Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
«Қоянды бақылап, таныстыру»
Ортаңғы топ
Білім беру саласы: «Әлеуметтік орта»
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: Айналамен таныстыру

Мақсаты: Өздері атап өткен ертеңгілік мерекелерді елестетіп еске түсіру арқылы қоян жылын анықтап алу. Оқу іс-әрекетінің мазмұнын бала санасына бағыттап оның қасиеттерін, ерекшеліктерін қоршаған ортамен тығыз байланыстырып баланың дербестігі мен шығармашылығының дамуына қолайлы жағдай жасау. Қоян мен көжектің өзара ұқсастығын, болмысын сипаттау арқылы баланың тілін дамыту. Затты жоңышқа, сәбіз,т. б. нақты атауымен атап,оның қасиеті мен сапасы туралы білімдерін толықтыру. Ойын ойнату арқылы баланың логикалық ойлауын, зейінін арттыру.

Қоршаған ортадағы жан-жануарларды аялауға және мейірімді болуға тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілі: Еске түсіру, ой қозғау, таңғажайып сәт, түсіндіру, сұрақ-жауап, сергіту сәті, ойын, бағалау, қорыту.
Сөздік жұмыс: күртеше.
Сөздік қор: жоңышқа, күлгін.
Қажетті көрнекіліктер: ойыншық қоян көжегімен, тордағы тірі қоян көжегімен, сәбіз, жоңышқа, гүлдер.
Алдын-ала жүргізілген жұмыс: қоян туралы ертегілер оқу, мақал-мәтелдер жаттату, өлең айту.
Ұйымдастырылған оқу іс - әрекетінің түрі: дәстүрлі емес.
Ұйымдастырылған оқу іс - әрекетінің типі: бақылау арқылы жаңа білім беру.
- Балалар топта өткен ертеңгіліктерімізді еске түсірейікші. Біз биыл қандай мерекелерді тойладық?
- Аналар мерекесін тойладық.
- Бұл мереке несімен есте қалды?
- Қыздар әдемі гүл болды, ұлдар құс болып ұшып келді.
- Жақсы тағы қандай мерекені қарсы алдық?
- Наурыз мерекесін қарсы алдық. Қазақша оюмен өрнектелген әдемі киімдер кидік. Тағы да жаңа жыл мерекесін тойладық.
- Жақсы дұрыс айтасыңдар. Балалар, бір сәт есімізге түсірейікші. Биылғы жаңа жылда қандай жылды қарсы алдық?
- Қоян жылын қарсы алдық.
Көңілді сәт: Көңілді әуенмен Нұрханым - аққоян топқа кіреді.
- Балалар сендер мен туралы айтып жатқан сияқтысыңдар. Дұрыс биыл менің жылым болды.
- Аққоян өзің ерекше көңілдісің ғой, қолыңдағы ойыншығың да әдемі екен!
- Ия, мен қояндарды өте жақсы көремін. Ойыншықтарым да көп. Ал қолымдағы ойыншығым сиқырлы, соның құпиясын балалармен бөліскім келеді. Бұны маған Әділет сыйлаған. (Аққоян ойыншығын апайға береді. )
- Балалар, қарайықшы, бұл не?
- Қоян мен көжектері.
- Бұл ана қоян, неше көжегі бар екен, санайықшы.
- Бір, екі.
- Олар қайда отыр?
- Ана қоянның алдында отыр.
- Олар әке қоянды күтіп отырған сияқты. Ал балалар, Нұрханым - Аққоянның осы ойыншығына жан еніп, кәдімгі тірі қоянға айналғанын көргілерің келе ме?
- Ия, көргіміз келеді.
- Ол үшін не істеуге болады, Аққоян өзің айтшы.
- Достарым, ендеше сендер көздеріңді жұмып іштеріңнен жақсы сөздер ойлап көріңдер. Сол кезде тілегіміз орындалады.
- Ал, балалар, бәріміз көзімізді жұмайық.
(Жай әуен ойналады, балалар көздерін жұмады, балалар көздерін жұмған кезде, тәрбиеші ойыншық қоянды алып,стол үстіне тордағы тірі қоянды шығарады. )
- Балалар, қараңдаршы міне керемет! Аққоянның ойыншық қояны тірі қоянға айналды.
- Балалар, ол қайда тұр?
- Торда тұр.
- Қоян жалғыз ба?
- Қоян көжегімен.
- Енді екеуіне ат қояйықшы. Ана қоянға не деп ат қоямыз?
- Мамық деп атайық.
- Ал көжегін қалай атаймыз?
- Үлпілдек.
- Олар ат қойғанымызға қуанған сияқты. Енді қоянға назар аударайық. Қояндар үй қояны және дала қояны болып екіге бөлінеді. Бұл үй қояны, түсі - күлгін. Көжегінің түсі қара.
- Балалар, күлгін деп қайталайықшы.
- Күлгін.
- Қоянның терісі жұқа, жүні жұмсақ мамықтай болады. Көзіне қарайықшы, қандай пішінге ұқсайды?
- Дөңгелекке, сопақшаға ұқсайды.
- Ал, енді құлағына қарайықшы, қоянның құлағы тік ұзынша болып келеді екен. Ол қорыққан кезде құлақтарын төмен қарай салбыратып, бүрісіп отыра қалады. Балалар, байқадыңдар ма, қоянның тұмсығының астында жіп сияқты мұртшалары бар екен, бұл мұртшалар иісті ажыратып сезеді. Қоянның 4 аяғы болады. Алдыңғы 2 аяғы қысқалау, ал артқы 2 аяғы сәл ұзындау. Қоян қорқақ, өте үркек жануар. Сондықтан да, көбіне ертегілерде қоянды «қорқақ», «ұзынқұлақ», «қыликөз» деп атайды. Ал, енді, қасындағы үлпілдекке қарайықшы. Мамыққа ұқсайды ма?
- Ұқсайды.
- Тек үлпілдек кішкентай екен. (Салыстыру)
Қояндардың қарны ашып қалмас үшін не істеуіміз керек?
- Жем береміз, су береміз.
- Қоян қандай көкөністі жақсы көретінін білесіңдер ме?
- Қоян сәбізді жақсы көреді.
- Дұрыс айтасыңдар, сонымен бірге түрлі шөптермен, ағаштың қабығымен, бұтағымен қоректенеді және ол жоңышқа жегенді жақсы көреді. Балалар, жоңышқа сөзін қайталайықшы.
- Жоңышқа.
- Мынау – жоңышқа, бұл азықтық шөп, оның майда жапырақтары болады. Әбден піскен кезде көкшіл гүл шығарады. Балалар, жоңышқаның түсі қандай?
- Түсі жасыл.
- Ендеше, мен мұны қоянға беремін, ал енді сәбізді берейік. Балалар сәбіздің түсі қандай?
- Сарғыш қызыл.
- Ал, пішіні ше?
- Сопақшаға ұқсайды.
- Қоян су ішеді, суды аздан жиі-жиі ішеді. Ал, қоянның терісі пайдалы, одан бас киім, жеңіл күртешелер тігіледі. Балалар, күртеше деген сөзді қайталайықшы.
- Күртеше.
- Күртеше – жеңі жоқ, кеудеге киетін жылы киім. Еті адал болады. Балалар, қояндар сүйкімді, мейрімді екенін кинодан, мульфильмнен білеміз. Ал, қояндар көжек туғаннан кейін, әке қоянды бөлек торға қамау керек екен. Әйтпесе, әке қоян өз көжектерін жеп немесе өлтіріп тастауы мүмкін. Қояндардың терісі жыл мезгіліне сәйкес өзгеріп тұрады екен. Мысалы, қыста қар сияқты ақ болады, ал күзде немесе көктемде жер түстес сұры немесе ала түрге енеді. Балалар, бәріміз тұрып көжектер сияқты іс-қимыл жасайықшы.
Біз кішкентай көжекпіз,
Батыл, әрі өжетпіз
Қалқиып ұзын құлағым
Жүйрік боп озып тұрамын.
Енді бір тамаша ойын ойнап жіберейікші. Бұл «Я мен жоқ» ойыны.
Ойынның шарты: Балалар, жоқ деген сөзді айтпау керек, оның орнына «болмайды», «олай емес» деген сөздер пайдаланады.
Ойынның мазмұны:
1. Қоянның дене мүшесі
А) қоянның жүні мамық па?
Ә )қоянның 4 аяғы бар ма?
Б) қоян секіреді ма?
В)қоян ұйықтайды ма?
Г) қоян күле ме?
2. Қоянның қасиеті
А) қоян жоңышқа жей ме?
Ә) жоңышқа жасыл ма?
Б) сәбізді кеміріп жей ме?
В) су іше ме?
Г) қоян кесемен айран іше ме?
3. Қоянның ерекшелігі
А) қоянның көжегі бола ма?
Ә) көжегі сүйкімді ме?
Б) қоян көжегін ойната ма?
В) қоян ертегілерде бола ма?
Г) қоян кино көре ме?
Рахмет, Аққоян! Сен бізге қонаққа келіп бүгінгі оқу іс-әрекетіміздің қызықты өтуіне көмектестің.
Аққоян: Достарым, сендер қоян туралы көп біледі екенсіңдер. Мен қуанып қалдым.
Балалар, біз бүгін айналамен танысу оқу іс-әрекетінде қоян, оның көжегі үлпілдек туралы танып білдік. Барлықтарыңда өте жақсы қатыстыңдар.
Күтілетін нәтиже:
Білуі: Үй қояны туралы толық мағлұмат алады.
Меңгеруі: Қоянның қасиеті, іс-әрекеті, қорегі туралы білім алады.
Жасай алуы: Өз ойларын еркін жеткізеді, ойын шартын, ойын ережесіне сәйкес орындауға бейімделеді.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама