Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
ҚР БҒМ: ИИДМБ үшiн оқытылған магистранттар жұмыссыз қалуы мүмкiн

Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы (ИИДМБ – агент.) үшiн жоғары оқу орындарында арнайы оқытылған 64 магистрант үшжақты келiсiмшарттың болғанына қарамастан жұмыспен қамтылмай қалуы мүмкiн. Бұл туралы ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Бибiгүл Асылова «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан 2021: Бiрлiк. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының «Бiлiм» бағыты жөнiндегi отырысында мәлiмдедi, деп  Baq.kz хабарлайды.

«Елбасы Жолдауы мен 2015-2019 жылдарға арналған ИИДМБ-да экономиканың басым бағыттары үшiн бәсекеге қабiлеттi кадрларды даярлау бойынша ауқымды мiндеттер қойылған. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, ИИДМБ кәсiпорындары үшiн үш жылда жоғары оқу орындарында 8200 кадр даярлану керек. Қазiргi таңда 11 ИИДМБ базалық жоғары оқу орнында 4700 профильдi бағыттағы магистрант оқып жатыр. ИИДМБ үшiн мамандар даярлаудың ерекшелiктерi - бiрiншiден, оқытудың адрестiк жүйесi арқылы, яғни студенттердi нақты кәсiпорындарда кәсiби тәжiрибемен қатар оқыту, одан кейiн оларды жұмысқа орналастыру. Екiншiден, шетелдiк сарапшылардың қатысуымен бiлiм бағдарламаларын даярлау, үшiншiден, кәсiпорындардың сарапшылық бағалау арқылы бiлiм бағдарламалары мен оқу жоспарларының сапасын анықтау, төртiншiден, өндiрiс мамандарын оқу процесiне белсендi түрде тарту, бесiншiден, ғылыми зерттеу нәтижелерiн оқытылатын пәндерге қосу», - дедi Б.Асылова.

Вице-министрдiң айтуынша, бүгiнгi таңда магистранттар 48 жаңа инновациялық бiлiм бағдарламасы бойынша оқып жатыр. Бұл бағдарламалар сарапшылар, 47 шетелдiк әрiптес ЖОО және 114 ИИДМБ кәсiпорнымен бiрiгiп әзiрленген. Бiлiм бағдарламаларында мемлекет, қоғам мен еңбек нарығының сұраныстарына жауап беретiн құзыреттер белгiленген.

«2017 жылғы қаңтарда 2015 жылдың алғашқы 1900 магистранты оқуын бiтiредi. Олардың әрқайсысымен жұмыспен қамту туралы үш жақты келiсiмшарт бекiтiлген. Дегенмен, бiз елiмiздегi экономикалық жағдайға байланысты ИИДМБ кәсiпорындары тарапынан жұмысқа орналастыру мiндеттемелерiнiң орындалмау қаупiн жоққа шығармаймыз. Базалық ЖОО мәлiметiне сәйкес, 64 магистранттың жұмыссыз қалу қаупi бар. Бұл магистранттар Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетi, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ, ҚарМТУ, М.Әуезов атындағы ОҚУ-да бiлiм алып жатыр», - дедi вице-министр.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама