Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Сылық етерім былық етер

Ішімдікпен ауыл-үй қонып жүрген бір шаруашылық қызметкері бір күні үйіне жап-жақсы ішіп келіпті. Ол шала мас болып, қыза-қыза лепіре сөйлеп, әр сөздің басын бір шалып, өзінше сөзіне қисын, тіліне тиек іздеп отырып, бір уақытта өзінің жұбайына:

— Әй, сен байқап сөйле. Маған ретсіз ашуланба. Егер ашуымды келтіріп, намысыма тисең, «сылық етерім былық етер», — депті.

Бұл сөзді үстел басында мысықша бұғып, тыңдап отырған жеті жасар сәбиі ұғып алыпты. Ертеңінде әкесінің есі кіріп, дастархан үстінде дәм ішіп, үй ішімен мәре-сәре болып отырғанында, баласы әкесіне:

— Папа, сен кеше менің мамама енді ашуландырсаң, «сылық етерім былық етер» дедің ғой. Ол сенің не деген сөзің? — депті.

Ол сөзіне ұялып, қысылып қалған әкесі баласына:

— Ол ма ол, жай әшейін, бос сөз ғой, — деп жалтара бастапты. Ерке де шолжың баласы:

— Айт, айт деген соң айт! Ол не деген сөзің? — деп мазасын ала беріпті. Сонда мүлдем амалы таусылған әкесі:

— Мамаңа, егер енді ашуландырса, сені сабап та жіберемін деген сөзім шығар, — деп әзер-мәзер құтылыпты.

Енді бұдан үш-төрт күн өткен соң, тағы да үй ішінің бір жарастықты кезінде, әкесі баласының желкесінен ойнап түртіп қалып:

— Балам, сені мамаң неге түртеді, — десе, баласы әкесіне бұртия қарап:

— Папа, енді жай отыр, мамам мені түртпейді де, арақ та ішпейді, мені түрткен де, әнеу күні арақ ішкен де сен. Енді жай отырмасаң, менің де «сылық етерім былық етер», — депті.

Бұл сөзіне әкесі мен шешесі қосыла күліп:

— Ол сенің не деген сөзің? — десе.

— Бұл мені ызаландырма. Егер, енді ызаландыра берсең, сыныққа сылтау іздеп бақырып, жылап жіберемін деген сөзім, — депті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама