depositphotos.com
- 25 ақп. 2026 02:31
- 15
Қысқы суыққа байланысты екі өңірде мектептер мен колледждер қашықтан оқытуға көшеді
Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлеріндегі мектеп оқушылары мен колледж студенттері 25 ақпаннан бастап қашықтан оқыту форматына ауысады. Бұл шешім ауа райының қолайсыздығына, атап айтқанда, қатты аязға байланысты қабылданды.
Бұл туралы білім басқармаларының мәліметтеріне сүйене отырып, Tengrinews.kz хабарлады.
Қашықтан оқытуға кімдер көшеді?
Қашықтан оқыту форматына бірінші ауысымдағы 1-11 сынып оқушылары, сондай-ақ колледждердің 1-2 курс студенттері көшеді.
Ауа райы болжамы
Синоптиктердің мәліметінше, Павлодар облысында 25 ақпанда жауын-шашынсыз, солтүстік-шығыс желмен ауа температурасы түнде 33-38 градус аяз, күндіз 23-28 градус аяз болады деп күтілуде. Павлодар қаласында түнде 35-37, күндіз 24-26 градус аяз болады.
Абай облысында да жауын-шашын болмайды. Кей жерлерде тұман түсуі ықтимал. Жел солтүстік-шығыстан соғады, екпіні 9-14 м/с, оңтүстік пен орталықта 15-20 м/с жетеді. Түнде ауа температурасы 30-35 градус аяз, солтүстік пен шығыста 38 градусқа дейін, күндіз 20-25 градус аяз болады. Семей қаласында түнде 30-32, күндіз 20-22 градус аяз болады деп болжануда.
Бұған дейін Астана қалалық білім басқармасы 25 ақпанда елорда мектептерінің 0-9 сынып оқушыларының бірінші ауысымы қашықтан оқытуға жіберілетінін хабарлаған болатын.