Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Мағжанды өлтіргендер

Қалыбындағы мұқым өзгерісті Мағжан жаңа әлгіде, ертеңгісін, төсегінен тұрып жатып сезген. Қаланың шетінде, қалың қара ағаштың ішіне қарағайдан қиып салған орыстың екі бөлмелі шағын пәтерін жалдап тұрып жатқан. Басын көтеріп әйнекке қарады, түнемеге қар жауыпты. Терезе кәсегін ақ ұлпа көмкеріпті. Өзін, бейне, оты сөніп, суып қалған моржалы пешке ұқсатты, ұқсатқан жоқ-ау — басынан өзге былайғы жері оттығы үңірейген, сырттан әктеген, епетейсіз арбиған кәдуілгі пеш. Жансыз, суық. Қозғап көруге күші жетпеді. Әуелгіде жер сілкініп түнде абажадай пеш үстіме құлаған ба деп ойлаған, кеудесін қозғауға әрекет жасап, қолын қимылдатып көрді, пеш деп тұрғаны өзінің басынан төменге дейін серейген денесі.

Тіксініп қалды. «Мұнысы несі?» деп ойлады, түсімде телегей-теңіз суды көрдім, толқыны есік алдына дейін жетіп, бірте-бірте көтеріле бастағаны. «Бұл құрғыр тізелікке жетсе үйді құлатар, пәтерақысын да түгел төлеген жоқпыз», — деп әлгі суға еңкейіп, қолын ескекше көстеңдетіп кері жасқап көреді, болмайды, толқыны қарсы ұрып, жалданып, көтеріле береді. Алақанын көсіп судан татып көріп еді, ап-ащы, тілін қуырып кетті. Өстіп жатып оянып көзін ашқан, басын көтеріп, денесінің қалтырағанын сезген.

Әнебір жылы миына қан құйылып, өлім аузынан қалған қаламдас жолдасы айтып еді: «Адам қарап жатып қақ жарылады, екі бөлек күйге түседі екен, — деп. — Ауруханада, ақ төсекте шалқамнан сіресіп жатамын. Көңілімді сұрай келген кісіге басымды көтеріп тілдесемін: құданың құдіреті, дәл өзім секілді екінші кісі аяқ жағымда аузына құм құйылып үндемей отырады. Мына жақта төсекте өзім самбырлап сөлеймін кеп; екінші кісі, кісі болғанда, өзімнің екінші сұлбам аяқ жағымда сүмірейіп отырғаны». Мұны айтқан — миына қан құйылып құлаған қатары еді. Ажалы жоқ па, дәрігердің емі қонды ма, екі ай жатып тәуір боп кетті. Тәуір болар алдында әлгі көпе-көрінеу бөлектенген екі кісі бір-біріне жақындасып, араласып, ақыры бірігіп, бір адамға айналып үлгерді дейді.

Сол оқиға есіне түсіп әрі өз-өзіне іштей тіксініп, үрпиіп отырған Мағжанды зайыбының үні түртіп оятқандай болды. Аяқ жағына, жер төсекке қисайған Зылиха түрегеліп, басына ақ сәтен орамалын салып, мұның бетіне үңіле қарады. Жанарына үрей толып, өзінің аузын алақанымен өзі басты.

— Не болды, Мағжан, бір жерің ауырып отыр ма, түсің жербеттеніп кетіпті ғой?

Не деп тіл қатсын, былайғы денесінің суып қалған пешке айналғанын, көзіне абажадай оттық моржа елестеп отырғанын қайтіп айтсын?!

— Қазір тұрамын. Қолымнан тартып жіберші.

Зылиха ұмтылып келіп қолтығына еніп, демеп бойын тіктетті. Келіншектің белі майыса толқыды. Жұбайын аяғынан тұрғызуға әрең-әрең күші жетті. Қабағын аңдып, елпек қағып, бәйек болады баяғы. Түнемесі жазуына кедергі болмайын, ойын бөлмейін деп кейінгі кезде бөлек жатып жүрген. Жатарда жылы көрпені жұбайына жапқан секілді еді. Денесі осынша тоңазыр, томардай боп қалар деп тегі ойламаған. Жүрек басында үрей бар. Жылы жейдесін әперіп, аяқ киімін кигізіп жатып: «Не болғансың, түсің қашып тұр ғой?» деген сауал көмейіне кептелді, сұрауға бата алмады. Жанарын жанарымен ұстай алмай төменшіктей берді. «Дереу отын әкеліп, от жағып жіберейін, пешті жылытайын», — деді. Мағжан «пеш» деген сөзді естігенде жылы денесіне мұз басқандай шошып кетті. Жанары шатынап шегіншектеп қабырғаға жылжыды. «Пеші несі?» — деп күбірледі. Бейне, алдын алмаса, қам қылмаса — келіншегі сырттан сүйретіп әкеліп, жалма-жан сіріңке шағып отты өртеп жағатындай. Ол от өз денесінің төменгі жағын, пешке айналған тұсын әп-сәтте жалынға орап жалмайтындай көрінді. Балтыры құрғыр кескен бөренедей пышырлап жанатындай сезіледі. Шошынғаны сонша, жон арқасына суық тер құйылып кетті.

— Қажеті жоқ, — деді, — жақпа... суық шай ішейін де, киініп көшеге шығайын. Жазушылар одағына барайын.

— Аударып жүрген кітабыңды қайттің?

— Құрып қалмасын, бітіре алатын емеспін. Баспанасына апарып өткізейін, ары қарай аудара алмайтынымды айтайын, жүз көрсе бет ұялады, арыздасып шығайын... артымда қарыз сөз қалмасын.

Мағжанның жайдақ отырғыш үстінде отырып күрсініп айтқан мына сөзін зайыбы тереңдеп түсіне алмады. Сөздің астарына үңілмеді. Шаршағаннан, сонау жиырма сегізінші жылдан бері қыр соңына көлеңкеше ілесіп қалмай келе жатқан ізін аңду... жау етіп көрсетіп... абақтыға жабу... жер аудару секілді тауқыметтен қажығаны ғой деп ойлады. Әйтпесе ақынның «артымда қарыз сөз қалмасын» деген ойының арғы аңғарында қуыс жырадан бас көтерген құбыжықтай аса суық, айтуға қиын құбылыс тұр еді.

Оянған кездегі елесі құрғыр тегін емес. Ет пен сүйектен жаралған елжірегіш, иланғыш, сезгіш, елп еткіш ғазиз жан көрер көзге ештемеге иланбайтын, қызықпайтын, жылжи қоймайтын ағаш адамға айналып бара жатқанын осы жолы анық сезді. Оты жанып таусылған пешке ұқсайды. Тірі жүріп, ас ішіп, аяқ босатып, ұйықтап, оянып жүріп-ақ адамның жан әлемі қатып-семіп бірте-бірте ағашқа айналып үлгергені ме?! Ағашқа айналдырған не себеп сонда?

Таңғы асын асығыс ішіп, көне пальтосын иығына іліп сыртқа шықты. Әлгіде іште отырған кезде терезеге қарап белден қар жауған шығар деп ойлап еді, жоқ, көшеге шыққанда көрді, жерге қырбық қана қар түсіпті. Ағаш басы аппақ қырау. Төрт доңғалағы төрт жаққа кетіп қиқалақтап он алтынша автобус келеді. Автобусқа енді. Ішінде екі-үш қана кісі отыр. Бейтаныс жолаушының жанына бүйірлесіп тізе бүккісі келді де ол ойынан күрт айнып келесі отырғышқа отырды. «Осы жұрттың қарап жүріп бір-бірімен басы қосылмай, бірінен-бірі қарадай безіп жүретіні несі екен?» деп ойлады, — бәлкім, ығы-жығы топтан мезі болғаннан, оңашалықты аңсағаннан шығар». Автобус өрге қарай қинала ыңыранып, бұралаң, ирелең көшелерді көктей өтіп көк базардың түбіндегі аялдамаға әзер жетті.

Жазушылар үйі таяқ тастам жерде. Сағат он болыпты. Қалам мен қағазды кәсіп еткен әпенділер әулеті түнімен ұйықтамай жазу жазады да кеш жатып, күн түске тырмыса оянады. Көбі жұмысқа он бір, он екіде келеді. Іскер, пысық жастардың өзі осы дағдыға үйренген. «Жұмысқа жегілгендей бастық жазушымен кеңсеге қосыла кіретін болдым, бүгін күн бейсенбі, бұйырса біразын көріп, тілдесетін орайым бар» деп ойлады.

Жайлап басып көше бұрышын жалпиған тұрқымен түгел алып жатқан абажадай қыш үйге тақады. Кісі аяғы сирек, есік алды тайғанақ. Асфальтқа тебініп, аяғының қарын сілкіп ішке енді.

Табалдырықтан ішке аттай бере — өткен бір жиналыста қоңқақ мұрын, қапсағай, шашы мойылдай сықақшы жігіттің сөйлеген сөзі есіне сап оралды.

Әлгі жігіт қырыққа шыға жазумен айналысып, елуге аяқ басқанда пышақтың қырындай кітап шығарыпты. Соның буы ма, әлде маңайын сипалап, соқтығып сөйлейтін әдеті ме, оң иығын мінбеге салбыратып жіберіп төгілдіреді. Қалай еді. «Жазушылар Одағы — қасиетті храм, жолдастар!.. Бұл киелі шаңыраққа енген кезде аяқты сүртіп кіру құп, кеудеңді ашып, ойыңды, жан сарайыңды тазартып: «Осы мен шын талантпын ба?» деп сан толғанып барып енген мақұл. Байқап жүрмін, кейінгі кезде осы қасиетті храмға кім көрінген, ойы пәс, пиғылы арам, қаламақыны ғана көксеген көксоққандар еніп кететін болыпты. Тегі бар ғой, сол лас кісілер мына храмның беделін түсіріп, қасиетін кетірер деп қорқамын». Ұзын-ырға сөз сыңары әлгідей. Шет жақта, есікке тақау отырған Мағжан мына сөзді естіп өз-өзінен қатты қысылғаны. Қарап отырып ыңғайсызданғаны. Сықақшы жігіт әлгі ауыр сөзді өзіне қаратып айтып тұрғандай сезілді. Көз ашқалы бері, көз ашқалы емес-ау, қалам ұстағалы бері сыншы әулеті мұның соңында. Атқа жеңіл телпекбай санап, аузы қышығанның бәрі соңына жарық алып түседі. Титімдей өлеңіне көш-құлаш мақала жазады. Баз бірде, әлгі өзіне жазылған сынды оқып отырып, біз сұққандай шымбайы тызылдап, бойға пана іздегендей олай-бұлай жалтақтап қарайды ғой. «Осы мен шынымен өлең жаза алмайтын шығармын, әр шумақтың ішінде сырт көзге көрінбей, білінбей зәрлі жылан ысқыра жылжып иретіліп кетіп бара жатқандай сыншы шіркін байбаламын қоймайды». Қой, ә, деп әлгі аузы дуалы сыншының мақтаған дилы ақынның, соның кітабын ашып жіберіп оқиды, ауысып өз өлеңіне түседі... Өз өлеңін шолады, әлгі төңкерісшіл ақынның буын санын сындырған сөзбұйдасын сүзіп шығады. Түкке түсінбей басын шайқайды.

Бас айналу деген осы ма, баяғыда Ақмешітте, кейінше Қызылорда аталды ғой, алқа жұрт жиналған клубқа келіп өлеңін оқығаны есіне түсті. Өзі сахнаға шығып ұйқасын, ырғағын дестелеп төгілдіре бастаса — жұрт ду-ду қол ұрып, ризалық белгісін жасап қыран-топан. Етжеңді ақын шығып өлең оқыса — оны тыңдағысы келмей, ысқырып, сөзбен бөліп, у да шу. Жиынды ұйымдастырған қызыл жағалы, қайыс белдікті белсенді жігіт жүгіріп келіп сахнаның сүйіктісіне айналған мұны биіктен желкелеп түсіріп қуып шықты. Кезекті семіз ақынға алып берді. Тәтті өлеңнің дәмін алып дәнігіп қалған жұрт наразылық білдіріп тыңдағысы келмеп еді.

Әлгі белсенді жігіт тапаншасын суырып алып аспанға бір-ақ атты: «Сендерді буржуй бұзайын депті, балшабектің ақынын арттарыңды қысып отырып тыңдайсыңдар! Қане, тыңдамай көріңдер!» — деп айқай салғаны. Жұрт жым тұншығып, сілтідей тынды. Жанарымен жер шұқыды. Бұл бейбақ желкесіне жұдырық тиіп, жер болып жасып, көлеңкеге сіңіп жөнеле берген. Дилы ақын шумақ соңынан шумақ дестеледі, сол жолы түн ортасы ауғанша, үні бітіп, дауысы қарлыққанша өлең оқыпты деп естіді. Мына биік мінбедегі сықақшы жігіттің шеге қаққандай әр сөзін естіген сайын құлақ-шекесі шыңылдап, жайсыз күйге түседі.

«Осы мен ақын емес шығармын, жазып жүргенім бәлду-бәлду бірдеме болар!» — деп іштей қобалжиды.

Мінбедегі сөзшең сықақшының сөз әлпеті тегі жаман: Жазушылар одағы қасиетті храм, өнердің мұражайы, ұлтшыл аталып сотталған... саяси сенімсіз болған... қанаушы таптың сойылын соққан жазғыштардың жүретін жері емес. Аластатайық арамыздан, арыла жүрейік!..

«О, тоба, қорыққанға қос көрінеді деп, не болса сол еске оралады екен-ау, тап осы бүгін қасиетті қара шаңырақты жақсы ниетпен аттайыншы. Бұдан кейін енемін бе, келемін бе, беймәлім?.. Жүзімді жылытайыншы. Тап қазір қоңқақ мұрын сықақшы қарсы кездесіп басын изесе — ештеме болмағандай сәлемін алайыншы. Таспен ұрғанды аспен ұр. Жамандық ойлағанға жақсылықтан бөліс те жүрегін жылыт, жан сарайын кеңейт деген хадис сөзі және бар». Осылайша ой ішінен ой терген Мағжан жайлап келіп төрағаның есігін ашты — іште білегін жалаңаштап, шашын тарап хатшы қыз ғана отыр екен. Мағжанды танымады ма, әлде жорта менсінбеді ме, тәмпіш танауын аспандатты.

«Бастық жоқ, әзір келмейді», — деді. Бұл келіп қалтарыстағы ағаш орындыққа құйрық басты, көнетоз, мата құлақшынын қолына алды.

«Қаланың ит өлген шетінен келген едім, күтейін, жолығып кетейін», — деді көмескілеу үнмен. «Өлең жазасыз ба? — деді хатшы қыз томпақ ернін тістелеп бояп жатып, — поэзия кеңесшісіне барыңыз, бастық бұл күнде өлең оқымайды, өзге маңызды шаруасы күйіп тұр».

Мағжанға мына сөз ауыр тиді.

— Шырағым, бастық болса пәленшекем саған бастық шығар, мен үшін ақын ғана, баяғыда Ақмешіттің клубында сахнаға таласып жарысып өлең оқығанбыз. Бір-бірімізден қара үзіп кете қойған жоқпыз.

— Ағай, қалай сөйлейсіз? Мен сіздің кім екеніңізді білемін. Үкіметке сенімсіз аталып, айдалып, жақында оралғансыз, ақынсыз, кітабыңыз шыққан, бағыңыз жанбаған, жолыңыз болмаған адамсыз.

— Солайы солай, қарағым. Адам мен адамды әуелі сөз теңестіреді, сосын көр теңестіреді. Бастығыңмен теңесейін деп келгенім жоқ, жағдайымды айтып шығатын едім.

Осы мезет сыртқы есік сырт ашылып әуелі қарнын, сосын жуан пәпкісін алдыға салып төраға кіріп келді. Бұрышта отырған мұны байқамады. Әй-шәй жоқ, қолын сумаңдатып хатшы қыздың бұлтиған төсін мытыды. Қыз шортанша шошымады. «Қойыңызшы», — деп жайлап кері ығысты. Бұрышта мөлиіп отырған мұны төраға жаңа байқап, суық жымиды, ыңғайсыз сезінді өзін. «Ә, келіп қалдыңыз ба?» — деді. Айтуын айтса да пәске құбыл өзгеріп, нілдей бұзылып дереу «сенге» көшті.

— Жоғарғы жақ Мирзоян жолдас шақырып жатыр. Уақытым жоқ, не бұйымтайың бар? Поэма жазуға уақыт таппай жүрмін.

Мағжан қапелімде не дерін білмей сасып қалды, «мынау нағыз өзім білем өркөкіректік қой» деп ойлады. Осыдан он үш жыл бұрын бұл кім еді, мына шіренген бастық кім еді? Ой, заман-ай деген! Мәскеу баспасы үшін өлеңімнің үстінен қарап әр жолына жан беріп, ырғақ қосып көмектесе қал деп қарасын көргеннен қиылар еді. Жолына жығылар еді. Дәмге, шайға шақырып, аздап ащы аузына тисе ағынан жарылып маңдайын тоқпақтап: «Е, поэзия, сіз кім, мен кім?» — деп еңкілдеп жылар еді. Мәскеу басылымы үшін алғы сөз жазып бер деп жата-жармасар, жалынар. Енді, міне, өзінің арбасын өзеннен өткізіп алып, өзгенің арбасын қиратқалы тұр. «Жоғарғы жақ шақырып жатыр», — дейді.

— Жинағымның жайы не болды? — деді Мағжан. — Бр пәс бөлмеңе кіріп сөйлесейік те. Басымды сыйламасаң да, құдіреті күшті поэзияны сыйласаңшы. Өлең сөздің солдаты емеспісің!

Төрағаның құлағына «поэзияның солдатысың» деген сөз майдай жақты. Иге салған терідей былбырап қоя берді. Есікті ашып ішке енгізді. Пальтосын шешіп, қалтарыстағы киім ілгішке ілді, төс қалтасынан тарағын алып, шашын тарап, тарақ жүзін «суф» деп үрледі. Мағжан жұмсақ креслоға сырт киіммен отыра кетті.

— Айдаудан келгелі жұмыссызбын, жан баласына қылдай қиянатым жоқ, түнеу күні жиналыста кілең сөзшеңдерді шиебөріше шулатып соңыма салдың, шетінен талап айтпағаны жоқ. Кеше әдеби газетті ашсам көлдей мақалаң жүр, жерден алып, жерге салыпсың. Осы күнгі көрінген халтуршик өлеңімді сынап, тағдырымды мазақтап ауызданып жүр. Өзіңе жағынудың бұл да бір түрі. Ақыреттік сөзім: бәріңе не жаздым, кімнің асын ішіп, аяғын тептім, неге қыр соңымнан түсіп қоймайсыңдар? Осы сауалға жауап іздеп әдейі келдім. Бұл — бір. Екінші, — әйелім ауру, қала шетіндегі орыстың суық пәтерін жалдап тұрамыз. Бірде қағазым таусылып, келесіде қаламым сынып, бұрын жандарың ашып берген аудармаға қолым жүретін емес. Қайтып әкелдім. Тіл безеген ана сұмдықтарыңа бер, солар-ақ аударсын. Көзге түссін, еңбегі сіңсін. Жағдайым кетіп жүдеп келіп отырмын, ертең-бүрсігүні нан алатын ақшамыз таусылады. Жаңа жылға дейін жарататын қаржыдан көмектес. Бұл — екі. Қиналғанда, қуанғанда қасыма еріп, тағдардың тауқыметін тең бөліскен зайыбым Зылиха олай-бұлай болып кетсем, жылап, көшеде қалмасын, сөз төркінін білетін өзіңе айрықша аманаттадым. Бұл — үш.

Төраға ошарылып үнсіз отырып қалды.

— Бірінші сауалыңа ойша оп-оңай жауап беруге болар. Әдебиет әлемінің есігін ашып, табалдырығын аттағысы келген кісінің бәрі өзіңе жармасатын, қабатын себебі: сен аса дарындысың. Құмырсқа да дәнді жерге үймелейді, құс жемісі мол ағашты үйірсектейді. Сені сынаса, саған тіл тигізсе «е, мықтының өзімен белдесіп жатыр, қарашы мығымын», — деп аты шығады. Дарынды кісінің қарсыласы көп, ол түптің түбінде жалғыз қалады. Екінші өтінішің сөз бе, тәйірі. «Мағжанның өзіне де қарыз бергенбіз, тамағын асырағанбыз» деп былайғы тобырға жая жүруге, ұпай жинауға келешекте қажеті болады. Көшеге шықса қолтығына талақша жабысып алатын, аппақ, томашадай, әдемі келіншегін аманаттап отыр... қасқыр қой бағып, ділмәрдің жағына жылан жұмыртқалап жатқан мына заманда кімге кім болысқандай, кімге көлеңкесін түсіргендей. әй, ақыным-ай, көп жазып, көресіңді көрге түспей жатып көрсең де әлі бала секілдісің-ау!

Ауыз жапқанша болған жоқ бұлардың үстіне бір топ ақын-жазушы сау етіп кіріп келді. Жағалай дүрс-дүрс отырып жатыр, нақа өзі үй — өлең төсегі секілді, бастықтың алдында адам отыр-ау, әңгімесін бөлдік-ау деп айылын жиятын емес. Қошқар тұмсық, сақал-шашы аппақ болып ағарған прозашы кимелеп сөз бастады.

— Мағжан, сен осы, Батыр Баянды жаздың. Қойлыбайдың қобызын жаздың. Оқыдым, аңызды аңыз қалпында көшіріпсің де қойыпсың. Кей жеріне өтірік қосыпсың, көп шыныңды сәл өтірік жуып кетіп шығарманы солайым ақсатып жіберген.

Мынаның «өтірігі» несі, «ақсатып жібергені» қалай деп қайран қалады Мағжан. Төбеден сілейте ұрғандай етіп өстіп те пікір айта ма, апырым-ау, мынаныкі тал түсте шешіндіріп тонау ғой. Төраға араға түсіп килікпеді, ішінен шоқ-шоқ айтып мырс-мырс күледі. Шындығында, қошқар тұмсық прозашы Мағжанның ештемесін оқымаған, әдейі-ақ былайғылардың көзіне көсем боп көріну үшін, зиялы кісіні бір қауып қалу үшін айта салғаны еді. Мағжанға әлгі сөз атылған оқтан бетер тиді, бозарып кетті. «Батыр Баянды жазғанда өзімше ұлы нысана ұстадым. Шоқан мақаласының көп жерін өзгертіп, өңін айналдырып, айшықтап алғам», — деп өзінше өрнек сала бастап еді, мұның сөзін даурыққан, мырсылдасқан жігіттер тыңдамады, пікірі жетімсіреп далада қалды. Төменгі жаққа кеп тізе бүккен жас ақын бүйірден бірдемені бықсытты.

— Естідіңдер ме, Қызылжар мен Есілкөлдің арасында отырған Ахметжанның аулына барып бұл ақынымыз былтыр сегіз үйге қонақ болып, сегіз бас мүжіпті, сол сегіз үйдің бас көтерер еркегін үндеместер түгел тізіп ұстатып жіберіпті. Елден келген жамағайыным айтты.

Былайғы жұрт мына сөзден қарадай тіксініп қалды.

— Жұмабаев жолдастың жазғаны өтірік болса, жұрт оқымай жатса, қонақ болып түстеніп шыққан үйіне үндеместер күйе жағып, күдікке алса... қайтеміз?.. Өстіп отыра береміз бе?.. Бір шарасын жасап Жұмабаевтың жазғанын партия жиналысында талқылаған жөн болар.

Мағжан бұдан әрі төзіп отыра алмады. Құлағы тас керең боп бітіп, жайсыз шыңылдап, орнынан жайлап тұрып шығып жөнеле берді. Төрағаның «қайтеміз, өстіп отыра береміз бе, талқылайық» дегені жарға соққан теңіз шуылындай дүркіреп «халық жауының аузына қарап отыра береміз бе, ұстатып жіберейік, құтылайық, біржола тынышталайық» болып естілді.

Бусана терлеп көшеге шықты. Терең-терең тыныстады.

Үндеместер ізіме түсіп әкетеді-ау, халық жауы етіп азаптайды-ау деп уайым жемеді, әзірге жүрегінің басы үрейден ада. Қорыққаны, түңілгені — сөз қадірін түсінетін, демеу болатын жөні бар жазушылардың көре көзге қой ішіне қасқыр еніп кеткендей итше керіп талағаны, оңбастай ырситып жүрегін жаралағаны, аямағаны болды. Осындай да қаныпезерлік болады екен-ау деп торықты. Мұнан өткен қорлау болмас. Соншама жек көретіндей, шетінен тілмен тырнап, мазақ ететіндей не жаздым бұларға?! Көре алмайтындай басымда дәулетім жоқ, бақталас болатындай тағы асып қай ұшпаққа шығыппын. Жақсы өлең жазғаны үшін кінәлі ме? Әнебір жылдары қара халықтың алдына шықсаң недәрә қол соғып қарсы алады деп сахнадан желкелеп түсіріп жіберіп еді... бұл жолым: қонақ болған үйіңе кесірің тиеді екен, дастаныңды шылғи өтірік араластырып жазады екенсің деп көзтүрткі қып күліп, араларынан аластап шықты. Байыбына барлап қараса — қазақ шаңырағының іргесінде көктеп шығып келе жатқан көкжасыл өнер құлағының бірідағы, онсыз да құрау-құрау, жамау-жамау болып тозуға айналған шапандай поэзияның жыртығын бүтіндескелі жүр емес пе?.. Кешегі қалың ұйысқан қалмаққа, қытайға қарсы әуелі ырғағы мықты сөзін қару ғып жұмсаған ел осы қазақ емес пе? Ормандай орыс киелі сөзді де, намысты да кебіс ішіне салған ұлтарақ етті. Қуатты сөздің көбі ұмытылды, не асылы арзандап бұзылды. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деп зарлайтын заман көзден бұл-бұл боп ұшты. Содан осы ғұмырында жазғаны, құрастырғаны, тасқа басып шығарғаны сормаңдай қазақтың кәдесіне аспағаны ма?! «Елім, жерім» деп соққан елжірегіш, елп еткіш жүрегі жылы ақыннан қазірдің өзінде сырт айналғаны ма?!

Әлгі керауыздың өтірігі несі? Мұның шығарғаны өтірік боп па сонда? Жоқ, оралымын, ырғағын тап басып, қорғасындай құйып шығарған мұның өлеңі емес, сүрдім, көрдім, дәмін таттым деп малданып жүрген өмірі өтірік шығар. Өмірзая деген осы болар, сәрі!

Жегідей жеген оймен қала шетіндегі үйіне суынып жетті. Зылиханың көзі төрт, мұның пошымын көріп сырт айналып жасын көрсетпей сығып алды. Кешкілік, апақ-сапақта бірі қазақ сержанты Шырақбек Қабылбаев, екіншісі еврей аға лейтенанты Иосиф Марсельский №1445 тұтқындау ордерін көрсетіп, үйді тінтіп, азғана қолжазбаны жиыстырып, жіппен буып, Мағжанды айдап үйден шығарды. Келіншегі сықсыңдап жылап: «Енді көремін бе, көрмеймін бе?» — деп дауыс салып — аяғын сыңсуға ұластырды. Үйіне үңірейіп келген үндеместерге де, зар жылаған зайыбына да Мағжан жақ ашып дәнеме демеді. Ертеңгісін өзін суып қалған пешке ұқсатса, солай сезінсе, кешкілік әлгідегі ойдан, жазушы тұстастарының манағы сөзінен кейін мүлдем жаны жоқ аруаққа ұқсап, ақ адамға айналып кетіп еді. Тиянақсыз өмірден мүлде суып үлгерген еді. Тірі пендеден ауысып рухқа айналып үлгергені анық.

Үндеместің екі офицері іңірде: «Қазақтың үлкен ақынын ұстадық, тұтқынға алдық», деп ойлады, әкеліп сіріңке қорабы деп аталатын тор көз жабық машинаға мінгізді; шын мәнінде, үйден шыққан, машинаға мінген бұрынғы Мағжан емес, ақынның құр сұлбасы, сырт суреті еді.

Екі күн өте жаңа жыл келді. Мағжан 38-ші жылды абақтының зәк сасыған қараңғы қуыс бөлмесінде бір тілім нан, жүз грамм өлі сумен үңірейіп, жүрелеп отырып қарсы алды. Қайран қалғаны, ұсталғалы бері, я өлі емес, я тірі емес әбі-тәбі күйде қалды. Өлі емеспін дейтін себебі — қозғалады, жүреді, тәулігіне бір қара су ұрттап, сазып бара жатқан жүрегін жалғайды, тор көз терезеге ұзақ телміріп қарайды, тірі емеспін дейтін себебі — кеуде қуысы боп-бос, жаны ауырып мазаланбайды, терең тебіреніп ойланбайды, өтті-кетті бос кеңістікте елбіреп, желбіреп ұшып жүрген қауырсынға ұқсайды. Сырт дүниемен байланысы үзілген, ешкіммен сөйлескісі, ой бөліскісі келмейді. Екі рет жетелеп әуелі 10-шы, сосын 20-шы ақпан күні тергеуге алып барды. Тергеу бөлмесінде мәңгі болған мең-зең адамға ұқсап сіресіп отырады.

Тергеуші сауал қояды, бұл ойланбастан «ие, солай» деп қысқа қайырып жауап береді.

Сусылдатып қағаз жазылады. Алдында отырған айыпкердің «иә, солайына» тұшынбады ма, әлде мазақ етіп отыр деп ойлады ма тергеудің аяғына таман Марсельский ұша түрегеліп, жуан жұдырығын үйіріп ақынды жүндей түтіп сабады. Қанды көрсе жыны қозып кетеді екен.

«Тышқан мұрның қанады деп, қояды деп ойлайсың ғой, ә... Мә саған, халық жауы болған!.. Мә саған, жапонға сатқындық жасаған!.. Мә саған, большебектерді мазақ қылған!» деп әрі-беріден үйіріп соққанда бүйрегі езілгендей, бүйірі тесілгендей болып жаны көзіне көрінгені.

Тас еденде домаланып жатып көрді. Тор көз терезеден әлдеқандай леп ұшып кеп, кеудесіне қонып, тұла бойына шым-шымдап жан бітіргендей болғаны. Ұшып кеткен ақындық рухым осы болар-ау деп ойлады. Қан түкіріп, ернін жыбырлатты. Тергеуші жағасынан алып, жұлқа көтеріп орындыққа қойды. «Отырғызды» деу дәл келмейді, ағаш отырғыш үстіне керзі етік секілді тоқ еткізіп қоя салды. Аяғының басына былш түкірді.

— Кеңеске, үкіметке күйе жағып не жаздың соншама? Айт жаныңның барында, жыныма ойнама, сілейтіп саламын!..

— Жазғандарым я қарауылға, я мақтауға арналған үгіт өлең емес, адам жан дүниесінің, сезім сырларының шындығын ашқым келді, менің шындығым — көңіл, көз суреттері ғана.

Тергеуші түкке түсінбеді. Жұдырығы қышыды. «Мына халық жауы елді жапонға сатып, мені мазақ қып отыр, — деп ойлады, — ентігімді басып, ертеңгі тамағымды ішіп, күш жинап алып тағы кірісейін, сілейтіп тұрып сабайын. Аюға намаз үйреткен таяқ. Жұдырығымды жиі иіскесе тілі шығады, шындығы ашылады, бұл пәленің. Айтпақшы, таң атып қалыпты-ау, асқазаным бөрі тигендей шуылдап барады». Тергеуді түнімен жүргізетін дәстүр қалыптасқан, бұл бір жағы халықтар әкесі — Сталинге еліктеуден туған, екінші айыпкерді ұйықтатпай, жанын көзіне көрсетіп азаптауға оңтайлы болғаннан.

Осы мезет тергеуші Марсельскийдің ойына жас келіншегі оралды, жақында үйленген еді, төсі бұлтиған, бөксесі тырсиған ақсарының әдемісі, не болса соған ішек-сілесі қатып күле береді. Бірде капитан бастығы көшеде ұшырасып зайыбының саусағынан сүйді, мұның арқасынан қақты: «Маладес, Марсельский, келіншегің әдемі екен», — деп қарқылдап көп күлгені, келіншегі құрғыр сол арада сылдыр-сылдыр, сыңғыр-сыңғыр... қоңырауша құлағын қасығаны. Әлгі ұшырасуды көзіне елестетіп ішіне от түсті, қызғаныш оты. «Капитан бастық кейінгі кезде ылғи түнгі тергеуге мұны жіберетіні несі?.. түнгі тергеуден сілекпесі шығып, өлесі болып пәтеріне жетсе — ақүрпек келіншегі төсегінде умаждалған киімдей мылжасы шығып манаурап жатады, тұрып шай қойып беруге жарамайды. «Ау, сұлуым, мені титықтатқан қаптап кеткен халық жаулары, сені тас төбеңнен ұрған қай албасты?» — деп көлденең сауал қояды. Келіншегі сыңғыр, сылдыр күледі, бұл жыны қозып келсаптай жұдырығын көтереді. Ызы-шу басталады содан. «Мені неге ылғи түнгі тергеуге жібереді» деп ішінен іріген Марсельский орнынан ата түрегеледі. Үстел үстін жауып кеткен қағаздарын апыл-ғұпыл жинастыра бастайды. Қоңырау шалып, есіктен көрінген қызыл жағалыға қолын сермелеп: «Мынаны алып кетіңдер, суық камераға қамаңдар!» — деп асығыс жарлық береді. Пәпкесін қолтығына қысып, қызыл кенерлі кепкасын милықтата киіп, есіктен емпеңдеп асығыс шығып жөнеледі.

Екінші, соңғы тергеуге Марселский мүлде өзгеріп келді. Жауырын қақапақтай, бет шырай ажарлы, еңгезердей жігіт еді, біртүрлі еңкіштеніп, жүзі сынып, ішкі өзегін суырып алып тастаған ұшқат бұтағындай есіктен ирелеңдеп енді. Сылқ етіп орындыққа құйрық басты. Папкесін ашып, қағаздарын қобыратып жайған жоқ, қаламын алып, бір ұшын тісімен кеміріп, көрінбейтін нүктеге үңіліп ұзақ ойланып отырып қалды. Әлден уақыттан барып алдына әкеліп жүгіндірген ақынды «сені қайдан көрдім» деген адамша үні бәсеңсіп сауалмен алдандырды.

— Ал, айт, «Алқа» деген үкіметке қарсы прокламация жазып таратқанда, жапондармен ауыз жаласқанда баяғы хандық дәуірді қайтып орнатам деп үміттендің бе, ол заман мен бұл заманды ойша салыстырдың ба, көкешім?!

Мағжан баяғы ағаш адам қалыбынан танбай «үміттендім, салыстырдым» деп жауап берді.

— «Алқа» туралы Әуезовтің не айтқаны есіңде ме?

— Бәлкім, бұрыс, бәлкім, дұрыс деген шығар. Әдеби үйірменің басталмай жатып өшіп тынған жоспарына қарап тұрған не бар? — деп селсоқ жауап берген.

— 25 ші жылдан бергі өткен өміріңіз туралы не айтасыз?

— Пәлі, өмір ме екен ол?! Мәскеуде қызметте жүрген кезде өлең кітабымды талқылау, «мындай халтураны шығарған қай бассыздар» деп көзге шұқу, шенеу, мінеу, сыртынан ғайбаттап елдегі сөзжарияға жазу, содан кейінгі алашордашы деп айып тағып абақтыға жабу. Бутырканың зынданы, Солловей орманының сазы... сол аз болғандай ел шетіне шығарып, ұлтшыл бұзық атандырып, жылға жетпей тағы жауаптау... тас қабырға. Тор терезе, үрей жайлаған көңіл, жалаңкөз тіршілік... осы да өмір болып па?.. Быж-тыж, қиқым-сиқым бірдеңе дағы. Өмір емес, өтірік өлең әншейін.

Мына тергеуші Марсельский қиялы қаланың қиыр шетінде. Әлгі күйіп-жанып алғаны қатын болмады, қайғы жамады. Өткен сенбіде бастығы «түнгі тергеуге» қоймай жұмсады, «отгулым бар еді» дегенге көнбей... аса қауіпті жауды тергейсің, түбі үлкендердің назарына ілігесің, бар да бардың астына салып дегбірін тауысты. Баруын барды-ау, дегенімен жүрек басы тот боп түйіліп, өрекпіп соғып еш тыншымады, оның үстіне аса қауіпті жаудың мойнын ары бұрап, бері бұрап еш мойындата алмады. Түн ортасы ауа папкесін сарт жауып, кезекші машинаға мініп, баспанасына тіке тартты, үй төбесі көрінгенде жүйрігінен түсіп, мысықтабан бұқпантайлап басып үйіне тақаған. Төргі терезе жарық. Ау, түнгі екіде жарығы несі, күлегеш әдемісі іс тігіп пе, әлде кітап оқып па кешеуілдеп отыр ма деп, кеудесін күдік кеулеп... бас бағып келіп үңілмей ме...

Әуелгіде жанары қарығып ештеңе көре алмады. Әйнекке бетін тақады. Орындық арқасына салбыратып іліп қойған капитанның қызыл жағалы костюмін шалды. Жүрегі атша тулап қоя берді. Әлі де көңіл құрғыр сенбеді. Жай әншейін сөйлесуге бас сұққан шығар, асыл жарым көзіме шөп сала қоймас деп ойлап бір дем ары, бір дем бері, тынысы жиілеп... Не көреді дейсіңдер ғой, капитанды шалқасынан сұлатып салып, жігіт үстінде, лыпасыз, келіншегі қос тізерлеп, жүрелеп изектеп отыр, емшегі үлкейіп салбырап кетіпті.

Тапаншасын қорабынан лып суырып, қос оқпен табан астында жайратып салғысы келді. Ақылы қарауылға келеді. Сол қолымен оң қолын қысып бірте-бірте жылыстады. Атқанда не, айға қарап ұлығанда не, болар іс болып қапты. Не істеу керектігін ойлаған жөн. Өмірімді қайта бастасам ба, әлде болған іске болаттай шыдам танытып — бояуы сіңді, Құдай қылды, мен көндім деп жүре берсін бе?!

Қайтпек керек?..

«Мына тұтқын да өзім секілді бір бейбақ-ау» деп іштей жібіді тергеуші. «Бұл адам өмірін әу баста дұрыстап құрастыра алмаған бейбақ қой. Ақын болмай, арбакеш болғанда жүз жасар еді, бәле де, жала да қыр астынан айналып өтер, бәлкім?! Жүдегені, көп азап көріп саушылығының төмендегені көзінің астындағы көгістен көрініп тұр, баз бірде, көбіне қарсысында отырып сөйлескен кісіні көрмеген адамға ұқсап, көрінбейтін алыс қиырға қадалып тілсіз мелшиіп қалатыны жиі. Өз ойына өзі көміліп отырысы ауыр. Ішімді ашып ой бөліссем, ана үйдегі жеңіл жүрісті зайыбымды күйік қылып қайтемін деп ақыл сұрасам ба деп тергеуші екі оқталды, айта алмады. Тұтқынмен сыр бөлісіпті деген атқа қалармын деп тағы тайқыды. Қиялға батып, мұңданып отырған ақын көзіне көзі түскенде жүрегі тілініп кеткендей сезілді. Сауалмен алдарқатудың қажеті жоқ. Мына тұтқын кешегі, әнеукүнгі ақынға мүлде ұқсамайды, жүзі таныс болғанымен жан сарайы мүлде бөтен, белгісіз жан.

— Бір айға жетер-жетпес мезгілде атыласың, — деді Марсельский ойын бөліп, — шындықты алдын ала айтқаныма кешірім сұраймын. Ату туралы үкім осыдан тоғыз күн бұрын шығып қойған.

Әлгі сөзден ақынның бойына дүлей енер, болмысы, құбылысы арпалысқа түсер деп іштей дәмеленді. Жоқ, баяғы таяқ жұтқандай қалпы, қылп етпей отыра берді. Тергеуші қарап отырып қайран қалды. Түтігіп кетті: «Естимісіз, сізді ату туралы үкім тасқа басылып, қол қойылып қойған».

— Өлімнен қорықпаймын, — деді Мағжан қоңыр үнмен. — Шын ақындық, адамдық рухым денемнен бөлініп сыртта, өлеңімнің әр жолында, кітабымның әр бетінде қалған, алдыңда отырған құр қауқармын, тұлыппын, сұлба суретпін әншейін.

Мына сөзді естіп Марсельский түршігіп кетті, жүрек басына үрей жамады. Ата түрегелді, орындық төңкерілді. Қағазын жинауға шамасы келмеді. Қоңырау шалып, шала бүлініп, кіріп келген қызыл жағалыға жарлық жасап: «алып кетіңдер» — деудің орнына: «ал, кеттім» ...жоғалдым!.. қарамды батырдым!..» — деп өз-өзімен әлектеніп, қос алақанымен құлағын басып ұзын дәлізді жаңғырта жүгіріп, ойбайын салып дәлізді көшіріп сыртқа құлапәре жүгіргені ерсі.

Күңіренген дауысы ерекше. Тұтқындар аяғынан тік көтерілді, күзетші, абақты иесі оқыс дауысты естіп, тергеушінің өңмеңдеген жүгірісінен сескеніп үрпиісіп қалды. Жер асты жарығы бір өшіп, бір жанды. Тергеушінің ала-құйын «ала кеттім», «қарамды батырдым» деген үні күңіреніп біразға дейін басылып болмады.

...Құданың құдіреті, Мағжан Жұмабаевты, иә... иә... сол ақынды өлім камерасына алып барып, арқасын жарға сүйеп, бетін бері қаратып: «Соңғы сауалың бар ма?» деп сұрағанымда тырс етіп үндемеді. Ағаш қуыршақ секілді сексиіп тұра берді. Тапаншаны оқтап, шүріппесін қайырып қолымды көтеріп, нысанаға алып тұрып: «Ал, не дейсің» — дегенімде сәл қыбырлап басын шайқап бір сөз айтты, тақап барып әрең түсіндім. «Әттең-ай, жалғыз өкінішім бар, соңғы ұсталар алдында Жазушылар одағының табалдырығында қол жайып, садақа сұрап қайыршы шал отыр еді, шығып бара жатқанда қалтамда ештеме болмай, садақа бере алмадым. Өкінішім сол ғана», — депті.

Гайкович дереу кері шегініп тұрып-тұрып шүріппені басып жібереді. Асфальт еденге дүрс етіп томар құлап түскендей естіледі. «Ет пен сүйектен жаралған кісіні емес, шіріген томарды атқандай сезіндім», — деп шежірелейді екен сол Гайкович мас болғанда. Күндердің күнінде, заман өте — өзі атып өлтірген барша пенделермен көрге түсіп, топырақ жамылып жатып... теңесіп... таңда мақшар туған кезде... о дүниенің қақпасы алдында құрылған иман-таразы басында Мағжан рухымен баяғы жендет қайыра кездесерін білген жоқ. Әзірше сезбеді, қиянат пен адамшылық ынсапты безбендемеді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама