ҰБТ өмірімнің маңызды 1 баспалдағы
Ұлттық бірыңғай тестілеу... Әр түлек естіген сәтте ерекше күйге бөлейтін 3 ауыз сөз. Қуану сезіміне қарағанда, қорқыныш сезімі басымырақ болары анық. Ең маңыздысы — бұл тестті әр түлек, әр ата-ана өзінше түсінеді. Кейбірі менің болашағымды осы тест шешеді десе, кейбірі тек жеңілдікпен қарайды. Көп түлектер "жұрттың балаларынан" басым түсу үшін тапсыруы да көз қуанарлық жәйт емес. Басқаша тұрғыдан алғанда өз баласына қолдау орнына қысым көрсетіп:"қайтсең де осы баллды қанжығаңа еншілеуің керек", — деп талап қоятын ата-аналар да аз емес. Әрине, әр ата-ана бауыр еті баласының болашағы үшін алаңдайды. Ол — заңдылық. Алайда, ата-ана тек болашаққа бағыт-бағдар беруші. Соңғы маңызды нүктені түлектің өзі қоюы қажет деген ойдамын. Бұл ойыммен көп түлектер келісетін шығар.
Дәл осы тест үшін өз өмірін өзі қиған түлектер де жетерлік. Жүректі қынжылтатын жағдайдың бірі-осы. Неліктен өз өміріне өзі балта шапты? Тестте жоғары нәтиже көрсете алмағаны үшін бе? Әлде айналадағы адамдардың сөзінен сескенді ме? Мүмкін үкілеп үміт артып отырған ата-анасының үмітін ақтай алмағаны үшін шығар... Бұл сұрақ қойылғанда көп адамдар үнсіз қалары сөзсіз. Бұл жағдайға кім кінәлі? ҰБТ ұғымын қате түсінген түлек пе? Әлде тест сұрақтарын құрастырушы орталықтар ма? Бәлкім дұрыс білім бере алмаған мұғалім кінәлі шығар. . Менің ойымша, бұл қайғылы жағдай орын алғанына барлығы кінәлі. Болашақта бізді не күтіп тұрғанын ешкім де білмейді. Болжап та айта алмайды. Сондықтан, әр түрлі жағдайға психологиялық тұрғыдан да, басқа жағынан да дайын болған дұрыс болар. Ата-ана өз баласына сенетіндігін, бәрі жақсы болатынын жеткізіп отырса, мұғалімдер қысым жасамаса, барлығы жақсы болатынына сенемін.
Тестті жоғары нәтижеде тапсырдың делік. Қандай жағдай орын алады? Ал тапсыра алмасаң ше? Дегенмен, "Жақсы сөз — жарым ырыс". Тестті жақсы нәтижеде тапсырдың. Ең алдымен кімнің жетістігі? Көз майын тауысып оқыған оқушының ба? Әлде оқытушының ба? Не десек те, еңсесін биік көтерген ата-ана, үміті ақталған мұғалім және еңбегі ақталған оқушы болары хақ. Ал тапсыра алмаған жағдайда ше? Кім кінәлі? Әрине, бұл-оқушы мүлдем еңбектенбеді дегенді білдірмейді. Тек "Бақ шаба ма, әлде, бап шаба ма? ", -деп айтқанымыз дұрысырақ болар. Дегенмен, жақсы нәтижеге қол жэеткізе алмаған жағдайда оқушының сағы сынары анық. Тағы да көз қуантарлық жағдай емес. . Тест орталықтарында қаптаған милиция қызметкерлері, жедел жәрдем көліктері, өрт сөндірушілер, күйзеліске түскен түлектер мен баласы үшін жанын шүберекке түйген ата-аналар. Дәл осы көріністер де түлекке психологиялық тұрғыдан үлкен әсерін тигізері айдан анық.
Тағы айта кететін жайт-барлық түек өз күшімен тестты тапсырып, грант иегері атанды десек тағы болмайды. Бәкең мен Сәкеңнің балалары бар дегендей... Көзбен көріп, құлақпен естіп жүргеннен кейін үндемей қала алмадым. Жалпақ тілмен айтқанда — "коррупция". Бұл қаншалықты дұрыс? Жыл бойы көз майын тауысып, еңбектеніп оқыған оқушының еңбегінің зая кеткені ме? Тағы жауапсыз сұрақ. Бірақ, кімге дәлелдей аласың? Менің білімім шынайы, олардікі шынайы емес деп... Жанды қынжылтатын осы жағдай тағы бар. Не дегенмен, жақсылыққа сенгеніміз дұрыс болар.
Неліктен өз мақалама дәл осы тақырыпты арқау еттім деп ойлайсыздар? Осы сұраққа жауап іздеп көрейік. Ең басты себеп-мен 2018-2019 оқу жылының түлегімін. Яғни, 11 жыл оқып білім алған, бақытты балалық шағым өткен аяулы мектебімнен ұшып кеткелі отырмын. Алда мені өмірімнің маңызды 1 баспалдағы ҰБТ күтіп тұр. Қатты уайымдаудың қажеті жоқ деген ойдамын. Бірақ, айтар ауызға-әрине оңай. Уайымдамаймын дегенмен де түнде ұйықтар алдында, тілек тілегенде, арманың жайлы ойлағанда ең алдымен тіл ұшына келері — ҰБТ дан жақсы нәтиже көрсетіп, ата-анамның, отбасымның үкілеген үмітін ақтап, грант иегері атансам деген сөз тіркестері. Уақыт жақындаған сайын жүрегің қаттырақ соғып, уақыттың зуылдап өтіп жатқаны сезіледі. Қорқыныш күйін кешесің. Түлектер, тек өз білімімізге сенейік! ҰБТ — алынбайтын қамал емес. Біз-Қазақстанның болашағымыз! Біздің қолымыздан келеді! 11 жыл текке жүрмей, білім нәрімен сусындағанымызды дәлелдейтін уақыт келді! Барлығы жақсы боларына сенейік!
Өз сөзімді қорытындылай келе, барша түлектерге сәттілікпен қоса сабырлылық та тілегім келеді. Құрметті ата-аналар, өз балаларыңызға сеніңіздер, әр бастамасында қолдау көрсетіп, жақсылыққа сендіріңіздер! Бұл сөздер-әрбір мектеп бітіруші түлек үшін ауадай қажет сөздер. "Грант" — ең бастысы емес. Ең бастысы-балаңыздың болашағы мен оның өмірі және тауының шағылмауы. Грант — тек бірнеше жылға беріледі. Ал балаңыздың өмірі мен көңілі — мәңгілік!
Дайындаған: 11 "Ә" сынып оқушысы
Нұрмұханбет Нұрайлым