depositphotos.com
- 22 мам. 2026 16:01
- 30
Қазақстандықтар сапасыз интернет үшін ақшаларын қайтарып алды
Жетісу облысындағы тұрғындар сапасыз интернет қызметіне қатысты шағымдарын сотқа жеткізіп, ақшаларын қайтарып алды. Сот шешімімен он тұтынушыға барлығы 315 мың теңге өндірілді.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Болат Танабергенов мәлімдеді.
«Жетісу облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті 10 тұтынушының интернет және байланыс қызметтері сапасыз көрсетілгені үшін ақшалай қаражатты өндіріп алу мақсатында Талдықорған қалалық сотына талап-арыз берді. Соттың қаулысымен он тұтынушыға 315 мың теңге қайтарылуы міндеттелді», - деді Танабергенов.
Ол кейіннен қазақстандықтар алдымен интернет провайдеріне жүгінгенін, 40 күннен астам уақыт бойы сапалы байланыс болмағанын айтқанын нақтылады. Осыдан кейін тұрғындар тұтынушыларды қорғау жөніндегі аумақтық департаментке шағымданған.
«Компания бұл күндері байланыс қызметтерін көрсетпегенін мойындап, ақшаны қайтарып берді», - деп қосты Болат Танабергенов.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Марат Башимов үйіндегі интернеттің нашарлығына шағымданғаны хабарланған болатын. Ол бұл мәселені ҚР Вице-премьері, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевке жеткізген.