- 01 нау. 2020 00:00
- 225
Өзіңіздің қалағаныңызды беріңіз
Бұрын бір молда болыпты. Ол үнемі ел аралап өлімді жер іздеп, жаназа шығарады екен. Сол елде бір шал тұмауратып үйінде жатса, сыртта ойнап жүрген баласы әлгі молданың келе жатқанын хабарлапты. Шал дереу кемпіріне:
— Маған қалыңдап киім жауып, молда келгенде қатты ауырып қалды, адамды әрең таниды деп айт, — деп үйретіпті.
Молда үйге кемпірмен аманшылық сұрасқаннан кейін:
— Шалға не болды? — деп сұрапты. Кемпірі:
— Бірнеше күннен бері науқастанып, адамды әрең танитын халде жатыр, — депті. Мұны естіген молда дереу шалдың жанына барып оның бетін ашып халін сұрапты. Көзін жұмып жатқан шал бір көзін сығырайта ашып:
— Ой, молдамысың? Япыр-ай, келгеніңіз жақсы болды ғой, мен енді адам болатын емеспін, сөйлесетін біраз жұмыстар бар, — деп молданың құлағына сыбырлапты. Молда кемпірге:
— Шалдың айтатыны бар көрінеді, сыртқа шыға тұрсаңыз, — депті. Кемпірі шығып кеткеннен кейін шал молдаға:
— Құдайымның маған тірі дүниеден берген ризығы осы ғана ұқсайды. Көз жұмар алдында сізбен кейінгі істерді ақылдасып қояйын деп отырмын. Кейінгі жаназа, Құранды қайтсең болады, кімдер оқыса болады? — депті ақыл сала. Ол біраз ойланып жатқаннан кейін молдадан тағы да:
— Дәуірді кім жүргізсе болады? — деп сұрапты. Молда:
— Пәлен молда жүргізсін.
— Оған не берсек болады?
— Құранды кім оқыса болады?
— Түген молда оқысын.
— Оған не берсе болады?
— Бір қой берсек болады.
— Жаназаны кім оқыса болады? Оған не берсек екен? — депті шал. Молда:
— Мен тұрмын ғой, өзіңіз қалағаныңызды беріңіз, — депті.
Сонда шал:
— Әлгі жалғыз атты берем бе? Жоқ бұзаулы сиырды берем бе? — деп сұрапты. Молда отырып:
— Бұзаулы сиырыңмен балаларың жан бақсын, атыңды берсең болды ғой, — депті. Сонда шал орнынан ұшып тұрып:
— Ой, албасты басқыр залым, мен өлсем астымдағы жалғыз атымды ысқатқа алмақшы екенсің ғой, — деп шап ете түскен екен. Шошып кеткен молда жағасын ұстап:
— Астапыралла, астапыралла, — деп шегіне беріпті.