Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Қазіргі кездің махаббат қуанышы мен мұңы

Қазақтың белгілі жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат қызық мол жылдар” романы тұтастай дерлік жастар қауымына арналған. 1970 жылы жарық көрген бұл туындының әлі күнге дейін маңызы жойылған емес. Өйткені, шығарманы қызықтап оқитын оқырман болса, оның мәні де асқақтап, биіктей түсері анық. Жазылған дүниесінің мазмұнын көпшілік түсінетін, халқына қалаулы, еліне елеулі жазушы әдебиет әлемінде шарықтай беретіні хақ. 

Романда жас солдаттың Алматы қаласындағы Қазақ университетіне  түсіп, 33-ші аудиторияға кіргеннен бастап, өмірі бақыт пен өкінішке, қуаныш пен мұңға толы болады. Оның алғашқы кешкен сезімі - өз аудиториясында жиналған бір топ қыздарды көргендегі ерекше ықыласы. Өзін гүл бақшасында тап болғандай сезініп, соншама терең тыныстай алмай қалатындығы суреттеледі. Қыздарды ғажап гүл әлеміне теңеуі - оның қыз балаға деген сыйластығын көрсетеді емес пе?! Әрине, содан соң шығармада жас студент Ерболдың студенттік кезіндегі маңызды оқиғаларының себепкері болған Меңтай екеуінің бір-біріне құштарлығы, іштей жақсы көріп тұрып, айта алмауы баяндалады. Олардың сезімі - бір бөлек дүние. Басынан-ақ, Ерболды көрген сәтінен оны “аға” деп атап кетуі - қыз тәрбиесінің жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Үлгермей қалған дәрістерін көшіртіп, қарындастық қамқорлығын танытып отыруының да мәні зор. Өзгелерге ұқсамайтын бір қыры - сабырлылығы мен көркем, ұяң мінезінде. Адалдық пен ақ ниеттілікке жақын болған Меңтайды игі қасиеттерін, яғни инабаттылығын, сыпайылығын, көркем мінезін бойында қалыптастырудың символы деп атауға болады. Алғашында іңкәр сезімнің жетегінде кетпей, уақыт өте келе танысып, біліскеннен кейін, қаншама қиын кезеңдерінде қабырғалары қайыспай, соңына жетіп, адалдықтың туын тіреген қос жастың мөлдір махаббаты оқырмандарға керемет ой сыйлайды. Араларына жауыздықпен жағымсыз кейіпкер Тұманжан киліккенімен, Ербол мен Меңтайдың риясыз махаббаты ақыр соңында жеңіске жетеді. Шаңырақ көтеріп, ата-ана болуға дайындалып жүрген қос жұп, ендігі бақыттың дәмін тата бастағанда Меңтайдың кенеттен өмірден озуы ешкімді бейжай қалдырмайды. Көңілді жабырқатып, құлазытады. Ерболдың жүрегі жараланып, өзін қоярға жер таппайтыны ерекше сипатталады. Романның соңында жанды жұбататыны - Ербол сүйіктісімен аз ғана уақыт өткізсе де, сол бір кезең махаббат қызық мол жылдарға толы болды. Туынды авторы екі жас арасындағы сезімді барша оқырманға үлгі етіп насихаттайды. Ғұмырында екінші рет қайталанбайтын, бір-ақ рет қана берілетін махаббат хикаясы осындай пәк, таза болуы қажеттің дәлеліндей осы шығарма оқырманға ой тастайды.  

Қазіргі кездің махаббат қуанышы мен мұңы қандай? Бүгінде ол қандай сипат алады? Сезім, махаббат деген сөздерді естігенде, жүрегі туламайтын, қаны бұрқырамайтын жан жоқ шығар-ау, сірә. Кім-кімнің болсын басынан өткен қызықты, ыстық сезімге толы шытырман оқиғалары бар. Әлбетте, байырғы замандардағы сезімнің ұшқыны іспеттес махаббатқа адал бола алатындар да кездеседі. Алайда, олардың саны күн санап, азайып бара жатқандай. Сәл-пәл түсініспеушілікке бола жолдары қақ айырылып бара жатқан жұптар қаншама. Сапасы жоқ осындай махаббаттың қандай маңызы қалды?! Мүмкін бұл махаббат емес, жәй құштарлық, бір сәттік құмарлықтың белгісі болар. Оның соңы өкініш пен мұң азабына әкеледі. Біреудің болмаса, бір жанның жүрегін жаралап кетеді. Мұның барлығына жол бермес үшін басынан-ақ сезімнің тұрақты, не өзгермелі болатындығына көз жеткізіп алған дұрыс. Әрине, бір кездесуден кейін жұптардың әрі қарай тағдырлары қалай дамитыны жайында болжам жасау қиын. Тек уақыт қана сезімнің шынайы тұстарын көрсете алады. Дегенмен де, махаббат өте нәзік әлем, жан-жүректі баурап алар құдіретті күш екендігін ұмытпаған жөн. Адамның ішкі тұңғиық тереңіне бойлау үшін жәй ғана жанарына үңіле алсақ болғаны. Сезімде сөйлеген сөзге қарағанда, көздердің тілсіз үні маңызды рөл атқарады. Бір-ақ жанардан махаббат пен өшпенділікті, шынайылық пен жасандылықты байқауға болады. Сөзбен жалғандыққа жол бере алсақ та, көзбен алдай салуға мүмкіндік жоқ. Қаншалықты өтірік айтылғанымен, жанардан тек қана нақты шындыққа жанасатын ойды аңғарамыз. Сол себепті, неше түрлі оюмен өрнектелген сөзге емес, көзге қарап, адамның жан дүниесіне үңілуді үйренгеніміз абзал. 

Осы күннің сезімге адалдығы сиреп бара жатқандай, ұлы махаббаттың құны қалмады. Әйтсе де, жүрегі таза, ақ ниетті жанға дәл өзі сияқты шынайы кісі жолығарына күмәнім жоқ.

Қасиет Бахкерейқызы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама