Салғара ақын
(дерек)
Өмірбаянына зер салсақ, Салғара Толыбай сыншы әулетінен, яғни атақты Қожаберген жыраудың ағасы Қарабас шешеннен тарайды. Осы Толыбай сыншы тұқымынан Дәстем сал, Жанкісі, Жанақ Қамбар ұлы секілді көрнекті қобызшы ақын-жыраулар шыққанын білеміз. Дәстем сал Қарабас батырдың баласы, ал Жанақ қобызшы, айтыспен аты шыққан ақын, Жанақ жайына кейінірек тоқталамыз.
Біз сөз еткелі отырған Салғараның әкесі Жанкісі Көшекұлы (1736—1817 ж. ж.) Жанкісінің үлкен ұлы Салғара кәзіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы «Благовещенский» совхозы жеріндегі Гүлтөбе — Маманайда 1759 жылы дүниеге келеді. Оның суырып салма ақындығымен қоса әнші, композитор болғаны, көп ғұмыр кешіп, қазақ елінің төрт бұрышын аралап ән, жыр шығарғаны деректерден белгілі.
Есілдің ар жағында көрдім сені,
Сырғаңды қайық қылып өткіз мені.
Сырғаңды қайық қылып өткізбесең,—
Болсаң да үрдің қызы көрмен сені.
Жетті ме, саған сәулем жазған хатым,
Кешу ет, айтқан сөзім болса батым.
Шығарған «Жиырма бесті» өзіңе арнап,
Керейде Жанкісі ұлы Салғара атым,—
дейтін атақты «Жиырма бес» әнінің шығу тарихы былай екен. Бір жылы қатты жұт болып Кіші жүздің Жаппас руынан жиырма үй Арқадағы Есіл бойына жылқы айдап, қоныс іздеп көшіп келеді. Жаппастың Үңгіт атасынан тарайтын Таубай деген кісінің Бақтыжамал есімді сұлу қызы болады. Жиырма беске жаңа шыққан Салғара алтыбақанда сылаң қаққан сол қызбен танысып, ұнатады. Қызды алып қашпақ боп, қайтып бір айналып соққанында, Есіл тасып кетіп екі арада өткел болмай қалады. Сөйтіп қыз арғы бетте, бұл бергі бетте екеуі өзеннің екі жағында қалып қояды. Арманға шомып, сүйгеніне қол созған ақын сол жолғы толғаныста осы «Жиырма бес» әнін шығарады.
— Содан бұл ән елге кең тарап . кетеді,— дейді әнші Батбас Некібайұлы.
Салғараның әндерін көп білетіндердің ішінен қазіргі көзі тірісі осы кісі. Ол Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданы, «Николаев» совхозының Тауағаш бөлімшесінде тұрады. Қазір жасы сексен сегізде, өзін Үкілі ЬІбырайдың шәкіртімін деп есептеп, оның әндерін тамаша орындайды. «Жиырма бес» әнінің Салғараныкі екені жайында осы Арқада өскен тағы бір ақын Өске Тасеменұлы (1813—1902 ж. ж.) өзінің 1839 жылы шығарған «Мақпал — Сегіз» дастанында былай дейді.
«Ер Сегіз батыр еді өте есті,
Жасынан көп көрсеткен жауға сесті.
Қайғысын топ ішінде жасырмақ боп,
Шырқады Салғара айтқан «Жиырма бесті».
Салғараның ел ішінде тараған жырлары көп. Соның бірі «Көшкен жұрт» деген өлеңі. Ол өлеңнің мазмұны патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған. Оны өлеңнің мына үзіндісінен айқын аңғарамыз.
Болмай қалды көңілді,
Қызылжардың өңірі.
Соғысам деп ерлердің,
Қысқа болды өмірі.
Жиырма ауыл көшіп Балтадан,
Жүрекке жара салдырған.
Немеребай, Рай орманын,
Есентай жатқа қалдырған.
Рай көлі дөңінде,
Туған екен Есентай.
Көшерінде қиналған,
Өз қонысын қия алмай.
Дұшпан алды еріксіз,
Бақсары батыр жерлерін.
Пайдаланды, дариға - ай,
Балығы мол көлдерін.
Қорғаймын деп өз жерін,
Үйсін өлді ұрыста.
Бейбіт жатқан момын ел,
Қамданбаған ұрысқа.
Ел аузындағы аңызда Салғара Кіші жүз елінде салдық құрып жүріп Орынбор жанындағы Мұнанай жәрмеңкесінде 1835 жылы Исатай, Махамбетпен кездеседі. Қазақтар ол кезде.ақша айырбастап сауда-саттық жасайтын «Меновой дворды» «Мұнанай» деп атағаны белгілі. Мұнанай жайында халық аузында мынадай өлең бар.
Көрінген анадайдан «Мұнанай-ды»,
Мұнанай тастан соққан құламайды.
Бір оттың бір тай өгіз болғаннан соң,
Пайданы патша қайтып құрамайды.
(Бұл өлеңді жазушы Ғалым Ахметов осы күнге дейін әнге қосып айтып отырады).
Исатай мен Махамбеттің өтініші бойынша, Салғара өзінің «Жиырма бес» әнін шырқап қоя бергенде, Мұнанайдағы сықаған халық оның ашық даусына таң-тамаша қалады. Әнді айтып болғанда ұзын бойлы, кең маңдайлы Салғараға бір әйел зерен тостағанмен қымыз ұсынады. Ақын қымызды ішіп тағы бірнеше ән салған дейді...
Сол жолы Салғараны ертіп ел аралаған, оның әншілігіне разы болған Исатай батыр, ақынға өзінің ақбоз атын сыйға тартады. Осыдан көп жыл өткен соң шығарған бір өлеңінде Исатай, Махамбетпен кездескенін ақынның өзі де айтады.
Салдықпен Кіші жүзге барған едім,
Сайранды Астраханда салған едім.
Беріште көсем батыр Исатайдың,
Сыйлыққа ақбоз атын алған едім.
Кәрілік меңдеткен соң түпке жетті,
Кезінде болсам да ер құдіретті.
Жетпіс жеті жасымда қобыз алып,
Жырладым Исатай мен Махамбетті...
Салғараның ел арасына кең тараған тағы бір белгілі әні «Тоқсан бес». Әннің шығу тарихына зер салсақ былай: Тоқсан бес жасқа келіп, ән мен жыры саябыр тартып жатқан ақынға ауылдың жігіт-желеңі жиылып келіп хал сұрайды. Сонда Салғара жатқан орнынан басын көтеріп, етек-жеңін жиып бір серпіліп «мен де ел-жұртыма керек екенмін - ау» деп толқып отырған ақын әнмен айтылатын осы «Тоқсан бес» өлеңін шығарған екен.
Халқымның біле алмаймын, есен - сауын,
Тоқсан бес салды аяққа шынжыр бауын.
Баяғы сал-сері ерткен заманым жоқ,—
Арқаның аралайтын орман - тауын.
Сыйлаушы еді, Омбы менен Қызылжарым,
Өнерге баулушы едім жігіт нарын.
Кешегі ту көтерген заманымда,—
Төкпеген жауынгер ем, беттің арын.
Сақалым белден түсер, мұртым қияқ,
Бұзылды біздің көрік, сымбат - сияқ,
Ордама ие болар мұрагер жоқ,—
Алданда болмаған соң жалғыз тұяқ.
Кәрілік келіп қалдың бүйірімнен,
Танғандай болып тұрмын ер күйімнен,
Тоқсан бес күшімді алып әлсіреттің
Шыққандай болып қалдым үйірімнен.
Жасымнан бағалаушы ем, сөздің нәрін,
Бұл күнде сәби болған мен бір кәрің,
Қалдың ғой тоқсан бесте нардай шөгіп
Жоғалтып ақыл ой мен қайрат бәрін.
Қойдың ғой тоқсан бес жас қалжыратып,
Өлеңді қайтып айтам алжып жатып.
Кешегі қайран жастық қайта оралса,—
Қыз - қалқа ойнар едім қалжыңдасып.
Жас жетіп тайып тұрмын ер күйімнен,
Кәрілік келіп қапсың бүйірімнен.
Қадірлі жастық шағым өтіп кетіп,
Шыққандай болып қаппын үйірімнен.
Пендеге ақ өлімнің бөлегі жоқ,
Жастықтың іздемеймін дерегі жоқ.
Қылғаны тоқсан бестің мынау болса,
Жүз жасты сұрамаймын керегі жоқ.
Жанкісінің Зілғара, Шопан деген батыр, палуан, әнші ұлдарымен замандас болып қатар өскен атығай Байтоқа мырза осылардай елге белгілі болсын десе керек, олардың атын өзінің екі ұлына қойған екен.
Байтоқының балаларына ат қою себебі былай болыпты. Тұңғышы Ғайнижамал атты қыз екен. (Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» повесіндегі Есенейдің бірінші жұбайы осы Байтоқаның қызы Ғайнижамал).
Байтоқа мырзаның ауылы Көкшетаудағы Салқынкөлде жаз жайлауда отырады. Он екі қанат, сегіз қанат, алты қанат ақбоз үйлер тігілген көл жағасындағы ауылға мырзаның бәйбішесі Жәнипа толғатып жатқан үстіне, ел аралап салдық құрып жүрген әнші Зілғара бір топ жолдастарымен келіп қалады. Байтоқа алдарынан шығып қарсы алып Зілғара жігіттерін он екі қанат ақ үйдің біріне түсіреді де:
— Палуан - аға, қош келдіңіз, келініңіз толғатып қиналып жатыр, соған шапағатыңыз тисе дұрыс болар еді,— депті. Сонда Зілғара Жәнипа толғатып жатқан үйге кіріп, шымылдықтың сыртынан қобызын боздатып бабасы Қожаберген жыраудың «Бозайғыр» күйін тартады. Ауырлап қиналып жатқан әйел, қобыз үніне елтіп, жеңіл босанып ұл бала табады. Жәнипаның қол-аяғы жеңілдеген соң, көп өтпей-ақ Байтоқа шілдехана тойын жасайды. Зілғараларды жібермей қонақ етеді де:
— Палуан, сіздің есіміңізді осы перзентіме қояйын деп отырмын, жақсы ырым болсын, сіз келгенде туды,— дейді.
— Ия, қоя бер, мен құдай емеспін, құдайдан былай емеспін,— деп өлеңмен бата берген екен дейді сонда Зілғара.
Содан ұл бала өсе келе елде Байтоқаның Зілғарасы атанады. Бұл жас шамасы Жанкісінің Зілғарасынан отыз жастай кіші. Бұдан кейінгі ұлына Байтоқа Зілғараның інісі Шопанның атын тағы қояды.
Сөйтіп Жанкісінің Зілғара — Шопаны (таузар керей) мен Байтоқаның Зілғара— Шопаны (атығай) атақты адамдар болғаны тарихи деректерден белгілі. Атығай Зілғара (кіші Зілғара) Байтоқаұлы айтулы би, аға султан болып Көкшетау дуанында көп жыл ел билеген. Үкіметке жақсы қызмет еткені үшін ол 1852 жылы ақпан жұлдызының 11-інде патшадан қазақ дворяны және подполковник атағын грамотасымен қоса алған. Зілғараның бұл грамотасы Петропавл қаласындағы облыстық тарихи өлкетану музейінде күні бүгінге дейін сақтаулы. Бұл Зілғара яғни кіші Зілғара әнші де, ақын да емес, мансап иесі ғана болған. Шынында, үлкен Зілғара да, кіші Зілғара да ақын, жырау болмаған. Үлкен Зілғара әнші, қобызшы, сыбызғышы, домбырашы болған. Ал әрі ақын, әрі композитор ағасы Салғара екенін біз жоғарыда айттық. Оның «Жиырма бес», «Тоқсан бес» атты әндері халық арасына кең тарағанын да әңгіме еттік. Салғара мен Байтоқадан туған әлгі кіші Зілғараның екеуін ажырата білмейтіндер осы күнге дейін оқырманды шатастырып адастырумен келеді. Салғара өзінің «Тоқсан бес» атты өлеңінде өмірде бала көрмей перзентсіз өткенін айтады.
Жаратып мінген атым сүр киігім,
Көремін сұрға мінсем жер биігін.
Келгенше тоқсан беске перзент көрмей,
Құдай-ау, тартқыздың ғой ұл күйігін.
Ақыны Таузар Керей Салғара едім.
Өзімнің қатарыма дегдар едім.
Кешегі қайран жастық қайта оралса,
Жортатын тоқалдарды жинар едім.
Кәрілік келемін деп айтқан жоқсың,
Жастық шақ енді оралып маған жоқсың.
Мен өлсем әруағымды шақыратын,
Бір перзент Салғарадан қалған жоқсың,—
дейді. Ал кіші Зілғараның үш әйелінен он үш ұлы, төрт қызы болған. Ол он үш ұлдан көп немере-шөбере көрген. Үш әйелі де өзімен бірге жасасқан, үшеуіне де жас кезінде үйленген. Салғара «Тоқсан бесте» ұл-қызының жоқтығын айтады. Сондай-ақ кіші Зілғара қартайғанда тоқал алмаған. Ал әйелі бала тумай, қартайғанда үш тоқал алған — Салғара. Сонысын өз өлеңінде:
Тоқсан беске келгенде торғайдаймын,
Ел көшкенде жылқыны зорға айдаймын.
Үш тоқалым тілімді алмаған соң,
Отырып от басында ойбайлаймын.
Ағарды алтын тарақ сақалдарым,
Ұрпаққа мирас болсын мақалдарым.
Қайтейін тоқсан бес жас қорлығыңды.—
Жортады күн батқан соң тоқалдарым.
Алдырдым тіс шұқитын таудан арша,
Жырыма құлақ қойды халқым барша,
Ақырған аюдайын Салғара едім,—
Отырмын от басында балаларша.—
дейді. Сонымен бірге Салғара осы «Тоқсан бес» өлеңінде:
Баласы Жанкісінің Салғара едім,
Алмаған пенде тілін көкжал едім.
Кешегі қайран жастық қайта оралса,
Дүниенің төрт бұрышын шарлар едім,—
деп өкінеді. Салғараның сол өлеңін өзгертіп:
Белгілі Атығайға Зілғара едім,
Алмаған кісі тілін ділмәр едім.
Кешегі жиырма бес жас қайтып келсе,—
Дүниенің төрт бұрышын былғар едім,—
деп жүргендер де бар. Кіші Зілғара да жүз жасқа таяп кеп қайтыс болған. Жасы ұлғайған шағында үйіне әнші - ақындар келе қалса, «Шырақтарым, таузар керей Жанкісінің Салғарасының «Жиырма бесін», «Тоқсан бесін» айтыңдаршы, әкем Байтоқа маған да, бірге туған ініме де сол Салғараның Зілғара, Шопан атты әнші, палуан екі інісінің атын қойған еді»,— дейді екен. Бұл әңгімені кіші Зілғараның шөбересі Еламан Ибатұлы ақсақалдың айтып отырғанынан естігеніміз бар. Еламан қария Солтүстік Қазақстан облысы, Совет ауданының Смирново станциясында 1970 жылы 85 жасында қайтыс болды. Осы деректерге қарағанда, Салғара мен Зілғараның кім екендіктерін анық ажыратуға болады ғой деп ойлаймыз.