пайдаланады.
Бұтасының өсуі орташа. Жүзімдерінің ірілігі орташа, сопақтау түсі қара-көк. Қабығы мықты, бірақ жегенде білінбейді. Дәмі сүйкімді, жағымды. Өнімі жақсы.
Бұл сорттың ерекшелігі: жүзімнің дәмдік сапасын жоғалтпастан сабағында ұзақ тұра береді, жүзімдері транспортпен тасуға жарамды. Бұтаны тығыздап жіберетін жас сабақтар көп шығады, сондықтан уақтылы шырпып, өгей сабақтарын қырқып отыру керек.
Республиканың жүзіммен айналысатын барлық аудандарында өсіруге болады.
Рислинг жүзімі. Орташа-кештеу пісетін, сапасы жоғары шараптық сорт, Қазақстанда көп таралған.
Бұтасының өсуі орташа. Жүзімдері майда, ақшыл-жасыл, қара нүктелері бар. Шығымдылығы жақсы. Пісер кезде ылғал жетіспесе жүзімнің сапасы күрт нашарлап, қант жиналуы кемиді.
Суыққа өте төзімді. Қар қалың түсетін аудандарда жерге жақсылап жатқызса, жаппай-ақ қардың астында қыстап шығады. Жартымды қар түспейтін, жерге тоң қалың қататын аудандарда қысқа қарай бұталарын жабу керек, қысқа қарай қамыс бойрамен жапса жақсы қыстайды.
Шампан және асхана шарабы жасалатын барлық аймақтарда аудандастырылған.
Ркацители жүзімі. Кеш пісетін, сапасы жоғары универсалды шараптық сорт. Бұталарының өсуі орташа. Сорттың ерекшелігі: түп-түзу тұратын бір жылдық сабақтарының түсі қошқыл қызыл болады. Жүзімдерінің ірілігі орташа, көкшілдеу-ақ, күн жағы сарғыш, қоңырқай тартқан. Суыққа мейлінше төзімді. Қар тұрақты түсетін аудандарда жерге жабыстырып, қардың астында жаппай-ақ қыстатуға болады. Ылғалды жақсы көреді, жүзімдері мол ылғалды жақсы көтереді, тіпті пісер кезінде суарғанның өзінде шытынап жарылмайды.
Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының барлық аймақтарында аудандастырылған. Онан әрі кең тарата беруге әбден лайық.
Тайфи розовый жүзімі. Кеш пісетін жоғарғы сапалы асханалық сорт. Бұталарының өсуі күшті. Жүзімдері ірі, ұш жағы жұмыр, келтелеу болып келеді, түсі қызғылт және қошқыл қызғылт. Дәмі өте сүйкімді. Қанттылығы онша жоғары емес, 17-20% аспайды.
Сорттың суыққа төзімділігі нашар, сондықтан бұталарды қысқа карай міндетті түрде жабу керек. Жүзімдері тасуға да, сақтауға да өте жарамды.
Түркістан, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Жамбыл облысының жазық аймағы мен Алматы, Талдықорған облыстарының оңтүстік-шығыс аймағында аудандастырылған.
Тербаш жүзімі. Пісу мерзімі орташа, шараптық және асханалық универсалды сорт. Соңғы жылдары Қазақстанңың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында көп таралған.
Бұталарының өсуі орташа және күшті. Жүзімдері ақшыл көк, әбден піскенде сұрғылт сары. Дәмі кәдімгідей, сәл тіс қармайды. Шығымдылығы жақсы.
Түркістан, Жамбыл облыстарында, Алматы облысының онтүстік-шығыс және жазық далалы аймақтарында аудандастырылған.
Ранний темно синий жүзімі. Ерте пісетін асханалық-шараптық жаңа сорт. Бұталарының өсуі орташа. Жүзімдерінің ірілігі орташа, домалақ, түсі қаракүлгін. Қабығы айтарлықтай қалың, жеген кезде білініп тұрады. Дәмі сүйкімді, әдемі мускат жұпары бар.
Шығымдылығы жоғары. Суыққа да жақсы төзімді. Қар қалың түсетін аудандарда жерге жабыстыра жатқызса, жабусыз-ақ қардың астында қыстап шығады.
Қазақстанның жүзім өсіретін барлық аудандарында өсіруге болады.
Халили белый жүзімі. Ерте пісетін асханалық сорт. Бұталарының өсуі күшті. Жүзімдерінің ірілігі орташа, сопақша, көкшіл-ақ. Бір ерекшелігі — қантты жақсы жинайды. Тасымалға онша емес, жақын жерлерге ғана тасуға болады. Сорт негізінен жылы аудандарда өсіруге жарамды. Алматы облысының оңтүстік-шығыс аймағында аудандастырылған.
Королева виноградников жүзімі. Ерте пісетін асханалық сорт. Бұталарымың өсуі орташа, жүзімдері өте ірі, аздап сопақтау, түсі алтын-сары, дәмінде нәзік мускат жұпары бар.
Шығымдылығы орташа және жоғары. Қысқа төзімділігі күшті емес. Өнімін өскен жерінде жас күйі тұтыну үшін де, басқа жаққа әкету ушін де пайдалануға болады.
Сортты Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарында өсіруге болады, келешегі зор.
Катта-Курган жүзімі. Кеш пісетін асханалық сорт. Өнімді жылы аймақты аудандарда мол береді. Суыққа шыдамдылығы орташа. Өнімді еккеннен кейін 3-4 жылда береді. Жемісі ірі, түрі ашық-күңгірт, жүзім жасауға тиімді. Түркістан, Қызылорда облыстарында аудандастырылған, мол өнім береді.
Мускат узбекстанский жүзімі. Өте бағалы шарап жасайтын, кеш пісетін сорт. Еккеннен кейін 2-3 жылда жеміс береді, жыл сайын өнім береді, бұтасының өсуі күшгі, жемісі ірі, көп піскен кезде сарыға айналады. Алматы, Талдықорған, Панфилов аймақтарында өсіріледі.
Оқуға кеңес береміз:
Жүзім – дертке шипа болатын жеміс
Қатерлі ісіктің алдын алушы — жүзім