Қуатбек пен Медетбек (І нұсқа)
Жаугершілік кезінде Сәмен батырдың ұлы Қапсалаң батырдың ауылына қырғыздар жиі-жиі шабуыл жасап, маза бермейді. Қапсалаң батыр жетпістің үстіне шығып қалған кезде қырғыздар тағы да келіп қалды деген хабарды естіп, ауылдағы бар жігіттерді атқа қондырады. Олардың ішінде Құдайғұл Толыбай, қыдырдан ағайынды Андас пен Сыпатай, жәдіктен Қуатбек пен Медетбек батырлар, тағы басқа тепсе темір үзетін жиырма-отыз жігіт Қапсалаң батыр ауылына жиналды. Қарт батыр бұл соғысқа ұлы Диқанбайды да қосып алады.
Кезінде Сәмен батырдың батасын алған, қазір қылшылдаған жас батырлар соғыс өнеріне әбден ысылып, шыңдалған. Қас батырлар қырғыздарға дес бермей, барымтаға алған жылқыларды түгелдей еліне айдап келеді.
Ол кезде алақандай асаннан шыққан алты батыр — ағайынды Қуатбек пен Медетбек, Елеу мен Дүзен, Шәйкөз бен Шотбай еді. Кейін оларға Андас пен Сыпатай қосылып, «Асаннан шыққан сегіз батыр» атаныпты.
Жоңғарлар мен қалмақтардың шабуылдарынан ығыры кеткен бұл аймаққа енді батыстан Қоқан хандығы қоқаңдап, тыныштық бермейтін болды. Әртүрлі салықтарды салып, оны уақтылы төлемеген ауылдардың азаматтарын соққыға жығып, кейбіреулерін тұтқындап алып кететін болды. Ел арасында қоқандықтардан қорлық, зәбір көргендер көбейді. Бұған шыдай алмаған қазақтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» қоқандықтарға қарсы шығуға бел байлады.
Батырлардың бұл жолғы жорығын Қуатбек басқарды. Екі мыңдай қол жинаған ол қару-жарақтарына, үстеріне, сауыт-саймандарына, мінген аттарына аса көңіл аударады. Оның қасында шақшамнан шыққан Тілеміс болды. Көпшілігі ботбайдың белді руынан тараған. Көп соғысты көрген, ысылған жігіттер еді.
Қоқан ханының жарлығымен әскерді мыңбасы Сейітқұлбек деген басқарады. Қуатбек пен Сейітқұлбек әскері Қаратау өңірінде кездесті. Сейітқұлбектің әскері өте мықты қаруланған, оларда мылтық және зеңбіректер бар еді. Енді Қуатбек әскерін сақтау үшін қандай тәсіл қолданатындары жайлы батырлармен кеңес өткізді. олардың шешкені: мылтық пен зеңбірегі бар әскермен ескіден келе жатқан далалықтар соғысы қаша жүріп ыңғайы келгенде жау жағына соққы беруді қалады. Соғыстың бұл тәсілі — қарсы жақтың әскерін қашқан болып, әбден әлсіретіп барып соққыға жығу. Қуатбек батыр әскерін төртке бөліп, әрқайсысына жеке тапсырма береді. Бірінші топқа Сыпатай, екінші топқа Медетбек батыр, үшінші топқа Тұрлыбай батырды басшылыққа бекітіп, негізгі төртінші топқа өзі қалды. Жауды мылтық оғы жетпестей жерге артта қалдырып, жолсыз жермен ауыр зеңбіректерін алып, жүре алмайтындай шөл далаға апарып көзін жою. Оны жақсы түсінген әскербасылары оңтүстіктің ыстығына, шөліне, құмына қарамай қоқандықтарды әбден титықтатты. Қазақтардың әскерінің басшысы Сыпатай батыр ойлағандай, Сейітқұлбек мыңбасы қазақ әскерінің соңынан бар әскерін қаптатып жібереді. Қазақтарды аямай, жеткен жерде қыруды табыстады. Сейітқұлбектің өзі де, әскері де қазақ әскерінің төртке бөлініп кеткен қулығын білмеді. Бар қазақ қолы осы шығар деп алдындағы Қуатбек батыр тобын өкшелей қуа береді. олар қазақтарға әне жетеміз, міне жетеміз деп күндіз-түні демалмастан қуа береді. Қазақтар қашқан болып оларға жеткізбеді.
Екі күннен кейін қоқандықтар әбден шаршап, қазақ сарбаздарына жете алмайтына көздері жетіп, кері қайтпақ болды. Қуатбек батырдың да күткені осы еді. Өйткені ол әскерін төртке бөлгенде қоқандықтарды алдаусыратып қашқан топта бар-жоғы бес жүздей адам бар еді. Ал қалғандары түнде басқа жолға түсіп, бір тобы қоқан әскерінің артына, екі тобы екі жағында, оларға көрінбей жүріп отырған. Енді олар кейін қайтқанда артта келе жатқан Қуатбек батырдың әскері олар демалып жатқанда төрт жағынан бірдей шабуылға шығады. Қоршауда қалып, әбден есі кеткен, қалжыраған жауды жойып, тас-талқан етті. ол қырғын таң ағарып атқанша жалғасады. Бұл кезде олардың оқтары да таусылған еді. Енді қазақтар қатары сиреп қалған, әрі естерін жимаған жауды ортаға алып, қылыштарын оңды-солды сілтеп, оларды жайратып салады. Аман қалғандары қаруларын тастап, тұтқынға түсті. Сөйтіп, бұл соғыс Қуатбек батыр бастаған қазақ сарбаздарының жеңісімен аяқталды.
Оқуға кеңес береміз: