Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қыз Бәтіш пен Ерсейіт

Япыр-ай, тағдыр шіркіннің пенде баласына деген мысқалдай бір мейірімі болсайшы. Қара басың қанша әулие болса да, төтеден киліккен бәлеге қылар лажың бар ма? Мынау отырған Қожабек өз күнінде кімнен кем еді? Досы түгіл қасы да кісілігін аттап кете алмайтын. Белі бүгілмесе-ақ, басы иілмесе-ақ деген, қу тірліктен бір мойын биік азамат емес пе! Кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда жалғыз ұлдан айрылып, қираған бәйтеректей отырған отырысы мынау ғой. Бейшара. Құдай аясын!

Киіз үй ішінде қазаға көңіл айта жиналған қалың жұрттың осыдан басқа ойларға ойы болмай, Қожабектің жалғыз ұлын өз қолдарынан өлтіріп алғаннан бетер, бастары салбырап жер шұқып отыр. Жұбаратарға сөз жоқ. Қу тілмен кісі тірілткен небір бетсіз шешендер тілдері байланып, қара бет боп үнсіз қалған.

Тек Есеней қарт «ия алла» деп беймәлім сыйынып алды да, есікке қарап отырып:

— Сабыр ет, Қожеке! Жаратқанның ықтиярына не шара? Құдай бала бермесе қайтер едің? Өзі берген жанды өзі алды. Бір керегі болған шығар,- деген болды.

Әйтеуір бірдеңе деу керек болған соң айтты, әйтпесе Қожабек түгіл өзінің де көңіліне ешбір сенім тудыра алмады.

Қожабек бір қолымен жер тіреп, қиықша көрпешенің үстінде әрең отыр. Әжім жүзінде енді қайтып қуанбастай, енді қайтып күлместей айықпас уайымның табы бар. Әлдекім артына жастық қойды. Қожабек жастыққа белін тіреп, басын көтергенде, бір тамшы жас қалмай, суалып біткен жанарынан қу тіршіліктен енді ештеңені қаламайтын, өзін тіпті мына дүниенің адамы деп санамайтын бір түңіліс байқалды. Көзінің асты күйдіргі шыққандай күлтілдеп, талаурап тұр.

Төр жақтан әлдекім:

— Е-е, жігіттің төресі еді-ау, не керек! Жасағанның назары жақсыға иә жалғызға түсерін қайтерсің,- деп алла тағаланың дәл осы ісіне өзінің риза емесін білдіріп кейи сөйледі.

— Құдайға да жақсы керек,- деп дәлелдеді тағы біреуі.

Қожабек қиналып жерге қарады.

Баласының бойындағы жақсылықты еске алудың тап қазір пайда бермесін, қайта қимастықты күшейтіп, қайғыны ауырлата түсерін бәрі де біліп отыр. «Қайырлы болсыннан» басқа тілге тиек қылар дым жоқ.

Шынында да алланың жақсыны әкетеді дегені рас шығар. Осы бала институтқа түскеннен елді шулатты. «Қожабектің баласы Болат оқуға алғыр екен, мұғалімдердің өздері қаймығатын көрінеді»,- деуші еді. Айтса айтқандай, институтты айрықша дипломмен бітіріп келді. Бір жыл өтісімен аудандық басшы қызметіне көтерілді. Жуықта облысқа әкететін көрінеді деген сыбыс тараған. Әйтеуір барып жүздескендердің бәрі «тек болғалы тұрған бала екен, тірі болсын» деп, тіл-ауыздарын тасқа сілтеп, тфалап қайтатын. Ел-жұртқа жастайынан аты шыққан сол Болат енді үйленгелі жатқанда аяқ астынан қайтыс болып кетті. Артта тұяқ қалмады. Бір әулеттің тұқымын бір өзімен бір жола тоқтатты де кете барды.

Осы бір тұқымның тоқтап қалуы жазықсыз жасалған қиянаттай, әлдебір жаңылыстықтан, иә түсінбестіктен болып отырған нәрседей бүкіл жұрттың ақыл-ойын байлап отыр.

Төрге таман отырған мұртты қара Қожабектің қазіргі халін тілдесуге жарамайды деп шешкендей қызмет қылып жүрген жігітке қарап:

— Көктасқа зәкез беріп пе еңдер, Ауданбек? - деді.

Көктас туралы сөздің шығуы жұртты әлдебір ыңғайсыздықтан құтқарғандай болды.

— Көктасқа заказ берілген,- деді Ауданбек. — Алматыдағы - Тышқанбайға жібергенбіз телеграмма мен ақшаны. Бірақ облыс орталығынан машинамен барып әкелу қажет екен. Жарты тоннадан ауыр дей ме?.. Бірнеше адам бармаса, жалғыз жарым түк істей алмайтын шығар...

Бірте-бірте әңгіме жүре бастады. Қожекеңнің көңіліне бір тетік бола ма деген үмітпен жұрт енді Тышқанбайдың үлкен адамгершілігін, марқұм әкесінің де ақ көңіл жақсы адам болғанын, ал енді жарты тонна дегенің әжептәуір салмақ екенін, қалайда мәңгілік ескерткіш болатынын айтып, әлі келмей жатқан құлпытасты жер көкке түсірмей мақтап, бірсыпыра серпіліп қалды.

— Оны арнайы кранмен көтермесе қанша адам болсаң да, сенің көтергеніңе болмайды,- деп қиындатты алғашқы мұртты қара.

Бірақ сөзінің аяғында көрші аудандарың бірінде осындай құлпытасты әлдекімдердің ұрлап кеткенін, одан әрі бір жерде қолдан қол жасаймыз деп, зираттарды су алып, сүйектердің суға қалқып шыққанын айтып айдалаға лағып кетті.

— Кесегін бітірдік, енді ертең үйіне кірісеміз,- деді Ауданбек.

Мұртты қара өзінің, артық сөйлеп қойғанын сезіп, жағдайын түзеп алу үшін жаңа сұраққа көшті.

— Кесекті совхоз берді ме, жоқ?...

— Жоқ өзіміз құйдық.

— Ә, ол дұрыс. Тегінде сатып алған сауап болмайды дейді ғой.

— Ол рас,- деп құптады отырғандар.

Мұртты қара айыбынан ақталып шағып, алғашқы абыройын қайтып алғандай көтеріліңкіреп отырып, баяғыда бір патшаның әкесіне тамды құлдарына салдырғанын, бірақ о дүниеде әкесінің тамы мойнына қарыз боп мінгенін, біреудің қолымен салынған топырақ топырақ салдыға есептелмейтінін айтты. Бірақ тағы да Сағидолла деген біреудің әкесінің тамына құйған бүкіл кесегін араққа сатып жібергенін айтып елді қайта шошытты.

Есеней қарт мына әңгімеден қатты қысылып, қипақтап, әйтеуір жұрт назарын басқа бірдеңеге аудару үшін:

— Мынау қай бала? - дей салды сол жағындағы өзі танымай отырған көзілдірікті жігітке қарап.

— Жарасбай,- деді есік жақтан біреу. — Болаттың бірге оқыған жолдасы ғой. Соноу Қызылордадан келді. Біржола тамын салысып кетем деп жатыр.

— Е, айналайын-ай,- деді Есеней риза болып, — Бірге оқыған достар ғой, қайтсын-ай! Кісі болатын бала екенсің, қарағым-ай! Ғұмырлы бол!

Шай келді. Тым-тырыс отырып екі кесе ішкеннен кейін, бәрі келісіп қойғандай, бір-бірлеп кеселерін төңкерді. Дастарқан шеті бүгілген сәтте құран оқылатынын сезген жұрт жапырлап, бас киімдерін іздестіре бастады.

Есеней қарт жалаңбас отырған жастар жағына ұнатпай бір қарады да, құран оқуға кірісті. Қол жайылды. Дастархан жиылды. Енді төрде отырғандар бір-біріне алма-кезек қарап, «қайтпаймыз ба» дегенді көздерімен білдірді.

— Ал, Қожабек,- деді Есеней іргедегі қамшысын алдына қойып. — Жер аяғы шалағай, жеткеніміз осы болды. Тудырған сен да, бала халықтікі еді. Жыламаған адам жоқ. Оның орнына біздің кететін жөніміз бар ғой. Бірақ алланың ісіне не шара? Құдай басқа салды көндік дейміз. Баяғыда Дәрменжаным қайтқанда,- бүкіл ел боп... аяғынан тік тұрып... аттандырып... Сонда «япырау, күнде болмашыға жүз шайысып, бірде араз, бірде тату боп жүрген осы бір жаман ағайын болмаса қайтып жер басып күн көреміз деп ойлап ем... Ағайын ортаны медет қыл. Басқа не айтайын... — Есеней үнсіз қалып, орамалымен көзін сүртті, пешпентінің түймесін салды. Сосын қамшысын тағы бір қозғап қойып: — Біз енді қозғаламыз,- деді нық дауыспен. — Малға адам қалмап еді. Тіпті бар ғой ешқайда бұрыла алмайсың... Ал енді бір құдайға тапсырдық. Рұқсат ет, Қожеке.

Қожабек бірдеңе деп аузын жыбырлатқан болды, бірақ не дегенін ешкім естіген жоқ.

Жұрт орындарынан тұрып, бір-бірлеп шыға бастады.

Қожабек жалғыз қалғаннан кейін де, төмен қарап ұзақ отырады.

Баласының өліміне тағдырдың жазуы деп лажсыз көнсе де, көңіл түкпірінде өмірден осы күйімше қу бас өткенім бе деген ой пайда болғанда үрей дауылы аяқ-қолын жерге тигізбей жүрегі қысылды. «Алла-ау, алла-ау! - дей берді тынысы тарылып. — Кісіге жасаған бір түйір қиянатым жоқ ғой... Не жазығым бар, жасаған-ау. Не жаздым?!»

Айналуға келмейтін аядай шыңның төбесінде қалт-құлт етіп құлағалы тұрғандай. Табан тірер бұдыр жоқ, бәрі тайғанақ.

Қожабек шын құлап кетпейін дегендей қолымен жер тіреп жылжып төсегіне қисайды. Осы бір қиямет-қайым болған аласапыран оқиғаны бір жерінен қате кеткендей басынан бастап қайта еске алды.

Баласының оқу бітіріп келгені, ұлан асыр той жасағаны кеше ғана секілді еді. Кезінде атқа мінген аздаған сауаты бар көзі ашық Қожекең баласын ырым-жырыммен үйлендірем деп қопаңдаған жоқ. Сол жақтан өзіне тең біреуді ала келер деп ойлаған. Олай болмады. Сөйтсе де баланы қыстамады. Ақылы бар бала ғой, бір ойлағаны бар шығар деген. Одан жоғарылап қызметі өсті.

Ауданда да, облыста да жиналыс болса, Болатты мақтады. Газетке де шықты. Әне бір секретарь жігіт (япырай, тіл мен көз деген рас па екен) «Қожабеков біздің мақтанышымыз. Өте іскер, білімді. Өзінің адамгершілігімен, инабаттылығымен, рухани тазалығымен жұртқа үлгі бола алады»,- деп тақылдап еді. Сонда Қожекең: «Іскерлігі мен білімді екенін білсін. Ал анда-санда жұмыс бабында болмаса, басқа уақытта олармен араласпайтын Болаттың кісілігін қайдан біле қойды екен. Әлде іскерлігін де кісілігі деп бағалай ма екен»,- деп ойлаған. Бәрін де қойшы. Қожекеңнің көкейін тесіп жүрген нәрсе – баласының үйленуі еді Ақыры оған да қолы жеткендей болып, той жабдығы басталды. Бірақ қу тағдыр үлгіртпеді. Төтеден бір дауасыз кесел жабысты. Бас аяғы бір-ақ ай. Ауруханадан үйге қайта әкелгенде-ақ Қожекең бір сұмдықты сезген. Бала тілге келмеді. Мына тіршіліктен бөлек өзге бір арманына жете алмағандай немесе әлде бірдеңеге өкінгендей басын әлсіз шайқай берді. Сөйтіп жатып біржола аттанып кетті. Қожекең әлсін-әлсін талумен болды. Қабір басында ғана бір шама есін жиды. Әлдекім қолтығынан демеп тұр. Біреулер «сабыр ет» деп жұбататын секілді. «Неғылған сабыр, құдай-ау?! Қайдағы сабыр?! Неге керек?» Жұрт бұрқылдатып топырақ сала бастағанда, ұлын тірідей кеміп жатқандай жан даусы шықты.

— Қожеке, өз қолыңызбен топырақ салыңыз»,- дейді біреу.

Қожекең жерден бір уыс топырақ алып, қабірге тастай берді де, тізерлеп отыра кетті.

Аудан басшыларының бірі болуы керек, бұйра шашты жас жігіт сөз сөйледі.

Абзал дос дейді, азамат дейді... Іскерлігің, білімділігің дейме-ау... Өмірің баршамызға үлгі дейме-ау... Мақтап жатыр, мақтап жатыр. О, пендешіліқ, қу жаны қайғыдан қаусап, біткелі тұрса да, «менен туған бала жаман болмаған екен ғой» деген бір болмашы арсыз мақтаныш көңіл түпкірінде бойдағы баланың қимылдағанындай әрегідік бір бүлк етіп қалады.

Ағайын-ел топырлап келіп көңіл айтуда. Өлікті жөнелту салтанатынан бірдеңе түссе, ауданы бар, туған-туысы бар, жандарын салып-ақ жатыр, Жетісі берілді. Кесегі құйылды. Ертеңнен бастап тамын салуға кіріспек. Енді құр уайымнан ештеңе өнбесі, өліктен адамның суитыны, тағдырың құрығынан пенденің қашып құтылмайтыны, өйткені пенденің өзі әу баста осылай құрық салу үшін жаратылғаны – бәрі, бәрі түсінікті-ақ секілді. Бірақ Қожекеңнің көңілі бекімеді.

— Әттеген-ай,- деді даусын шығара күбірлеп. — Әттеген-ай!

Қожекең көзін ашып алды. Үй іші қап-қараңғы, тып-тыныш. Елдің жатып қалғаны ма?.. Жүрегі шанышқандай болды. Оң бүйіріне аунап түсті. Кемпірі күрсініп қояды. Әлі ұйықтамаған секілді. Шалының өз хәлі әлдеқалай боп бара жатқанын көрген соң, байғұс ширығып кетті. Жұрттың бәрі: «Кемпірі мықты екен, берік екен»,- деп қояды. Қайбір жетіскеннен мықты боп жүр...

Түннің бір уағына дейін Қожекеңнің көзі ілінбеді. Дүниенің алдамшылығы, өткіншілігі жайшылықта сан айтылып жүрген сөз болса да, тап қазіргідей ап-айқын, түсінікті болып көрген емес. Жұртқа айтып жүрген өз ақылына өзінің қалай байыбына жетіп түсінбей келгеніне таң қалды. Құдай-ау, кеше ғана емес пе... (Қожекеңнің тағы да жүрегі шанышты). Кеше ғана емес пе, елмен бірдей тіршілік қызығын тең бөлісіп жүргені. Енді қазір тобынан бөлінген ақсақ қойдай, өз, уайымынан артыла алмай жатқан жатысы мынау. Шынында да адамның барар сапарда ұлы дүрмекке араласып, қайтарында жалғыз қайтатыны секілді, орта жастан әрі асып, қайтар сапар басталғанда ғұмырының шығар есігіне жалғыз ораларың айнымас ақиқаттай... Жұбанарың – ұрпақ болса... (Қожекеңнің жүрегі үшінші рет шанышты).

Ұлының қабірі қазылып болғанда Қожабектің: «Жоқ, бұл маған қазылған, босатыңдар»,-деп қабірге тап-тап бергенде, осыдан басқа не күйігі бар.

Ой ұшына жете алмай ұзақ жатқан Қожекең таң алдында көз шырымын алды. Бірақ көп ұйықтай алмады. Күн шыға орнынан тұрып, киініп сыртқа шықты. Кәнігі көліктей аяқ шіркін өзінен-өзі зират жаққа бастай берді. Қожекең ауыл сыртындағы қорымға қалай келгенін білмей қалды.

Шөп басқан қос емшек моланың тұсына келгенде кідіріп көз тоқтатты. «Жарықтық! Қыз Бәтіш пен Ерсейіттің моласы ғой...» Бұлар жайлы аңыз осы төңірекке кең тараған. Қозы Көрпеш пен Баяндай бір молада өлген ғашықтар екен. Жұмба жарықтық жырын келістіріп айтушы еді. Тыңдаған адамның бәрін жылататын.

Қожекең баласының зиратына келгенде Жарасбайлар тамның алғашқы кесектерін қалап үлгірген екен. Бұл жолы көңілі бұрынғыдай босаған жоқ.

— Жатқан жерің жайлы болсын, жарығым,- деді пешпентін шешіп жатып. Содан түс ауғанша дем алмастан өз қолымен кірпіш қалады. Елмен бірге лайдың, кірпіштің сапасын, 20 қатардан барып күмбез көтеру керегін, еш жерден құлақ шығармай-ақ, киіз үйше көмкергеннің дұрыс екенін т.с.с. әңгіме қылды.

Бесін шамасында жұрт дем алуға отырғанда Қожекең Жарасбайды жанына шақырып алды.

— Балам-ау, осы сенің уақытыңды текке алып жүрген жоқпыз ба? Уақытың бітсе қысылма. Сенің осы келісіңе де мен ризамын.

— Уақытым бар, аға,- деді Жарасбай шылымын тұтатып жатып. Қысылып жүргем жоқ. Бітіріп біржола-ақ қайтамын.

Қожекең төмен қарап үндемей қалды.

— Тым бекерге нали бермеңіз, аға,- деді Жарасбай жерге шынтақтай беріп. — Түнімен ұйықтамай шықтыңыз. Сабыр етсеңізші...

— Қарғам-ау... — Қожекең көзі жасаурап тамға қарады. — Қарғам-ау, жұбатқаның дұрыс қой. Дүниеден өтпейтін пенде бар ма?.. Бірақ, Болатжанның артында алданыш қылар бала қалса, мен бүйтіп қажымас ем ғой. Аяқ астынан... арманда кетті... Тұяқ қалса, құдай-ау, көзі соқыр, құлағы саңырау бір боқмұрын қалса, мен бүйтіп шаршамас ем ғой...

Кенет әлде не есіне түскендей Жарасбай басын көтеріп алды да.

— Аға,- деді, — мен сізге бір қызық айтайын, Болаттан бала бар.

Қожекең селк ете қалды.

— Тек, не дейді? - деді оқыс бұрылып.

— Болаттан бала бар,- деді Жарасбай қайталап. — Оны маған өзі айтқан.

— Иә?

— Университетте оқып жүрген кезімізде... Әйтеуір, атын ұмыттым, Сәуле ме, Гүлсім бе, біреуден балам бар деген.

Қожекеңе мына сөз баласы тіріліп келгеннен кем әсер еткен жоқ. Көзіне келген жасты көрсеткісі келмей, төмен қарап орамалын алып сіңбіріне берді.

— Иә? - деді содан кейін кемсеңдеп.

— Ол өзі қаланың қызы болатын, Алматыда болуға тиісті.

— Апыр-ау, оны табуға бола ма өзі?

— Неге болмасын.

— Иә? - деді тағы да аузына басқа сөз түспей.

— Алматыда бізбен бірге оқыған жігіттер бар. Солар арқылы табуға болады.

— Тоқташы, шырағым,- деді Қожекең Жарасбайдың иығына қолын тигізіп. — Апырм-ай, қарағым-ай... апырм-ай... кішкене сабыр қылшы... — Қожекең өзіне өзі келе алмай біраз отырды.

— Иә? - деді әлден соң не сұрап тұрғанына өзі де түсінбей.

— Алматыда бірге оқыған жігіттер бар...- деді Жарасбай сөзін қайталап.

— Сонда өзі баланың қалғаны анық па? - деп Қожекең сенбегендей Жарасбайға тура қарады.

— Баланың бары анық.

— Иә?

— Өз басым ол қыздың қайда істейтінін білмеймін. Асылбек деген жолдасымыз сонда институтта қалған. Ол бәрін де біледі.

— Иә?

— Соған бару керек. Мен адресін берейін.

— Иә, сүйтші, қарағым. Үйге барған соң, ұмытпай берші.

Бұдан кейін Қожекеңнің жұмысқа берекесі болмады... «Ертең де күн бар ғой» деп, елді асықтырып, күн батпай таратып жіберді.

Үйге жетісімен брезенті күн көзінен ағарып кеткен жем-жем әскери сөмкесін ашып, ішінен тор көз дәптер алды.

— Мынаған әлгі адресіңді жазшы, қарғам,- деді Жарасбайға.

Жарасбай қалтасынан қаламын алып, үлкен әріптермен баттиып адресті жазып шықты. Қожекең адресті алып, бұрын бір көрген жеріндей, ойланып ұзақ отырады.

— Тауып бара аласыз ба?

— Табатын шығармын,- деді Қожекең әлі де адреске шұқшиған күйі. — Тышқанбай бар. Соған берсем болды емес пе?

— Әрине, қаланың адамы болса, түк қиындығы жоқ.

Қожекең жүрегі лүпілдеп, кешкі шайды да жөнді іше алмады.

Жатарда дәптерін алып, тағы да адреске шұқшиды. Баданадай етіп жазылған осы бір жазу өне бойын жалатып барады. Осы адреске жетсе болды, алдынан бейтаныс кішкентай немересі «аталап» қарсы шығатындай көрінеді.

Бірақ Қожекең бұл сырын тірі жанға айтпауға бекінді. Үн-түнсіз кетіп қалып, көктен түскендей немересін алып келіп, «Қожабекті құдай жылатты» деген жұрттың тілін желбезегінен тізген балықтай бір сымға шаншып, бүкіл елді айран-асыр қылатын сол сәтті арман етті.

Келесі күні зират басында жұрттың әңгімесі тек Қожабек болды.

— Япыр-ай,- десті олар кесек қалап жатқан Қожекеңе ту сыртынан қарап. — Сүйегі асыл шіркін ғой. Адам болмай қала ма деп қорқып ек. Сынбаған екен...

— Қайратын айтсайшы, таңертеңнен әлі тізе бүккен жоқ.

— Қайтсын, құдай басқа салғасын,- десті біреулер амалсыздыққа жорып.

Қожекеңнің қабағы күндегіден ашық еді. Амандасқан елдің бәрінен үй-ішінің, ауыл-аймағының амандығын сұрады.

Жұрттың «отырып демалыңыз» дегеніне де құлақ асқан жоқ. Цементтің қатып бара жатқанын көріп, су құйғызды, жоғарыда кірпіш қадап жатқан Жарасбайға:

— Кесектерді байлап қала, айналайын, мінеки былай, лайыңды молырақ сал,- деп кеңес берді.

Қожекеңнің көңіліндегі өзгерісті Жарасбайдан басқа тірі жан білмеді, баяғы бір еңкеймес ірілігіне, мықтылығына жорыды.

Қожекең кешке үйге келісімен тағы да Жарасбайды сыртқа шығарып алып, кешегі мәселені ақылдасумен болды.

— Қырқын беріп, бата оқыр ағайынның аяғы саябырлағасын жүріп кетемін,- деді барар жерін шамалағандай алысқа қарап. — Денсаулық төмендеп барады, жүрек шаншиды... Дәрігер бала анада бәлнеске жату керек деген еді... Алматыға көрінгеннің бөтендігі болмас.

Жарасбай біраз ойланып тұрып:

— Мен онда Асылбекке хат жазып берейін,- деді,- түсінбей қалып жүрмесін.

— Сүйте қойшы, қарағым!

Үйге кірген соң, Жарасбай хат жазуға кірісті. Шай келіп дастарқан жайылған кезде Қожекең хатты төрт бүктеп, төс қалтасына салды. Кішкене немересі енді ешқайда қашып құтылмайтындай көрінді.

...Үш күннен кейін күмбез салынып бітті. Жұрттың бәрі оны бүкіл аудан көлеміндегі ең сәулетті күмбез болды деп шешті.

Қожекең туғалы зират атаулыны жаны түршігіп ұнатпайтын. Бірақ сәулетті күмбездің тек тіршілікке емес, өлімге де жарасатынына іштей қайран қалды. Тап енді мұның баласы өзге өліктерден мерейі үстем боп, ұялмай жататын секілді.

Өлім бәрін де теңестіреді. Қайдан теңестірсін. Зираттағы тамдардың өзі әр түрлі. Анау шеттегі баяғы аштықта шала-пұла жабылған қабірлер жермен жексен болып, астында кім жатқаны беймәлім, болар-болмас төмпешікке айналған. Иә, қайдан теңестірсін Өліктер де өздерінше бақытты, бақытсыз болып бөлінетін болғаны да.

* * *

Болаттың қырқы берілді. Қожекеңнің көңілін көтеріп күні-түні қасында отырған ет жақын ағайындар да өз қамдарымен шаруаларын күйттеп кетті. Қашанғы отырсын. Тірі адамның тіршілігі көз жұмбай бітпейді екен. Қожекең де қыс қамын ойластыра бастады. Совхоз директорының орынбасарына кіріп азғантай көмір түсіртіп алды. Екінші ферманың меңгерушісі өзі келіп:

— Азғантай малдарың қыста қарап қалмасын. Қарсақбайға айтып, бір машина шөп түсіртіп берейін. Биыл шөп аз. Ешкімге рұқсат бермей жатыр. Қиын, қиын,- деп жасайтын жақсылығының салмағын ауырлатып кетті.

Қожекең енді әрі кешігуге болмайды деген оймен кешке кемпірімен ақылдасты.

— Баланың көктасы келетін түрі жоқ,- деді Қожекең шай үстінде. — Тышқанбай бір жаққа кетіп қалды ма, әлде басқа бір қиындықтары бар ма... Соған өзім барғым келіп отыр.

Кемпірі түсінбей, шалына бұрыла қарап, аққұманды көтерген қалпы тұрып қалды.

— Өзім бармасам қайдан бітсін,- деді Қожекең көк жыртыс орамалымен білегінің терін сүртіп.

— Үйбай-ау, сен не бітіре аласың. Қаңғып қаларсың айдалада.

— Неге қаңғимын? Тышқанбайдікіне телеграм жібереміз. Қарсы алатын шығар.

— Құдай не дейді?..

Қожекең кемпіріне не деп түсіндірерін білмей, желпініп ұзақ отырды. Бір заманда: «Жә, болар»,- деп кесесін төңкерді. Сосын қалтасынан шына шақшасын алып, насыбай атты. Қалған насыбайдың мөлшерін білгісі келіп, шақшаның аузына сығырая қарап кішкене отырды да, кенет аузына су толтырып алғандай сөйлей алмай:

— М-м-м,- деді ымдап кемпіріне.

Кемпірі онысына бірден түсініп, аяқ жақтан түкіргішін алып берді Қожекең түкіргішті алып, шегініп отырды.

— Оның бір себебі болып тұр,- деді ақырын ғана.

Кемпірі жақсырақ есту үшін кимешегін ысырып құлағын ашты.

— Болатжаннан бала қалған екен... (Кемпірінде үн жоқ). Оны Жарасбай айтты... (Кемпірі салдырлатып шыны-аяқтарды жуа бастады). Әдірісін де алдым... Алматыда көрінеді.

Қожекең мына сөзінің неге әсер етпегеніне түсінбей басын көтергенде селкілдеп жылап отырған кемпірін көрді.

— Тәуекел, барып көрем...

— Жасаған,- деп сыбырлады кемпірі жасқа тұншығып. — Жасаған, жаппар ием...

— Жарасбай өздерімен бірге оқыған жолдасына хат жазып берді. Сол көмектеседі деп отыр.

Кемпірі одан әрі тыңдауға шамасы жетпей қолындағы кесесін салдыр еткізіп тастап жіберіп, қалтасынан көлдей ақ орамалын алып көзіне басты да, со күйі дауыс қылып қоя берді.

— Жасаған-ай... жалғызымды алдың деп, тілім тиіп кетіп еді... Енді жылата көрме жасаған... Құдіреті күшті жаратқан... тілегімді бере гөр!.. Өшкенімді жандыра гөр! Мейіріміңді бере көр... аллатағала...

Қожекеңнің қой деуге шамасы келмеді. Кемпірінің жалбарынған тілегін іштей өзі де қайталап, бетіне сорғалаған жасты саусағымен қағып қап отырды.

Шүйкедей кемпірінің қара тасты жібітердей зарлы үні қабырғасын қайыстырды.

— Жаман ырым қылма, кемпірім-ау,- деді өзіне де бейтаныс мейірбан жұмсақ үнмен. — Мені қажытпашы, жарқыным. Құдайдан тілек етейік. Жасаймын десе жақсылығы аз ба?..

Төсекке жатқаннан кейін де екеуі жаратушы құдайға, бүкіл әулие-әмбелерге жалынып жалбарынумен болды.

...Келесі күні Қожекең жиналысқа жүргелі жатқан парторгтың машинасымен ауданға жүріп кетті. «Алматыға барып емделіп келем, жүрек шыдатпай барады»,- деп түсіндірді сұраған жұрттың бәріне. Парторг совхозға жақында келген жас жігіт еді. Мың жасағыр жақсы бала екен. Қожекенді аэропортқа дейін апарып, билетін алып беріп, оған қоса Тышқанбайдың адресіне телеграмма салмақ болып уәде беріп қалды.

* * *

Қожекең Алматының аэропортына түн ортасында келіп түсті. Самаладай жарқыраған электр шамдарына, қаздай тізілген шамадан тыс үлкен самолеттерге таңырқай қараған күйі «япырмай, Тышқанбайы түскір келмей қалса қайттым»,- деп іштей қобалжып келе жатты.

Кірер есікте жұрт у-шу болып құшақтасып, қырық жылдан бері көріспегендей бір-бірінің беттерінен сүйіп, мәре-сәре болуда. Қожекең жан-жағына алақтап, үрей мен дағдарыстың ортасында әрі-сәрі тұрып қалған. Осы кезде:

— Қожеке, ассалаумағалайкүм! - деген дауысты естіп, қуанғаннан не істерін білмей қалбалақтап қалды.

Тышқанбай келе чемоданға жармасып:

— Мен Сізді! ана жүк беріп жатқан жерден іздеп жүрсем...- деп құрақ ұшып жүр.

— Әликісәләм,- деді әлден соң Қожекең есін жиып.

Тышқанбай да баяғы бала кезіндегі қаңғалақ мінезінен өзгермеген екен.

— Самолеттен қашан түстіңіз,- дейді апалақтап. — Ә, иә, айтпақшы осы екен ғой... е, тәйірі... менде не ес бар,- деп кеңкілдеп өзінен өзі мәз болады.

— О, хұдауанда, аумаған әкесі,- деді Қожекең күбірлеп. — Марқұм үнемі үстіп дабдырап жүруші еді.

Кенет Тышқанбай есіне әлдене түскендей тұнжырай қалды:

— Ойбай-ау, Қожеке, ғапу етіңіз... ес шығып... Болаттың қазасы қайырлы болсын... Апырай...

Қожекең не айтқаны белгісіз аузын жыбырлатты.

— Апыр-ай, жөндеп те ести алмадық, неден болды?

— Аурып қайтты ғой.

— Не ауру?

— Білмеймін, шырағым. Әйтеуір бір төтеден киліккен кесел болды. Рак дей ме? Уһ!

Тышқанбай өз өзінен үрейленіп, қырыққа жетпеген жап-жас жігіттің қалайша рак болатынына түсінбей, әлде бір жоғарғы жаққа арыз етуге болатындай-ақ, мұның ешқандай ақылға да, заңға да сыймайтынын дәлелдеп тұрып алды.

— Үй-ішің, аман ба, шырағым? - деді Қожекең бір түрлі қамыққан үнмен.

— Аман, аман, аман,- деп асып-састы Тышқанбай.

Көше жақ бетте машина да күтіп тұр екен, бұлар көп ұзамай-ақ екі бетін ағаш көгерген оқтай түзу там көшелермен жүріп Тышқанбайдың үйіне жетті.

Бәленбай қабат зәулім үйді көргенде Қожекең алғашында «құдай-ау, осынша үлкен үйді не істейді»,- деп шошып кеткен. Сүйтсе үйі соның екі-ақ бөлмесі екен. Ағаш шкафтар мен столдар, диван сосын тек кітап жинай беріпті... Орыс екені, қазақ екені белгісіз, еркекше шалбар киіп алған әп-әдемі талдырмаш келіншек шүлдір-шүлдір етеді. Дәмін жасап, арақ-шарабына дейін самсатып, стол үстін әзірлеп қойыпты.

Тышқанбайдың ақылы болар, бір рет амандасып кетіп қалғаннан кейін қайтып келіп:

— Ата, сізге көңіл, айтамын балаңыздың өліміне біз де уайымдаймыз,- деді бір түрлі жаттықпаған тілмен.

— Рақмет, шырағым,- деді Қожекең кәдімгідей риза болып, — Құдайдың бұйрығы шығар. Шығарға жан бөлек болған соң, амал жоқ. Қайтейік...

Қожекең жұмсақ диванға отырғанда өзінің әбден шаршағанын бір-ақ сезді. Жастыққа жантайып, ұйыған белін жазып жан шақырды. Аздап дем алғаннан кейін, киімін жұқартып, жуынып-шайынып алды. Содан кейін барлығы столға отырды.

— Мына келін балаңыздың аты — Гуля, то есть Гүлсім,- деді Тышқанбай зат көрсеткендей әйелін саусағымен нұсқап. — Ана бөлмеде кішкентайымыз ұйықтап жатыр. Оның аты – Абылай...

— Бәрі де қайырлы болсын, қарақтарым. Бақытты болыңдар.

Етке бір-екі рет қол салғаннан кейін-ақ. Тышқанбай бөтелкелердің біріне жармасты.

— Айналайын, мен ішпеймін ғой, қайтесің соны,- деді Қожекең.

Тышқанбай оған көңіл аудармай әлденеге асып-сасып, бөтелкенің тығынын тартып қалғанда, қаңылтыр тығын қолын кесіп кетті.

— Ойбай, Гуля, марля,- деді саусағын ұстай алып.

Қожекең Тышқанбайдың жаңғалақтығына қарап, оның әкесін есіне алып отыр. Жарықтық ұшып-қонып, көрінген жерде кезін шығарып ала жаздап, жайдақ шанадан аударылып, жүз адам сау жүргенде ортасында жалғыз өзі аттан құлап, ыңғай бірдеңеге ұрынып жүретін. Бірақ кісіге арамдығы жоқ, ақкөңіл еді.

Тышқанбай саусағын дәкемен байлап алғаннан кейін, рюмкелерге арақ құйды. Құйып жатып:

— Сіз енді ішпей-ақ қойыңыз, бірақ құюлы тұра берсін...Ішпей-ақ қойыңыз, ішпей-ақ қойыңыз... бірақ құюлы тұрсын,- дейді бір сөзін мың қайталап.

Әйелі бірдеңе деп орысшалайды, ішпе деп жатқаны болар. Тышқанбай қипақтап, ішпейтін адамдай рюмкесін ысырып қойды.

Қожекең ет жеп болып, қағазға қолын сүртті. Осы кезде Гүлсім сорпа әкелуге ас үйге шығып кеткен еді, Тышқанбай жалма-жан рюмкесін қолына алып.

— Ал, Қожеке, сіздің аман-есен келгеніңіз...- деп сөзінің аяғын айтуға үлгіре алмай қағып салды. Әйелі қайтып келгенде бір түрлі жылайтын адамдай тыжырынып, Қожекеңе қарап:

— Ал енді... сонда... сонда - дей берді не айтып тұрғанына өзі түсінбей.

Әйелі бос рюмканы көрді де, Тышқанбайға көзінің астымен бір қарап үндемей отыра берді.

Дәмнен кейін Тышқанбай өзінің бір айлық командировкада болғанын, көк тасты келе салысымен заказ беріп, осы жуырда ғана салып жібергенін, ендігі жетіп те қалғанын, ал енді Қожекенді кез-келген дәрігерге көрсетіп алуға құдіретінің жетіп жатқанына айтты.

Гүлсім ыдыс-аяқ жууға ас үйге кетті.

— Менің келген шаруам одан бөлек,- деді Қожекең осы кезде:

— Иә, иә? - деді Тышқанбай естігенше шыдамай.

— Менің шаруам бөлек,- деді тағы да Қожекең күрсініп. — Е-е, өлер бала өлді... Құдайдың жазғанына не істейміз. Бәрінен де жанға батқаны бір немере сүйдірмей кеткені. Той жабдығына кірісіп жатқан кезіміз еді ғой. Сүйтіп тірліктен түңіліп отырғанда, бір хабар естідік.

— Иә, иә,- деді Тышқанбай Қожекеңнің аузына кіріп кетердей ентелеп.

— Оны Болаттың бірге оқыған жолдасы Жарасбай айтты. Әдейі келіп, тамын салысып кеткен. Болаттан осында бала бар көрінеді. Соны іздеп келдім. Мынау... — Қожекең төс қалтасынан Жарасбай берген адресті алды,- осындағы бір жолдасынын әдірісі... Сол білетін көрінеді.

Тышқанбай адресті оқып шықты да:

— Е, микрорайонда тұрады екен ғой,- деді беймәлім бір жақты басымен нұсқап.

— Оның қай жақ?

— Қаланың шет жағы. Табамыз ғой. Мында қызмет телефоны да бар. Мен таңертең орнынан звандармын. Қайда істейді екен?

— Жадымнан шығыңқырап кетіпті... Институтта мұғалім... деді ме? Әйтеуір оқитын жақтың төңірегі болар.

— Сонда қалай, Болат осында үйленген бе екен?

— Айналайын-ау, ол жағында менің шаруам қанша. Маған кімнен туса, одан тусын, Болаттың белінен қалған бала керек. Мен қазір жетпістің екеуінде тұрмын, шырағым. Ертең кемпір екеуміз өлгенде, шаңырағым... бос қала ма деп қорқамын ғой... — Қожекең әлдеқалай босап, орамалын алып көзін сүтті...

— Қойыңыз, Қожеке, болмайды,- деді Тышқанбай адамның өзі көнбесе өлмей қоюға болатындай. — Неге өлесіз? Болмайды оныңыз.

— Шайтан емеспін ғой енді. Бұйрықтан қашып қайда барам.

— Ол дұрыс емес,- деді Тышқанбай тағы келіспей.

Қожекеңе отырған диванға төсек салынды. Тышқанбай Қожекеңнің өлгеніне келіспеген күйі ұйықтайтын бөлмесіне кетті.

...Қожекең таңертең дабырлаған дауыстан оянып кетті. Бала бақшаға бармаймын деп, қиғылық салып жатқан кішкентай Абылай екен.

Тышқанбай әйелі екеуі жалынып-жалпайып, ойыншық сатып алып беретін болып келісіп, әрең дегенде алып кетті.

Қожекеңе бейтаныс кішкентай немересі де осындай ерке, үй ішін өзінің құртақандай алақанында ұстайтын сүйкімді тентек болып елестеді.

Көп ұзамай Гүлсім қайтып оралды. Төсек-орынды жинап, Қожекеңе шай беріп, түсте тағы келетінін, айтып жұмысына кетті.

Қожекең енді Тышқанбайдың келуін асыға күтті. «Не хабар әкелер екен, әлгі Асылбегі бір жаққа кетіп қалмаса жарар ед» деген ой мазасын алды.

Түскі шайдан кейін үйде тағы жалғыз қалған Қожекең көзін іліндіргісі келіп, диванға қисайды. Бірақ көзі ілінбеді. Әрі-бері аунақшып жатта да, орнынан тұрды. Галошын киіп, есікті ашып, коридорға шықты да, басқышпен жайлап төмен түсті. Аула толған бала, у-шу. Қожекең есік алдында орындықта отырған көзілдірікті кемпірдің қасына келіп отырды.

— Әй, Құралай, ант ұрған-ау, қайда кеттің, бері ойна деймін бері,- деді кемпір Қожекеңе көңіл аудармай.

Қожекең жөткірініп алып:

— Есенсіз бе? - деді.

— Бері ойна дедім ғой мен саған.

— Есенсіз бе? - деді Қожекең қаттырақ.

— Немене?

— Ойбай-ау, есенсіз бе деймін,- деді Қожекең айқайлап.

Кемпір сәл-пәл ойланып:

— Жақсымысыз? - деді ақырын ғана.

Кемпірдің құлағы ауыр екенін түсінген Қожекең тақалып отырды.

— Нешедесіз бәйбіше?- деді әлден соң әңгіме қозғап.

— Шүкір, шүкір,- деді кемпір бетімен лағып.

— Нешедесіз деймін, бәтір-ау.

— А... иә... алпыстың сегізіндемін. Жылым тышқан ғой.

— Неше балаң бар?

— Елде үлкен ұлым бар, қыздарым бар. Мына бір кенжем қолыма кел деп болмаған соң,- кемпір қолымен үйдің жоғарғы қабатын көрсетті. — Келе қалып ем, құдай сақтасын, мына бір балалары жер-көкке тұрмайды.

— Е-е, не болғанда да өзіңдікі ғой.

— Құдай-ау, өлер болдым,- деді кемпір самбырлап. — Ойбай апа, өзім асыраймын, сүтіңді ақтаймын, әлгі немене... қарызыңды өтеймін, иә... менен қашан қарыз алып жүргенін... сүйтемін де, бүйтемін деп қояр да қоймай алып келгенге... Мен қайдан білейін бүйтіп бала бақтырып қоятынын...

— Бар болған соң шалқаясың ғой, бәйбіше-е!

— Жоғалсын әрі, енді қалған ғұмырымды, осылардың баласын бағып, басымды қатырар жайым жоқ. Етегім елпі, жеңім желпі болып өздерін өсіргенім жетер. Енді миымды ашытпа, құдай шебер, аулақ, аулақ,- деп кемпір тап бір миын Қожекең ашытып отырғандай қолын сілтеп кейін ысырылып отырды.

Төрт-бестер шамасындағы сары шашты қыз жүгіріп, кемпірдің қасына келді, еркелеп сүйкене бастады.

— Жоғашы-ей әрі!!!

— Әже, әже...

— Кет дедім ғой, тартып жіберейін бе жақтан.

Кемпірдің зілсіз ашуынан ығатын бала жоқ, өрмелеп мойнынан құшақтап, тамағынан тілімен қытықтай бастады.

— Әжетай...

— Көгермегір, адамның іші-бауырынан өтеді ғой,- деді кемпір қарсылығын доғарып.

Әлден кейін кішкене қыздың қытығы келіп шықылықтай күлгеніне қарамастан мойнынан сүйді де, өзі де күліп жіберіп:

— Шірік немелерді жақсы көрейін демейсің, шыдатпайды,- деді Қожекеңе қарап. Содан кейін немересін ұратын адамдай-ақ қолын көтеріп қорқытқан болды. — И, зәлім неме, жоғал!

Кішкене қыз кемпірдің қалтасын ақтарып жүріп, бір кәмпіт тауып алды да, қайтадан ойнауға кетті.

Қожекең кемпірдің қасына қайта жақындай отырды.

— Құлақтан ерте қалыпсыз ғой, бәйбіше.

— Е-е, қайбір жетіскеннен дейсің. Жалаңаш-жалпы болдық, - жесір болдық... Осыларды жеткіземін деп, көрмеген қорлық жоқ. — Кемпір Қожекеңе көзілдірігінің үстінен қарады. — Өзіңіз осында тұрушы ма едіңіз, әлде... сіз де балаңызға келдіңіз бе?

Иә, балама келдім...

— Е, е, шыдау қайда, іштен шыққан соң... алаңдайсың да отырасың.

Қожекең бәрін айтып ақтарылғысы келіп, бір тұрды да, тілін тістеп үндемей қалды. Әлдеқалай көңілі босап, енді кемпірмен әңгімелесіп қарық қылмасын білді де:

— Ал, бәйбіше, мен үйге барайын,- дегенді үзіп-үзіп әрең айтып, орнынан тұрды.

Кеш түсе алдымен кішкентай Абылайды ертіп Гүлсім, одан кейін Тышқанбай келді, қасында көзілдірікті бір жігіт бар.

— Ассалаумағаләйкум,- деп амандасты көзілдірікті жігіт.

— Әликісәлем! — Қожекең бұл қай бала дегендей Тышқанбайға қарады.

— Асылбек деген жігітіңіз осы,- деді ол гастугін ағытып жатып.

— Е, айналайын, амансыңдар ма?

Жөн білетін бала екен, алдымен көңіл айтты. Қожекең өзінің әдетімен не айтқаны белгісіз аузын жыбырлатты.

Асылбек Болаттың неден қайтыс болғанын, қанша ауырғанын сұрады, өзінің хабарсыз қалғанын, естіген болса барып келетінін айтты.

Шай ішілді. Гүлсім баланы ұйықтатуға төргі бөлмеге әкетті. Осы кезде Қожекең Асылбекке Жарасбайдың хатын берді. Асылбек хатты үнсіз оқып шықты да, ойланып отырып қалды.

— Немене, шырағым? - деді Қожекең әлденеге күдіктеніп.

— Не, не, бекер ме баланың қалғаны? - деп асықты Тышқанбай.

— Жоқ, баланың бары рас,- деді Асылбек көзілдірігін қозғап. — Тек екеуі...

— Не дейді,- деп Қожекең шошып кетті.

— Қанша? - деді Тышқанбай ентелеп.

Асылбек күліп жіберді.

— Екеуі де осында ма екен деймін. Қыздарды айтамын да... Ақсақал кешірер. Жас кезде жігітшілік кімде болмайды. Болат сұлу жігіт еді. Қыздар соңынан еріп жүретін. Солардан бала бар деп естігем... Дәлдеп айта алмаймын... — Шырағым-ай, он бала қалса да, көпсінейін деп отырғаным жоқ,- деді Қожекең алғашқы күдіктен кейін түсі жылып.

Әлдебір шаруаға алданып, сөзді шала естіген Тышқанбай даурығып:

— Немене, немене, он болды ма? - деп киіп кетті.

«Түу, мынаның жаңғалағын-ай»,- деді іштей Қожекең еріксіз жымиып.

— Жоға,- деді Асылбек күліп.

— Ал енді, қарғам, сөздің тоқ етері - мені қалайда жүздестір,- деді Қожекең қалтасынан шақшасын алып жатып.

— Жарайды, ертең хабарласайын. Біреуі ресторанда істеуші еді.

Болса өзім келіп, сізді алып кетермін.

— Сүйте ғой айналайын.

* * *

Келесі күні. Асылбек түс кезінде келді.

— Аға, киініңіз,- деді ол келе салып. — Тезірек барайық. Кім біледі, бір жаққа кетіп қала ма...

Қожекеңнің жүрегі дүрсілдеп кетті. Ұшып тұрып киіне бастады. Сыртта машина күтіп тұр екен. «Е, алла, жақсылығыңды бере гөр!» - деп сыйынды отырып жатып.

Машина жоғарыдан төмен шынылап тастаған үлкен ресторанның алдына қазірде әкеп тастады. Асылбек Қожекеңді үшінші қабаттағы оңаша бөлмеге ертіп кіргізді.

— Қазір келеді,- деді Асылбек столға отырғаннан кейін. — Осы жерден тамақ ішейік. Тамақ үстінде әңгімелесе береміз ғой.

Алдына аппақ алжапқыш байлаған, шашын қарқарадай қоқырайтып қойған жап-жас орыс қызы келді. Асылбек стол үстінде жатқан екі бет қағазды алып, тамаққа заказ бере бастады. Даяшы қыз айтқанның бәрін қағазға жазып алып кетіп қалды.

— Осы ғой,- деді Асылбек қыз кеткен жақты иегімен нұсқап.

Қожеке түсінбей Асылбектің бетіне қарады.

— Аты Валя. Болаттың маған айтып жүрген адамының бірі осы. Сөйлесіп көреміз ғой.

Қожекең не дерін білмей қалды. Ол бейтаныс келінім орыс болар деп ойламаған еді. Әрі-сәрі біраз отырғаннан кейін: «Е, мейлі ғой,- деп бекіткен болды көңілін. — Осы заманда орыс әйел алғандар аз ба? Ауылдағы Тырқайдың жаман ұлы да орыстан алды. Түгі де жоқ. Балалары қандай сүйкімді!»

Тамақ үстінде Асылбек Валяны қастарына шақырды.

Валя алдында Асылбектің айтқан сөздерін түрегеп тұрып тыңдады, артынан жүзі әлдеқалай өзгеріп, таңырқағандай бір түрмен столға отырды.

Қожекең олардың сөздеріне түсінбей, бет қимылдарына, көз қарастарына жалтақтап қараумен болды. Алдымен Асылбек ұзақ сөйледі. Содан кейін «енді сен не айтасың?» дегендей, Валяның бетіне қарады. Анау көз шарасы кеңейіп, әлденеге үрейленгендей, жүзі сұрланып үнсіз қалды.

Болаттың қазасын естіген болар. Әлден уақытта төмен қарап отырып бірдеңе дегендей болды. Асылбек тағы да ұзақ сөйледі. Қожекеңді көрсетті. Валя бұрылып Қожекеңе қарады. Қожекең «айтып жатқанның бәрі рас» дегендей, басын изеді. Валя стол үстіндегі майлық қағазды уқалап тағы да үнсіз қалды. Кенет басын көтеріп, Асылбекке тура қарап, басын шайқады. «Тек...!» Қожекеңнің санасын әлдене қарып өткендей болды. Жүрегі өрекпіп, көмек сұрағандай Асылбекке қарады. Оның түрінде де жақсылықтың нышаны жоқ секілді. Валясы құрғыр безеріп бас шайқауын қояр емес. Асылбек қолының арасында айналдырып отырған сіріңкесін столға лақтырып тастап, шегініп отырғанда Қожекең істің енді оңға баспайтынын сезді.

— Не дейді? - деді даусы дірілдеп.

— Көнбей тұр. Бала түгіл, тіпті ешқандай байланысымыз да болған емес деп мойындамайды.

— Апырмай, қарағым-ай,- деп күңіренді Қожекең қыздың қазақшаға түсінбейтінімен шаруасы болмай, — біздей ғаріптің көз жасына қарасаң болмады ма? Алла тілеуіңді бергір-ай, жасым жетпістен асқанда ит өлген жерден ит жанымды сүйретіп келіп ем, жібімедің-ау, шырағым-ай!..

Асылбек тамақтың ақшасын төледі. Қожекеңді сүйемелдеп, орнынан тұрғызды. Қожекең сыртқа қалай шыққанын, үйге қайтіп жеткенін сезген жоқ. Жүрегін аузына тыққан сол бір үрей тағы да тынысын тарылтты.

Түні бойы көз ілген жоқ.

* * *

Өстіп бәрінен де түңіліп отырғанда әлгі Асылбек апақ-сапақ екі кештің арасында тағы жетіп келді. Қожекең әлдеқалай

абдырап:

— Ал, балам, төрге шық, төрге шық,- дей берді Асылбектен көзін алмай.

— Аға, киініңіз,- деді Асылбек ентігіп. — Шыққан соң айтармын...

Қожекеңнің шықпаған жаны қалды. Апыл-ғұпыл киініп, галошын сірісінен баса киіп, сыртқа шықты.

Асылбек тағы да машинаны ресторанның алдына тоқтатты. «Рестораннан басқа жерде әңгімелесуге болмай ма, бұларға», деп ойлады Қожекең.

Асылбек есік алдында тұрған көк көйлекті әйелге қолын беріп амандасты.

— Ғапу ет, кешігіп қалдық.

— Оқасы жоқ енді, ішке кірмей-ақ қояйық...

Асылбек ойланып қалды.

— Ал жарайды,. онда анау орындыққа отырайық.

Қожекең келіншектің жүзіне қарады. Бетінде кішігірім түймедей меңі бар, қара торы әдемі келіншек екен. Қазақша тәрбиленген бала секілді, тілі жатық ибалы.

— Сәуле,- деді Асылбек жақындай отырып, — біздің келген шаруамыз мынадай. Мына кісі Болаттың әкесі... Болаттың өзі қайтыс болып кетті. (Келіншектің «аһ» деген даусы шығып кетті). Енді ол о дүниелік адам, оған деген ренішіңді ұмыт. Өлім бәрін жуады...

Келіншектің қуарып кеткен жүзін көріп, Асылбек үндемей қалды. Сәуле бетін басып, ұзақ отырды. Әлден соң басын көтеріп, Қожекеңе қарап:

— Қазасы қайырлы болсын,- деді ақырын ғана.

Қожекеңнің жүрегі шым ете қалды. Көзіне тірелген жасты білдіртпей, өзіне тән әдетпен аузын жыбырлатты.

— Бір шаңырақтың астында шал мен кемпірден басқа ешкім қалмады. Болат үйленбей кетті... — Асылбек келіншектің бетіне қарады. — Сенің Болаттан балаң бар екенін мен жақсы білемін... Арадағы болған істің ақ, қарасын талқылап жатудың мүлде реті жоқ. Болаттан бір тұяқ қалды дегенді естіп, сонау елден келіп қаңғып жүр мына кісі. Не айтасың?

Сәуле әңгіменің бұлай оралып өзіне соғарын күтпеген тәрізді, сұп-сұр жүзі күреңітіп сала берді.

— Сен дұрыс түсін, - деді Асылбек. — Үлкен кісінің бұл арада жазығы жоқ. Саған баланың керегі жоқ деп айта алмаймын. Бірақ сенің өмірің алда. Ал мына кісінің ендігі ғұмыры тек соған тіреліп отыр... Түсінемісің?.. Тіпті...

— Мен бәрінде түсініп тұрмын,- деді Сәуле даусы дірілдеп. — Мен түсініп тұрмын, Асылбек... Өткен күндер өтті ғой... Бәрі де ұмытылған... Менің Болатқа деген өкпем де жоқ. Бірақ... мен баланы сақтап қала алмадым... жастан асқанда қайтыс болды... Өсіргім келіп еді, қолымнан келмеді. Жападан-жалғыз, не жұмысқа тұрарымды, не балаға қарарымды білмей, көп азап шектім. Дені дұрыс пәтер де табылмады. Балаға да, өзіме де суық тиді... Сүйтіп...

Үшеуі де үнсіз қалды. Қожекең қалтасынан орамалын алып сіңбірген болды. Аузындағы кермек дәмнің көз жасы екенін түсінген кезде барып, орамалын көзіне апарды. Өлімнің орнын толтырамын деп жүріп, екінші өлімді естірмін деп ол тіпті ойламаған еді.

— Аты кім еді? - деді бір кезде даусы қарлығып.

— Кімнің? — Сәуле түсінбей Қожекеңе қарады.

— Баланың аты кім еді деймін?

— Атын... Болат деп қойған ем,.. Бәрінен де батқаны... — Сәуле көңілі босап, кішкене сөмкесінен орамал алды... — Жерлесетін бір адамның болмағаны... Көрші әйелге жалынып... екеулеп әрең дегенде көміп қайттық. Бар болғаны сол,- деді кенет келіншек нық дауыспен. — Содан кейін басқа адаммен дәм-тұзымыз жарасып тұрмыс құрып жатырмыз...

Тағы да үнсіздік. Асылбек оқиғаның мән-жайына толық түсінгендіктен үндемеді.

Қожекең жүрегін сырқыратқан жаңа уайымнан әлдебір ризашылықтан, аяныштан іші толып бірдеңе айтқысы келіп еді, бірақ соның бәрі соншалықты күрделі болғандықтан аузына лайықты сөз түспеді. Ал келіншек айтатын сөзінің бәрін айтып болған еді.

— Ғапу етіңіздер,- деді Сәуле бір кезде, — менің қайтатын уақытым болды.

Үшеуі де орындарынан тұрды.

— Айыпқа бұйырма, айналайын,- деді Қожекең ақырында. — Жетіскеннен келгем жоқ. Қайтейін бұ да бір құдайдың ісі шығар... Қош, шырағым!

* * *

Уайымға уайым жалғаған Қожекең түнімен жүрегі шаншып көрер таңды көзімен атқызғаннан кейін, енді кешігудің реті жоғын сезді. «Айдалада өліп қалсам, сүйегімнің қайда қалғанын адам білмес. Одан да елге жетейін. Ағайын ортасында өлгеннен артық абырой болмас маған». Көңілдегі уайым бірте-бірте берішке айналған кеселдей, бұрынғыдай жанға батып ауырмайды, қинамайды тек өзінің енді ешқашан да жазылмайтынын ұқтырып, бір көнбіс, бей-жай, мең-зең сезімге итермелейді.

Асылбектің үйі қонаққа шақырған күні, Қожекең Тышқанбай барып алып келген самолеттің билетін төрт бүктеп пешпентінің қалтасына салып, аузы қайта-қайта ашылып кете берген чемоданының белінен жіппен шандып байлап, қазір жүріп кететіндей диван үстінде қаздиып отырған да қойған.

Екінді шамасында Асылбек келді. Қожекең де апыл-ғұпыл киіне бастады. Асылбек жұмыстан әлі келмеген Тышқанбайларға қағаз жазып қалдырды да, Қожекеңді тысқа алып шықты.

Машинаға отырған кезде:

— Алдымен бір жерге соғайық,- деді Қожекеңе бұрылып.

— Е-е, шырағым...

Машина әлдеқандай есік алды сапырылысқан адамға толы биік үйдің алдына тоқтады. Асылбек есік алдына барып, біреулермен ұзақ сөйлесіп, ақыры Қожекеңді ішке кіргізіп алды.

— Мынауың тағы да ресторан ба, шырағым-ау,- деді Қожекең қанбазардағыдай сеңдей соғылысқан халықты көріп.

— Ие, сол ресторан секілді. Бірақ мұны «Бар» дейді. Ішімдік ішетін жер ғой. Осы жерде қазір біреумен сөйлесіп көреміз, Тағы бір бағымызды сынап көрейік... Сәтін салса...

Қожекеңің жүрегі дүрсілдеп ала жөнелді. «Иә, алла, иә, алла...» Бұлар бұрыштағы столға отырды. Тағы да даяшы қыз келді, заказ берілді. Біраздан соң Асылбек орнынан тұрып сымға қонған қарлығаштардай сатушының төңірегінде қаз-қатар тізіліп отырған жұрттың арасына барды. Әлдекіммен шұқшиып ұзақ сөйлесті. Арақ исі, темекі түтіні, у-шу болған радио үні Қожекеңнің басын айналдырды. Әлден соң би басталды. Қыз екені, ұл екені белгісіз ұзын шашты біреулер ортаға шығып алып, ұстамасы бар адамдай селкілдеп, аяқ қолдарын сермеп, өздерін өздері жұлып жеп тайраңдап жүр.

— Ойбай, мынау не пәле? - деді шошып кеткен Қожекең.

— Би ғой,- деді Асылбек отырып жатып.

— О, әмірі күшті құдай... — Қожекең әлдекімдердің сүйісіп жатқанын көріп көзін тайдырып әкетті.

— Жастардың көңіл көтеретін жері ғой.

— Е, бәрекелде шырағым, көңіл көтергенге не жетсін.

Даяшы столға бір бөтелке шампан қойды.

— Қарғам-ау, мынауың не? – деп. Қожекең Асылбекке таңырқай қарап.

— Қазір іздеген адамымыз келеді, соған алдым...

Би біткен кезде жын ойнақтың ішінде айрықша көзге түсіп аласұрып жүрген ақ шалбарлы қыз Қожекеңдердің столына қарай жүрді. Өзі мастау секілді, аяғын ырғалып басады...

«Мына пәле қайтеді»,- деп тіксініп қалды Қожекең.

Асылбек орнынан ұшып тұрды.

— О, Гүлсім, кәне төрге шық. Күтіп отырмыз.

Гүлсім екі ортадағы орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Мұның кім екеніне түсінген Қожекең басын көтеріп, оның бетіне тура қарады. Тура қарады да қыздың сұлулығына қайран қалды. «Апырмай, ажары келіскен бала екен, осынша қор болғанын қарашы».

— Гүлсім,- деді Асылбек қызға көзімен Қожекеңді көрсетіп. — Мына кісі Болаттың әкесі...

— О, о,- деді Гүлсім кісі сыйлаудан қалған мастарға тән дөрекі үнмен. — Привет, старик... Очень рада вас видеть...

— Гүлсім,- деді Асылбек ренішті үнмен. — Үлкен кісімен бұлай сөйлесуге болмайды ғой...

— Үлкен кісіге мені емес, баласын жөндеп алғаны пайдалырақ болатын еді...

— Гүлсім...

— Ладно, ладно...

Қожекең қыздың мына мінезін көңіліне ауыр алды. «Япырмай, осынша шектен шығуға бола ма екен...»

Асылбек бокалдарға шампан құйды. Содан кейін қызбен соғыстырып, өзі бір жұтты да, бокалын жылытқысы келгендей қос қолдап ұстап тұрып:

— Гүлсім,- деді тағы да. — Сен бұлай сөйлесуге тиісті емессің. Біріншіден Болат пен екеуіңнің арандағы оқиғаға бұл кісі жауап бермейді. Екіншіден бұл кісі жалғызынан айрылған жарымкөңіл адам. Болат қайтыс болды.

Гүлсім сәл ойланып қалды да:

— Сол үшін, деді бокалын көтеріп.

Қожекеңнің төбе шашы тік тұрды. Тізелері дірілдеп кетті...

— Қой, шырағым, мен кетейін,- деді даусы қалтырай.

Асылбек Қожекеңді әрең тоқтатты...

— Сабыр етіңіз, Қожеке, не болғанда да шаруамызды бітіріп кетейік.

Қыз бокалын түбіне Дейін сіміріп ішті де, столда жатқан сигареттің алып, асықпай тұтатып, аузынан сақиналап түтін шығарды.

Қожекең басын көтеріп, оның осыншалық сұлу жүзін көргенде тағы таң қалды. «Жасаған, адам баласын мінсіз ғып тудыра береді екен-ау... Неге бір-ақ осынша қара жүрек болды екен?»

— Біздің сөзіміз мынау. Гүлсім... — Асылбек те сигарет алып тұтатты. — Болат үйленбей қайтыс болды. Өзі бір шаңырақтағы жалғыз бала екен. Мына кісі Болаттан бала бар екен дегенді естіп келіп отыр. Бұл кісінің уайымын сен екеуміз түсінбейміз...

— Ал менің уайымымды түсінетін адам бар ма? - деді Гүлсім тілі күрмеле.

— Неге жоқ...

— Сен түсінесің бе? Мына кісі түсіне ме? Жоқ... Ешқайсы да?

— Жұрттың бәрі бірдей қатыгез емес қой.

— Болмай-ақ қойсын. Мені бақытсыз етуге бір адамның қатыгездігі жетіп жатыр. — Гүлсім шайқалақтап орындыққа шегініп отырды да қайталап: Қайтыс болды,- деді кекеткен үнмен. — Подумаешь... Мен де қайтыс болғам... — Мастықтан буадырлана бастаған таңғажайып көздерін шектен тыс бажырайтып Қожекеңе тесіле қарады. — Сенбей тұрсыз ба? Баяғыда қайтыс болғам. Ал мынау (саусағымен кеудесін түртті) басқа адам... Мені өлтірген сіздің балаңыз...

— Гүлсім, — Асылбек қолынан ұстап оны өзіне қаратты. — Сен тым болмаса бізді тыңдасаңшы.

Гүлсім тыңдауға келіскенін білдіріп, ілгері жылжып отырды.

— Ақылға сал, Гүлсім,- деді Асылбек сөзін жалғап. — Сенің де ата-анаң бар. Мына отырған шалдың ағарған шашын сыйла.

Болаттан қалған сәби үшін өздерін құрбандыққа атауға әзір. Ол сәби шаңырақ иесі ғой. Бір әулеттің жалғасы ғой, түсінсеңші. Бәріне де ортақ болмай ма? Қожекеңнің келген мақсаты, сәбиді алып кету.

Гүлсім әңгімеге жаңа түсінгендей елең ете қалды да, кенет мүлде өз бойына үйлеспейтін дөрекі үнмен селкілдей күлді.

— Енді ойнастан қалған баланы жинап...

— Тек, шырағым,- деді шошып кеткен Қожекең.

Өтірік-шыны белгісіз, Гүлсім күлкісін тияр емес.

— Қызық екен,- дейді ішін басып. — Ойпырай, ә!?..

Күлкісінің аяқ кезінен өтірік күліп тұрғаны байқалды.

Асылбек тағы шампан құйды. Гүлсім кідіртпестен қағып салды да, иегіне аққан шарап тамшыларын сүртпестен бұрынғыдан да масаңдау үнмен:

— ...Келген мақсатты-ы-ы сәбиді алып кету-у-у,— деп кекетті.

— Шырығым не айтсаң да қорлығыңа көндім. Тілегімді орындасаң болғаны,- деді Қожекең бір түрлі азалы үнмен.

— Гүлсім...

— Жоқ,- деп шаңқ ете қалды Гүлсім... Әлдеқалай мастығы айығып, түрінен тарқамас долылық пен кешірілмес қатыгездіктің, ұшқыны ойнады. — Ешқашанда? - деді қолын сілтеп. — Бәрі біткенде, бәрі түзелместей бүлінгенде, енді кешірім сұрамақшы. Ұяттарың бар ма?..

Асылбек «Гүлсім» деп тоқтатпақ болып еді, ол одан жаман долданып кетті. Шаңқылдаған дауысқа жұрттың бәрі бұрылды.

— Тыңдамаймын ештеңені,- деді Гүлсім біреуді тырнайтын адамдай ашына айғайлап. — Сендерің көкейлеріңді тесіп бара жатқан өз қамдарың... Шаңырақ керек, бала керек сендерге... Ал мен сендерге... Ал мен сендерге адам емеспін бе?.. Неткен қатыгезсіңдер! Мейлі Данышпан-ақ болыңдар, неге менің өмірім сендерің өмірлеріңнен кем болуға тиісті. Неге сендердің қайғыларыңды бүкіл ел болып. бөлісуге тиісті, мен неге жалғыз көтеремін? Неге? Сен,- деді Асылбекті көзін шұқып алардай саусағымен нұсқап, — мына кісіге көмек керек болғанда жаныңды саласың, ал маған керек кезінде неге қол ұшыңды бермедің? Неге осылай шабылмадың?

Болат менің өмірімді улады. Бірақ сендер оның сол қылмысын серілік деп ат қойып мақтаныш қыласыңдар. Не деген қатыгезсіңдер?

Гүлсім столды тарс еткізді де, ауырсынып қолын ұстай алды «Бермеймін баланы! Өлсем де бермеймін»,- деген күйі жүгіре басып, есіктен шығып кетті.

Қожекең терезеге бұрылғанда, дауыс қылған әйелдей, бетін басып солқылдап, шайқала басып бара жатқан Гүлсімді көрді.

* * *

Қожекең келесі күні таңғы самолетпен облыс орталығына түсті. Ауданға ұшатын самолет екі күннен бері болмаған ба, әйтеуір билет алып, аэропортты кезіп жүргендер көп екен. Қожекең тура алған билеті кейінге қалды. Бірақ іле-шала келген почта самолеті қалған жұртты тегіс отырғызды. Тіпті соның өзі дұрыс болыпты ұшқыш жігіт Қожекеңді почтамен бірге дәл аулының үстіне тастап кетті. Почта алуға келген жас бала – Қайырбектің ұлы Қожекеңнің қайдан пайда болғанына түсінбей, бумаларын жинап жүріп көзіне түскен кепкасының астынан қайта-қайта қарай береді.

— Әй, неге сәлем бермейсің,- деді Қожекең баланы таяғымен түртіп, — менімен бірге түнеп шығып па ең?

— Ассалаумағалайкум!

— Әликісалам. Әке-шешең күйлі ме?

— Күйлі.

— Елде бөтен жаңалық жоқ па? - деді Қожекең арбаға отырғаннан кейін.

— Жоқ.

Зираттың тұсына келгенде Қожекең арбаны тоқтатып жерге түсті:

— Жүре бер, айналайын, мынау тұрған жер ғой, енді жаяу да барамын. Болатжанның басына соғып кетейін.

Қожекең аяңдап зират басына келді. Аузынан насыбайын алып, түкірініп, маңдайының терін сүртті.

Баласының күмбезіне тақап келіп тізерлеп отырды да, әлдебір ұзын сонар аят бастады. Қабір басын күңірентіп, аятты ұзақ оқыды. Ақыры қолын жайып, бетін сипады да, орнынан тұрды. Күмбездің сыртын айнала беріп селк ете қалды. Болаттың суреті салынған көк тасты өзі жоқта орнатып қойыпты. Болаттың суретін көріп, Қожекең босап сала берді. Көк тасты құшақтап:

— Жарығым-ау,- деді даусы тарғылданып. — Жатырмысың, жарық дүниеге келгенде көрген жалғымыз-ау. Таянышым-ау!..

Қожекеңнің көңіліне жиналған әлдебір реніш запырандай жүрегін қыжылдатып, соның бәрін ақтарып, әлдекімге шағынғысы келді. Есіне қайтыс болған белгісіз немересі мен сол немересінің анасы жарым көңіл Сәуле түскенде ащы уайым өзегін өртеді.

— Бұ не қылғаның, жарығым-ау. Бәрі қолыңнан келгенде қиянат қылмау қолыңнан келмегені ме жарығым-ау. Құдайдан көрген зәбір тірліктің заңы шығар, адамнан көрген зәбір қымбат, жарығым-ау. Соны неге түсінбедің. — Қожекең сақалына сорғалаған жасын сезбей, құлпытасты сипай берді. — Қалайша түсінбедің, құлыным-ау! Хайуанның да обалы жібермейді деуші еді, адам обалы қайтіп жіберсін... — Қожекең көріскен адамдай құлпытасты құшақтап алды. — Құлыным-ау,- деді кемсеңдеп,- қара тырнағыңнан садаға кетейін, құлыным-ау...

Қожекең қалтасынан орамалын алып көзін сүртіп, көңілін бекітті. Сосын ұлының суретіне қадала қарады. Көрік десең көрік, білім десең білім бар, Ел сыйлаған азамат. Бәрі де бар, құдай-ау, бәрі де... Сонда не жетпейді?

Қожекең етегінің шаңын қағып орнынан тұрды. «Бұл дүниеде ешкім ештеңені өзімен бірге алып кетпейді екен-ау,- деп ойлады ол. — Жаманшылық істесең де, жақсылық істесең, де -бәрі осы дүниеде қалады. Біреулер соның не азабын, не рахатын көреді».

Қожекең зират шетіндегі баяғы Қыз Бәтіш пен Ерсейіттің қос емшек моласының жанынан өтті. Жарықтық! Өздері өлсе де арттарында аңыз қалды. Ерсейітті қыздың ағалары өлтіргенде, Қыз Бәтіш түн ішінде мола басына келіп, өзіне-өзі пышақ салып өліпті. Елдің игі жақсылары кеңесіп, жігіттің қасына көмсе керек. Қыз Бәтіш керемет сұлу бопты десетін қариялар. Қожекең Қыз Бәтішті көз алдына елестетіп көріп еді, көрмеген адамның бейнесі кешегі тал шыбықтай Гүлсім болып елестеді. Және әнебір «Бар» деген бәленің ішінде отырған секілді. «Жасаған адам баласын осынша мінсіз етіп жарата береді екен-ау»,- деп күбірледі тағы да.

* * *

Одан бері - мінеки үш жыл өтті. Қожекеңнің кемпірі қайтыс болған. Өзі жамағайын бір туысының қолында, аты жеке шаңырақ болмаса, тамағы бір, суы бір, күн көріп жүріп жатыр. Азғантай пенсиясы, төрт-бес ұсақ малы бар.

Күндегі әдетімен үй сыртына шығып, таяғына сүйеніп, төңірегіне қарап тұрған.

Әлгі Әубәкірдің Қамидолласы бір арба тал әкетіп бара жатыр екен.

— Ay, шырағым, келін бала аман ба? Маған бір төрт-бес тал қалдырып кетші, айналайын тіпті насыбайға күл таба алмай өлер болдым,- деп қиылды Қожекең.

Қамидолла сөз айтпай бір құшағын аудара салды.

— Ойпырмай, қандай тәуір бала еді,- деп мәз болды Қожекең. — Мына талдың күлі енді күзге дейін жетер... Мынау дүниенің талы ғой... Ойпырмай, айналайын-ай... Қарашы мың болғырдың...

Қожекең мұратына жеткендей жымың-жымың етеді...

«Рахат болды-ау» деп қояды..

Арсыз тіршілік!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама