- 15 қаң. 2019 00:00
- 233
Шал жүгері
Менің әкем Момыш жас кезінде біздің елдің пысық жігіттерінің бірі болған екен.
Біздің ата мекеніміз Алатаудың бауырында болады. Жеріміздің аты Мыңбұлақ деп аталады. Қысы қатты, жазы салқын келеді. Жері майда, шөбі тәтті келеді. Әулиеата (Жамбыл) базарында осы уақытқа дейін Жотаның қойы бар ма, Жотаның қымызы бар ма, Жотаның жемісі бар ма? — деп сұрайды. Жота деген биік деген түсінік. Біздің елі қара өлең басқан ойда емес, қырда.
— Мен тумаған кезде біздің ата қонысымызға орыстар келіпті. Қайсы жылы екенін қайдам, әйтеуір сол жылды осы уақытқа дейін «орыстар келген жылы» деп атайды.
Мыңбұлақтың бір бұлағына келген орыстар орналасыпты. Ол селоның аты мен ес білгелі бері Евгеньевка. Сол селода Клышовтар — бірінші орналасқандардың бірі. Клышовтардың бабасы Егор, оның менің әкеммен жасты баласы Егор, менен 10-15 жас үлкен немересі Егор.
Қазақтар ат қойғыш келеді, үш Егорға үш ат қойыпты. Қартты «шал Жүгері», оның баласын жирен сақал болғандықтан «қызыл Жүгері», немересінің бір көзі сәл қылилау болғандықтан «қыли Жүгері» деп атапты.
Орыстардың Егор Егорович дегеніне түсінбеген қазақ кей кезде оларды «қос Жүгері», «үш Жүгері» деп атайды екен. Сол жүгерілермен менің әкем тамыр-таныс болыпты. Біздің елде жексенбіні «базар күні» дейді. Ол кезде қазақтың бәрі бірдей базарға бара бермейтін кезі. Базарға барып келген кісілердің алдынан ауылдың кәрісі бар, жасы бар: «Маған не әкелдің, базарлық», — деп шуылдап шығады екен.
Ауылға құр қол барып ұялмайын деп әкем жолдан Егорларға соғады.
— Е, Мамиш, аманбысың? — деп Егорлар қарсы алады.
— Аман тамыр, аман.
— Жоғары шық, отыр.
— Рақмет, тамыр, рақмет... Миуаларың пісіп тұрған болар, маған бір қоржын алма, өрік, алқоры беруге қалайсыңдар, тамыр.
— Берелік, берелік, — деп Егорлар шуласыпты.
— Әй, Мамиш, жүр бермен, — деп тоқсандағы шал Жүгері әкемді шақырып бау-бақшасының ішіне алып кетіпті...
— Мынау алма, біреуін үзіп же!
— Өте жақсы, қып-қызыл алма екен, — деп біреуін үзіп алып әкем жепті.
— Ал, енді мына ағашты сілкісең, піскен алмалары түседі. Әкем бір ағашты сілкіп қалғанда, піскен алмалары топырлап жерге түседі. Ал, енді мыналарды жинап қоржыныңа салып ал. Әкемнің қоржынының екі басы алмаға толады.
— Бермен жүр, мынау өрік болады, біреуін үзіп жеп көр.
— Бұл миуаңыз да өте тәтті екен.
— Мұны сілкуге болмайды. Ал, енді бері жүр, мынау біреуі алқоры болады, біреуін үзіп жеп көр.
— Мынауыңыз алмадан да, өріктен де тәтті екен.
— Мұны да сілкуге болмайды, бұл әлі пісіп жетпеген. Мына шалдың өзі сараңдық істеп тұр ғой деген әкемнің ойын көзінен сезген шал Жүгері:
— Мамиш! — дейді.
— Ләббай, ата.
— Сен ақымақсың.
— Неге?
— Сенің әкең де, бабаң да ақымақ болған.
— Неге?
— Біздің осы жерге келгенімізге бес-ақ жыл болды, рас па?
— Рас.
— Ал, сендердің бұл жерде тұрғандарыңа жүз жылдан аспаса, кем емес, рас па?
— Рас. Атақонысымыз осы жер екені рас.
— Рас болса, сендер неге ағаш тігіп, үй салып, бау-бақша істемейсіңдер осы уақытқа дейін?
— Әдет болғандықтан ғой, ақсақал.
— Әдет жоқ, ақымақ өз пайдасын білмейді, рас па?
— Рас, — деп бұрын сасқалақтап тұрған әкем, күліп жіберіпті, шал Жүгері де күліп:
— Жер — құдайдың жері, жер қазаққа да, орысқа да бірдей, соған дұрыс түсін, қарағым, — деп әкемнің арқасынан қағыпты. Шал Жүгеріден өстіп ұялғанын әкем өлгенінше күлкі өсиет ретінде айтушы еді.
10.09.1962 ж.