Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қысқы серуен
Қысқы серуен
Мақсаты: қыста далада уақытты көңілді өткізуге шанамен сырғанауға, қар лақтырып ойнауға, қардан кескіндер жасауға болатынына балалардың назарын аудару. Қыстың белгілері туралы білімдерін пысықтау, ойлауын, есте сақтау қабілетін, зейінін, шапшаңдығын, табиғаттың әсемдігін көре білу икемділігін дамыту, табиғатқа деген сүйіспеншілігін, сезімдерін тәрбиелеу. Қыстап қалған құстарға қамқорлық жасауға оларды баптап күте білуге үйрету, сөздік қорларын, сөйлеу мәдениетін дамыту.
Сөздік жұмыс:
Қар, аяз, аққала, шана, сауысқан, кептер, торғай, қарға т. б
Билингвальды компонент: Аққала - снеговик - snowman, Шана - санки - sled, Қар - снег - snow, Торғай - воробей – sparrow, Қарға - варона – crow, Қыс - зима - winter.
Серуен барысы.
Қазір жылдың қай мезгілі?
- Дұрыс
- Қазір қыс мезгілі. Қыста ауа райы суық болады. Қар жауады. Балалар қармен ойнайды.
- Сендер қысты ұнатасыңдар ма?
- Неліктен? Қыста далада қалай ойнауға болады?
- Қардан не жасауға болады?
Балалар тәрбиеші бірге қардан әртүрлі кескіндер жасайды. Жылдың бұл мезгілі туралы көптеген өлең, жұмбақ, ән, мақал - мәтелдер жазылған.
Енді мен сендерге жұмбақ – өлең оқып берейін:
Шанамен зырлап желдетіп,
Шаңғы коньки тебетін.
Аққала жасап ойнайтын
Қай мезгіл деп ойлайсың?
Дұрыс айтасыңдар.
Демонстрациялық материалмен жұмыс.
- Балалар, жылдың қай мезгілі суреттелген?
- Далада не жауып тұр?
- Балалардың киімдері қандай? Қалай киінген?
Балаларға өз ойларын айтуға мүмкіндік беру.
Қыста балалар немен сырғанайды?
Балалар не істеп жатыр?
Аққала қандай? Аққала – қардан соғылған домалақ қыс кейіпкері. Кім қыс жайында тақпақтар айтып береді
1 - бала Аппақ күміс бар әлем,
Зымыраймыз шанамен,
Торғайлар тон киеді
Аяз бетті сүйеді
Жиналып бар бала
Тұрғызамыз аққала.
2 - бала Қыс келді, қыс келді,
Ақтарып ақ қарды.
Жол аппақ түскен енді,
Арқалап қайтайық
Ақ күміс бақтарды.
3 - бала Құшақтайды бақтарға
Ақ көбелек, ақ мамық
Аунап таза ақ карға
Балалар жүр мақтанып.
«Қыс - ана жұмбақтары» дидактикалық ойыны
Мақсаты: берілген белгілері бойынша өлі және тірі табиғат нысандарын айыра білуге үйрету.
Мазмұны: жұмбақтар айтылады, балалар айналадағы табиғатты бақылай отырып, олардың шешуін табады.
Қолы жоқ, сурет салады,
Тісі жоқ, тістеп алады. ( Аяз)
Қанаты жоқ ұшады
Аяғы жоқ жүреді. (Боран)
Қарға сүйреп шығам,
Ойға мініп түсем (шана)
Мамықтай ұлпа
Қанттай ақ
Қыста жер бетін басады
Жазда сайға қашады. (Қар)
Балалар өздері білетін қыс жайлы өлең, жұмбақтарын айтады.
Құстардың барлығы неге жылы жаққа ұшып кетеді?
Қыстап қалған құстарды кім атайды?
Олар неге жылы жаққа ұшып кетпеген?
Себебі, ол құстар қысқа төзімді. (торғай, қарға, сауысқан, кептер)
Сергіту жаттығуы
Боран соғар оң жақтан,
Боран соғар сол жақтан,
Шанаменен зырласаң,
Қар лақтырып ойнасаң.
Суық өтер қолғаптан.
Таңғажайып сәт.
Есік қағылып, топқа сауысқан ұшып келеді.
Сәлеметсіңдер ме? Балалар мен ұшып өтіп бар жатып сендердің дыбыстарыңды естіп келдім. Сендерді көргеніме өте қатты қуаныштымын. Сендерді серуенге шақыра келдім, менің достарым сендерді аулада күтіп тұр. Ендеше балалар, сауысқанмен бірге жүріңдер. Жылы киімдеріңді киіп, құстарға жем салып, құстар тоңып қалмас үшін ағаштарға ұяларды қондырып келейік.
(Алдынғы ұйымдастырылған оқу іс - әрекетінде, қол еңбегінде жасалған жұмыстары құстың ұясы, жемсауыттарды алып шығу)
Жылы жаққа ұшатын,
біздің жаққа қыстайтын.
Құстар жүрсе жуықта
Жем шашуды ұмытпа.
Құстарды біз аптаймыз
Қыста жемдеп баптаймыз
Қамқор болып бәріне
Қорғау заңын сақтаймыз.
Ауладағы еңбек: құстарды азықтандыру, аққала соғу.
Балалар жемсауытты ағашқа іліп қоямыз. Жемсауытқа жем, нан қиқымын салады.
Қане балалар, енді ағаштар түбіне қар үйіп, біраз еңбекпен шұғылданайық.
Неліктен ағаштар түбіне қар үйеміз?
Себебі, ағаштың тамыры аязға тоңбау үшін.
Жарайсыңдар балалар енді келіңдер ойнайық
«Кім - кімді тартып шығарады?» ойыны:
Мақсаты: балалардың күш қуатын дамыту.
Мазмұны: қар бетіне диаметрі 1 м шеңбер сызымыз. Екі шананы 3 - 4 жіппен мықтап байлау. Шаналарды шеңберден бірдей қашықтықта болатындай және жіп шеңбердің ортасынан өтетіндей етіп орналастыру керек.
Қарсыластар шанаға отырады. Қолымен жіптен емес шанадан ұстау керек. Ал аяқты қарға тіреу қажет. ойыншылар бұйрық бойынша аяқтарымен тебініп, шеңберден шығуға, қарсыласып шеңберге тартып кіргізуге тырысады.
Шеңберге кіргендер ұсталғандар болады.
Балалар барлығың өте жақсы жұмыс жасадыңдар, ойынға да белсене араластыңдар. Сендер өте тамаша балаларсыңдар.
Көңіл - күйлерің қалай?
Қыс мезгілі қандай?
Қысқы ойындар қандай?
Сендерге ұнады ма?
Рахмет сендерге, енді топқа барып, менің кішкене сыйлығымды қабыл алыңдар.
Күтілетін нәтиже.
Қайталайды: жұмбақ, өлең жолдарын қайталайды және жаттайды.
Түсінеді: Қыс мезгілінің ерекшеліктерін білдіретін сөздерді қолданып, сипаттау мәтінін қалай құрастыру керектігін.
Қолданады: сұрақтарға толық жауап беруді, тақпақтар айтуды.

№100 «Тоғжан» бөбекжай-бақшасы
Жоғарғы санатты тәрбиеші
Сауле Мергенбайқызы Турлыбекова

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама