Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Салт пен сана салтанаты – отбасы құндылығы

Отбасы! Халықтың көп сипаты осында жатыр. Сипат дегенде бағзыдан келе жатқан ізгіліктер, салт пен дәстүр, ырымдар мен тыйымдар... жалпы, ең қастерлі деген құндылық адам бойына отбасында қалыптасады. Десек те, қазіргі отбасыларда ұлттық дәстүр сақталып отыр ма? Неден ұттық, неден ұтылдық? Замана көшінде неден көз жазып барамыз? Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап көрсетті. Олай болса, ұлттық кодтың қайнар көзі отбасынан бастау алмай ма?! «Сарыарқа самалының» редакциясында өткен дөңгелек үстел-бас қосуда бір топ зиялы қауым осы мәселені талқылап, ой-пікірлерін айтты. Атап өтейік, олардың қатарында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру-әдістемелік тұрақты комиссиясының төрағасы Рәшит Бектеміров, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Сүлеймен Баязитов, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің ғылыми орталығының директоры, педагогика ғылымының докторы, профессор Еңлік Жұматаева, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің наиб имамы Хасан Аманқұлов, облыстық «Нұр-Ана» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, домбырашы, әнші Құралай Уақбаева, жеке кәсіпкер, асаба Серік Теміров болды.

Сая МОЛДАЙЫП:

— Биылғы жылдың 13 шілдесінде «Сарыарқа самалы» газетінде Рәшит Бектеміров ағамыздың «Заманына қарай адамы» атты мақаласы жарық көрді. Естеріңізде болса, мақалада бүгінгі тойларда ұлттық дәстүрдің сақталмауы, шетелге еліктеу, тойдың 3-4 сағатқа кеш басталуы секілді келеңсіз жағдайлар айтылған. Бір қуанарлығы, көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқан мақала жарық көрісімен жер-жердегі оқырмандардан ой-пікір арқалаған хаттар келіп түсті, телефонмен хабарласқандар да баршылық. «Ойды ой қозғайды» демекші, бүгінгі басқосуымызға да себепкер осы мақала еді. Осыдан біраз бұрын Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен жабдықтарда ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында Үндеу жарияланып, көптің қолдауына ие болды. Яғни жабдық дастарқанын дәстүрімізде болмаған аста-төк етіп жарыса жасауға тыйым салынды. Енді тойдағы ысырапшылдық, т.б. жат дүниелерді қолға алып, реттейтін уақыт жетті.

Рәшит БЕКТЕМІРОВ:

— Иә, бұл күнде үлкенді-кішілі той өткізбейтін шаңырақ жоқтың қасы. Сол тойларды ата-баба салтымен, ұлттық жөн-жоралғыны орнымен жасап, ұйымдастыру бәріміздің қолымыздан келеді. Өкініштісі көпшілігіміз оған мән беруді қойдық. Тойлар үш жарым сағат кеш басталады, асабаның жаттанды сөзі, даңғырлаған музыка, бос мақтау сөз, 15-20 адамның тізіліп тұрып бірін-бірі қайталап тілек айтуы әбден мезі етті. Кетуге асығасың...

Сая МОЛДАЙЫП:

— Қазір келінді түсіріп алып, апта, ай өткеннен кейін үлкен тойда беташар жасайды. Қазақтың рәсімінде беташар келін келісімен жасалу керек қой.

Серік ТЕМІРОВ:

— Мен еліміздің оңтүстік, батыс аймақтарында жиі болып тұрамын. Оларда келінді әкеле салысымен беташар той береді. Оған сол әулеттің туыстары жиналады, келін сәлем салады. Беташарға келіннің туған-туыстары мүлдем қатыспайды. Гүл лақтыру деген шықты. Қалыңдық қолындағы гүлді бойжеткен қыздарға қарай лақтырады, оны қағып алған қыз күйеуге шығады дейді. Бұл - еуропалықтардың ырым-жырымы. Бес-алты қабаттан тұратын торт әзірлеп, одан ата-енеге дәм татыру деген шықты. Торт нан ғой, ол желінбей, соңынан жуындыға лақтырады. Бұл ысырап емей немене?!

Еңлік ЖҰМАТАЕВА:

— Мен қазақтың тойына риза емеспін. Тек бала кезімдегі тойлар ғана есте қалыпты. Біз - Петропавл жақтың қазағымыз. Қазақ, орыс, неміс аралас тұрдық. Герольд Бельгермен көрші болдық. Өзіміз Шал ақынның ұрпағымыз. Түрлі ұлт өкілдерімен аралас болса да, біздің отбасы салт-дәстүрді қатаң ұстанды. Пәлен деген жерде пәленшенің Алма деген керемет қызы бар, сол біздің мына балаға лайық дегендей, үлкендер өзара бәтуаласып, атам мен әкем қыста пар ат жегіп, келінді алып келді. Қазақы жолмен керемет той өткені есімде. Екі жеңгемнің екеуі де тамаша адамдар болды. Қазір есіме алсам, біздің отбасы құрама отбасы болған екен. Аталарымыз Жұматай мен Қалидың бәйбішелері апалы-сіңлілі екен. Қалида бала болмай, Жұматай бәйбішесімен қайтыс болған соң Қали оның балаларын асырап алған. Соғыста кеткен әкемнің ағасының балалары да біздің үйде өсті. Ағайындылардың балалары бір үйде өскенімізді мен тіпті білмейтінмін. Қазір осындай шаңырақтар бар ма бізде?! Ғылым дейміз, ғылым деген - ата-бабаның салған сара жолы. Өз басым Л.Гумилевтің, Бауыржан Момышұлының еңбектерін оқыдым, зерттедім. Бауыржан атамыздың «Ұшқан ұясынан» кандидаттық диссертация қорғадым. Осы еңбекте қазақ отбасының бүкіл салт-санасы, тыйымы, дәстүрінің түп нұсқасы бар. Осы еңбегінде Үбиян апа (ауылдастары Музей апа деп атап кеткен) деген ананы тамаша суреттеген. Үбиянның сән-салтанатпен ұзатылуы, аппақ кимешегіне төркінінен келген гауһартасты тағып, елде жоқ әтірін сеуіп, өн бойын таза ұстайтын жеңгені ауыл болып қызыға қарайтындықтарын тартымды баяндайды. Мұның өзі - үлкен тәрбие, мектеп! Абайдың бүкіл Қара сөздері осы «Ұшқан ұяда» тұнып тұр. Әр қазақ отбасы осы еңбекті оқыса, қазақтың бірталай салт-дәстүрінен хабардар болар еді. Бауыржан атамыз «Тексізден тезек артық» деген екен. Бәрі тектілікке байланысты. Кішкентайымыздан «сен Шал ақынның ұрпағысың, руың сондай... сондықтан намысқой, ақылды, білімді болуға тиіссің» деп өсірді. Бұл санамызда қалды, солай болуға тырыстық. Шәкәрім қажының «Еңлік-Кебек» поэмасының төбесінде «Еңлік кім?» «Кебек кім?» деп анықтама берген. «Тобықты, Атығай-Қарауыл, Қанжығалы–Бәсентиіннің үш баласы, біз бірге туғанбыз» дейді. Мұның бәрі жайдан-жай айтыла салған сөз емес... Тектілік туралы Ж.Баласағұнидің, басқа да философтардың еңбектерінде жақсы айтылған.

Қазақтың дәстүрінде қыз алысып, қыз беріскенде тегіне үңіліп, анықтап барып құдаласқан, кездейсоқ адамдармен құда болмаған. Өйткені бұл дегеніңіз үлкен бір әулеттің, тарайтын ұрпақтың тағдыры ғой. Тектілік пен оның эволюциясы өте тереңде жатыр.

Рәшит БЕКТЕМІРОВ:

— Дұрыс айтасыз. Мөңке бидің: «Тектіден текті туады» дегеніндей, тектілік ата-анадан даритын қасиет екенін аталарымыз ертеден-ақ аңғарған ғой. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тектілікті сақтау үшін жеті атаны біліп, қыз алыспау, мың жылдық құда секілді ата дәстүрді сақтап, сүйек жаңғыртып, тектіліктің тамырын үзбеуге тырысқан. Ал қазір ше?

Сүлеймен БАЯЗИТОВ:

— Әлгінде айтылған беташар мәселесі... осыны бір тәртіпке көшіру керек. Одан соң тойға кешікпей келу тәртібін қарастырған жөн. Кеңестік кезеңде қызмет істегендер дәуренді күндерін аңсап, шіреніп, елді өзіне қаратып, күткізіп қойғанды тәуір көретін әдет қалыптасты. Жұрттың «Ой, пәленшекең келмей жатыр, күте тұрайық», «пәленшекең кешігетін болыпты, тойды бастамай қоя тұрайық» дегенін қалап, жұрттың назарын аударсам дейді. Ел басқарған адам ел серкесі қалпын сақтап, жастарға, бала-шағаға өнеге болуы тиіс қой.

Серік ТЕМІРОВ:

— Дұрыс айтасыз. Міне, осында наиб имам отыр. Айтыңызшы, бізде мешітте өтетін шараларға, мәселен, намаз, ауызашар, жаназаға адамдар кешігіп келе ме? Жоқ, уақытында келуге асығады. Ендеше жиынға уақытында келу қолымыздан келеді екен. Жаңағы той мәселесі... 3-4 сағат кеш басталған тойдың берекесі кетеді. Келген қонақтар той тезірек басталып, тезірек аяқталса деп отырады. Қай тойды алып қарасаңыз да, міндетті түрде 1-2 дастарқан бос тұрады. Әр адамға 8-9 мың теңгеден төленгенде қанша ақшаның желге ұшқанын бағамдай беріңіз. Тағам ысырап болады. «Тәртіпсіз ел болмас» демекші, елді тәртіпке ұйыту міндеті - асабаның қолында. Кеш басталған той дастарқаны үш жарым, төрт сағатқа созылады, екінші дастарқанға көпшілік қала қоймайды. Ысырап па, әрине ысырап. Оңтүстік өңірде кез келген отбасында қазақтың дәстүрі жақсы сақталған, ысырапшылдыққа жол берілмейді. Оларда екінші дастарқан деген жоқ. Көбіне елдің үлкені батасын беріп, тілегін айтады. Ал бізде қай жағын алып қарасаңыз да, еліктеушілік көп. Дүние жисақ та, киім кисек те, бәрінде де қазақылықтан гөрі өзге ұлтқа еліктеп, не қазақ емес, не орыс емес, түсініксіз әлдене болып кеткен секілдіміз. Көп ретте атаққұмарлыққа, жиған-тергенді шашуға құмармыз. Даңғырлаған музыка дейді, біздегі мейрамханалардың қай-қайсы да ақша табуға құмар, бірақ жағдай жасамайды. Музыка үшін акустика жоқ, дауыс күшейткіштен жаңғырығып естілетін сөз, музыка әрине мезі етеді. Осыны жөнге салса деймін.

Еңлік ЖҰМАТАЕВА:

— Әлі есі кірмеген баланың тойын мейрамханаларда тойлап, қаражат шашу кімге, не үшін керек? Тұсау кессе – той, сүндетке отырғызса – той, мектепке барса – той, мектеп бітірсе – той... бұл – ысырапшылдық, қаржыны желге шашу. Әрі сол тойлар үлкен-кішіге өнеге боларлықтай болып өтсе бірсәрі ғой. Кешігіп келу, пәленшекеңдерді күткізу, асабаның жаттанды сөздері, әншілердің жауыр болған әндері, 15-20 адамнан шығып, сөз-тілек айтқызу... одан басқа ештеме жоқ. Бұдан біздің балаларымыз, жастарымыз қандай үлгі-өнеге алып келеді?

Сая МОЛДАЙЫП:

— «Ұлы тойдан ұлағат із қалады» демекші, кез келген үлкен істен бір өнеге қалуы тиіс. Жалпы, жалғыз қазақ емес, әр елдің әр отбасында белгілі бір өнерге деген қызығушылық, жақсылыққа әуестену деген бар. Той – көптікі, онда халық шығармашылығы салтанат құруы керек. Менің бір әріптесім: «Апам тойға барып, ән айта алмай келсе, көңіл-күйі түсіп, ренжиді, сөйлеспей қояды» дегені бар-ды. Сол секілді тойға жиналған қауым арасынан көңіл күйін домбыра үніне сабақтап, күй тартса, ән шырқаса, басқа да өнерлерін көрсетсе, бір ғанибет қой.

Еңлік ЖҰМАТАЕВА:

— Рас, мұның бәрі - тәрбие, өнеге. Әңгіме отбасынан басталды ғой. Ысырап жасап, той қылып түсірген келін сол отбасына береке әкелсе көрім. Тәнін билей алмаған қыз үй шаруасына араласпайды. Баланы кішкене күнінен үй тірлігіне бейімдеп өсіру керек. Қазір бір мақал шықты «Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деген. Бұл не сөз? Бұл қазіргі аналардың баласын бақытсыз етуге арналған ниеті деп ойлаймын өз басым. Қызын ұзатқан әр ата-ана ақылын айтып, қиындықтарды жеңе білу керектігін үйретуі тиіс. Өзім мына Успен ауданы Қаратай деген ауылға, былайша айтқанда жапандағы жалғыз үйге келін болып түстім. От жағу, су тасу деген тұрмыс қиындығын көрдік, жетілдік, ширадық. Балам барған жерінде қиналып жүр екен деп шешеміз тірлікке араласқан жоқ.

...Балаға тәрбие беруде алдымен оның таным-түсінігін кеңейту керек. Мұны ғылыми тілде гносиология дейді. Оның қай іске бейімділігін ерте бастан аңғарып, соған баулу керек. Болмыс деген бар. Ол – шежіре. Оны әр отбасының бала-шағасы білгені жөн. Кейбіреулер шежірені мақтаныш үшін айтады. Жоқ, шежірені қыз алысып, қыз берісу, қан тазалығы, тектілікті сақтау үшін білуіміз керек. Өкініштісі қазір мұндай құндылықтарға мән бермейтін болдық. Елбасының «Біз алдымен санамызды модернизациядан өткізуіміз керек» дегені осы. Заман талабынан қалып қоймайық деп бірнеше тіл біліп, өзінің ана тілінде шала-шарпы сөйлейтін адамды мен бақытсыз дер едім.

Сүлеймен БАЯЗИТОВ:

— Бұл әңгіменің бәрі қазақтың бүгінгі, ертеңгі қамы үшін айтылып отыр ғой. Жаңа бір сөзде отбасының ысырапшылдыққа жол беруі туралы айтылып қалды. Баянауылдың Ж.Шанин атындағы ауылында Кәли деген жылқышы қарт болды. Бойында ерекше қасиеттері бар еді, жарықтықтың. Қайтқан адамды жерлеуге зират басына жұрт машинасы, ат-көлігімен шыққанда ол жаяу кетіп бара жататын. Қар борап, жауын құйып тұрса да жаяу шығатын. Кәли ата 97 жыл өмір сүрді. Баласы Қабдолла Смағұлов ұстазым еді. Бірде одан «Атамызға неге ас бермейсіз? Әлде мен естімей қалдым ба?» деп сұрағанымда: «Әкем қарапайым жылқышы болды. Астам қылықты, бей-берекеттілікті, ысырапты ұнатпайтын. Сондықтан еске алуды, ас беруді үйішілік-отбасылық шаруа деп қараймын. Туған күні, қайтыс болғанына 10-20-30 жыл болды дегенді ұрпақтары жиналып, құран оқып, бір дастарқаннан ас ішіп дегендей, еске аламыз. Ал ат шаптырып, кісі жиып, аста-төк ету біздің қанымызда жоқ» дегені бар-ды.

Отбасында баланы ұлттық әдебиетпен тәрбиелеудің орны бөлек. Еңлік дұрыс айтады, баланың тілі қазақша шығып, қазақша тәрбиеленбесе, ол дүбәрә деп есептей беріңіз. Қазаққа тән мейірім, инабат, қарапайымдылық дегеннің өзі отбасынан басталмай ма?!

Құралай УАҚБАЕВА:

— Мен - Шәкәрім қажының ұрпағымын. Абай, Шәкәрім аталарымның шығармаларын жастайымыздан оқып, тәрбиелендік. Сондағы аңғарғаным, үлкендерден – ата-әжеден тәрбие көріп өскен баланың жолы ашық, ақылды, байқампаз болып өседі екен. Абай атамыз әжесі Зеренің тәрбиесінде болған. Зере анамыз зерделі жан екен. Болашақ ақын әжесінен ертегі, қисса-дастандарды естіп өскен. Кейін өзі Шәкәрім атаны тәрбиеледі. Оқып, білім алуына көмектесті, ақыл-кеңесін аямады. Сонау Шыңғыстауда жатқан Шәкәрім ата Меккеге барды, Абай атаның айтуымен, көмектесуімен ел аралады. Парижде болыпты. Көп тіл меңгеріпті. Лев Толстоймен хат жазысқан екен. Мұның бәрі - балалық кезде алған тәрбиеден, отбасындағы өнегеден. Ал енді сол адамдар есейгенде кім болды? Ақылы, данышпандығымен бүкіл қазаққа танымал тұлғаға айналды. Сондықтан балаға тәрбиені отбасында беру керек, қазақтың ұлттық құндылығын, ұлттық кодын бала бойына алдымен ата-ана сіңіруі тиіс.

Сая МОЛДАЙЫП:

— Қазір қазақы отбасынан шыққан сәбилер қазақ балабақшасына барғанда орысша сөйлеп келеді. Мемлекеттік тілдегі көптеген балабақшалардағы тәрбиешілер «Ң» әрпін айта алмайды. Кез келген мерекелерде орыстың, өзге ұлттың музыкасын ойнатады, билетеді. Талай балабақшаға барып жүріп, бірде-бірінен қазақтың күйін естіген емеспін. Балабақша, мектептер балаларды таңертең қазақтың күмбірлеген күйімен қарсы алса, үзілістерде шар еткен қоңырау үнінің орнына Құрманғазы, Дәулеткерей, Нұрғиса, Секеннің күйлерін ойнатса... бұл туралы «Сарыарқа самалы» газетінде жаздық та. Ата-аналардан, тіпті оқушылардан құптаулар естідік. Бірақ білім, тәрбиені басқарып отырғандар селт етпеді. Бала кезден ұлттық музыканы бойына сіңіріп өспеген бала әрине шетелшіл болып ержетеді.

Еңлік ЖҰМАТАЕВА:

— Бұл - үлкен мәселе. Бір шындықты айтайын, қазір орыстілді апайлар балабақша, мектепті басқарып отыр. Орыстілді адам өзі секілді маман жинайды. Олар қазақша білмеймін демейді. Сая айтқандай, оларға өзге ұлттың музыкасы жақын, олардан айырылса, қызметінен айырылатындай болады. Тағы бір мәселе – мектепке дейінгі мекемелерде мерекелерді өткізуге арналған ұлттық сценарий жоқ. Сосын қазақта бір қызық мінез пайда болды. «Ананың баласы кісі өлтіріп қойыпты. Әйтеуір менің балам ондайдан аман» немесе «Ананың тұрмысынан менің күнкөрісім тәуір» дейді. Алға ұмтылу, жақсы болғанның үстіне жақсара түсу деген бізден қалып барады.

Сүлеймен БАЯЗИТОВ:

— Рас, балаға ұлттың әдебиеті жақын. Өзіміз Есентай Ерботин, Бердібек Соқпақбаевтың еңбектерін көп оқыдық. «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді» деген шығармалар ұлтқа жақындығымен, қызықты оқиғасымен ойға жетелейді, тәрбиелейді. Бала тәрбиелейтін орындар қазір осыған мән беруі тиіс.

Хасан АМАНҚҰЛОВ:

— Осы мәжілісте көпшіліктің көкейінде жүрген біраз мәселе айтылды. Солардың біразы мешітке де қатысты. Қазіргі уақытта мұсылман отбасылардың барлығы дерлік мешітте неке қиғызады. Биылғы жыл басынан бері мешітте 540 неке қиылды. Мына қызыққа қараңыз, мамыр айында қазақ отбасылары баласын үйлендірмейді. Бұл енді орыстың «В мае жениться – век маяться» деген сөзінен шыққан. Оның бізге мүлдем қатысы жоқ. Бұл да - дұрыс өнеге тәлім-тәрбие алмағандықтың кесірі.

Сая МОЛДАЙЫП:

— Иә, бұл ай қазақтың «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» дейтін кез ғой. Былтырғы жиналған азық-түлік таусылып, енді көктемде келер жылға азық қамдау керек. Ата-бабасынан бері қарай бау-бақшамен айналысқан жұрттардың егіске дайындығы осы айда қызу басталады. Тойлары бір аптаға созылатын болғандықтан, егіске бөгет, азық-түліксіз қаламыз, сосын өкінеміз дегеннен шыққан ырымдары ғой. Ол енді біздің таным-түсінігімізге жат іс.

Хасан АМАНҚҰЛОВ:

— Міне, осыны біздің қазақ та санасына мықтап сіңіріп алғандығы байқалады. Керісінше қазақ үшін жыл басы – дүние жаңарған көктем айлары – наурыз, сәуір, мамыр айлары ғой...

Серік ТЕМІРОВ:

— Кешіріңіз, Хасан, сөзіңізді бөлейін. Той дегеннен шығады, қалыңдық гүл лақтырады, шетелдіктерге еліктейді, қыз біткен ата-ана, ағайын-туысқанының көзінше гүлге секіреді, бұл-ерсі қылық деп отырмыз. Ал негізінде қазақтың ұзатылып бара жатқан қызы да бойжеткен құрбы, сіңлілеріне сыйлық берген. Мысалы, орамалын сыйлаған дейді.

Рәшит БЕКТЕМІРОВ:

— Иә, ол біздің салтта бар. «Саған да менің жолымды берсін, тұрмыс құр, бала сүй» деген үлкен ырым. Бірақ оны үлкендердің көзінше лақтырмайды. Қалыңдықтың басына киген сәукелеге құстың қауырсынын таққан. Міне, сол қауырсынды таратып берген. Қазір неге солай жасамасқа?!

Хасан АМАНҚҰЛОВ:

— Қазір жат ағымдар баршылық. Жат ағымдағылар мешітке келіп неке қиғызбайды. Олардың үйленуі де оңай, ажырасуы да оңай. Мынаны есте сақтауымыз керек: адамдардың пейіл-түсінігі өзгергенмен, шариғат өзгермейді. Неке – міндетті амал, той – сүннет амал. Міндетті амал міндетті түрде орындалуы керек, әйтпесе ол - харам. Ал сүннет – адамның өз еркінде. Той жасайсыз ба, жасамайсыз ба, өзіңіз білесіз. Статистикаға келетін болсақ, бізде үйленгендердің 30-35 пайызы ажырасып кетеді. Көрші ел өзбектерде ажырасу деген өте сирек. Олардың саны 30 миллионнан асты. Өйткені оларда ата-баба дәстүрі өте жақсы сақталған. Той дегенге келетін болсақ, той – хабарландыру, міне, мына адамдар ерлі-зайыпты болды деп жар салу, Құдайға шүкіршілік ету, оған харамды араластырмау керек. Қазір әйел мәселесі алдыңғы орынға шықты. Ажырасса, бала әйелде қалуы керек дейді. Ислам діні бойынша бала әке жақта болуы керек. Ұл бала 6 жасқа дейін, қыз бала 11 жасқа дейін ана тәрбиесінде болып, сосын өз әулетінде қалады. Енді мынаған қараңыз, ана баласын бергісі келмейді, бала да анасынан ажырамайды. Бұл нені көрсетеді? Яғни біздің дінімізде ажырасуға жол жоқ. Баласын қимаған ана, анасын қимаған бала, әке – бәрі бір отбасында болуы керек. Жалпы, әйел адам ерінен бір саты кейін тұруы ләзім. Бізде, мысалы, ер адам мен әйел адам қатар келе жатса, әйелге жол береді, есікті ашып алдымен әйелді енгізеді. Бұл дұрыс емес, ер азамат әйелді қорғаушы, есіктің ар жағында бір қауіп тұрса ше? Сондықтан біздің шариғатымыз бойынша ер адам алда, бірінші жүруі керек. Біздің жүріс-тұрысымызға дейін шет елге еліктеп кеткенбіз. Жастарға осыны ұқтырып отыру керек. Ұят, иба, мәдениет бар жерде келеңсіздікке жол берілмейді.

Рәшит БЕКТЕМІРОВ:

Мәшһүр Жүсіп атамыз:
Дүниеге жарасады Күн менен Ай,
Бұл заман да тұра бермес бұрынғыдай.
Мысалы, бұл дүниені мен айтайын,
Теңелер бір заманда кедей мен бай.
Өзгеріп одан кейін заман болар,
Жолына шариғаттың күмән болар.
Қызығы: кәрі-жастан ұят кетіп,
Тәртіпсіз, ар жойылып тәмам болар.
Үлгісіз ата менен ана болар,
Еркекті әйел билеп дана болар... деп жайдан-жай айтпаған болар.

Сая МОЛДАЙЫП:

— Әулие атамыз бүгінгі қоғамды көрегендікпен дөп басқандай екен... Бүгінгі жиында көп мәселе, тіпті әрқайсысы жеке-жеке көтерілуі тиіс жағдайлар сөз болды. Қорыта келгенде бір ортақ шешім жасалуы тиіс.

Еңлік ЖҰМАТАЕВА:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын негізге ала отырып, үлкен бір жоба әзірлесек. Ол жобада отбасы тәрбиесі, ана тілі, дін, ұлттық руханият, ұлттық өнер салалары қамтылып, жүзеге асырылуы керек. Кездесулер, мәселен, міне, редакция ұйымдастырған осындай дөңгелек үстел әңгімелерін балалар мен жастар да еститіндей білім ордаларына барып, өткізу қажет. Соны қолға алайық!

Рәшит БЕКТЕМІРОВ:

— Тойға кешігіп келу, жалпы қазіргі той сипатын сөз еттік. Сол пікірлеріміз жерде қалмау үшін, асабалар қоғамы құрылып, Еңлік айтқан жобаға енгізілсін. Тойды реттейтін асабалар ғой, солармен бірауыздан жұмыс істеу керек. Мәселен, той шақыруын тарататын той иесіне шақыру қағазға телефонын жазып, келмесеңіз мынаған хабарласыңыз деп тапсырып, тойдан кешікпеудің амалын ойластырып дегендей әрекеттерді қолға алсақ... Одан соң қыз ұзатып, келін түсірудегі жат елдің ағымына еріп, түрлі жағымсыздықты енгізбеуге, той дастарқанын ысырап жасамауға ел болып атсалыссақ, көп мәселені қалпына келтірер едік.

Сая МОЛДАЙЫП:

— Бәрекелді! Айтылған сөз, пікірлер суға жазғандай болып қалмасын. Қытай ойшылы Конфуций: «Ең мықты заңдар - халықтың дәстүрлері» деген екен. Елдің үлкендері – зиялы қауым, қазақ баспасөзі болып осы айтылған олқылықтарды жойып, отбасы – қазақ тіршілігі-қоғамымызда ата-баба дәстүрін қалпына келтіруді ойластыратын уақыт әлдеқашан жетті.

Ертеңге тура қарау үшін бүгінгі ұрпақ қазақтың туабітті тектілігін үзіп алмасақ екен, ағайын!  «Дөңгелек үстелді» үйлестірген — Сая МОЛДАЙЫП.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама