Тәж Махалдың тарихы (немесе ғашықтық туындысы)
Үндістанға Исламды Әмір Темірдің немересі алып барғанын білмейтін жан жоқ шығар. Ол сол жерде үлкен өркениет, алып мемлекет құрды. Әмір Темірдің немересі Бабыр Кабулдан шығып, Үндістанға қарай бет алады. Бабыр аласапыран соғыста аздаған күшпен қарсыласын тізе бүкітіріп, осында орналасып, адамзатқа теңдесі жоқ туындыларымен танылған алып империя құрды. Бабыр империясы патшаларының әркім біле бермейтін ерекшелігі бар — әйелдеріне деген теңдессіз махаббат. 2007 жылы дүниенің жаңа жеті ғажайыбының бірі болып таңдалған және UNESCO дүниежүзілік мәдениет мұрасы тізімінде орын алған Тәж Махал да осындай шынайы ғашықтық сезімінің жемісі.
Адамдар екі түрге бөлінеді
Ағылшын суретшісі, ақыны Эдвард Лир «Адамдар екі түрге бөлінеді: Тәж Махалды көргендер және көрмегендер» деген екен. Тәж Махал — Үндістан билеушісі Хуррем Шах Жаһанның қатты жақсы көрген жұбайы Әржуменд Бану-Бегум Мұмтаз Махал үшін Агра қаласында салдырған кесенесі. Дүние жүзіндегі ғашығына арнап салынған ең үлкен және ең көрнекті ескерткіш.
Мұмтаз Махалдың әкесі Асаф хан, Қарақойлық түркімендерден болатын, Иранда уәзір еді. Шиилік сенімінен бастартып сүнни болған. Кезінде ата-бабалары жасаған қол жұмыстарын Мина базары деп аталатын жәрмеңкеге әкеліп сататын және табысымен қайырымдылық жасайтын. Сол замандары сұлтан болған Шах Жаһан анасы жағынан туысы боп келетін 20 жасар Мұмтаз Махалмен осы жерде танысады. Сұлулығы мен зеректігі оның таңданысы мен сезімін оятады. Тарихтағы ең үлкен махабаттың бірі осында туады. Жанұялық өмірлері 20 жылға созылады. 14 баласы болды. Соның жетеуі тірі қалды. Мұмтаз Махал соңғысын дүниеге әкеліп жатқанда қайтыс болды. Босану кезінде қайтыс болған әйелдер үнді мәдениетінде мәртебелі болып саналатын. Бұл қайғылы жағдай Шах Жаһанның күйреуі үшін жеткілікті болды. Шахтың көзі бұл дүниеде ешнәрсені көрмейтін болды.
Мұмтаз Махал мен Шах Жаһанның қабірлері (Тәж Махалдың төменгі қабатында орналасқан, жоғарғы қабатта жалғандары бар)
Сүйікті жұбайы үшін Жанума өзені жағалауында бір кесене тұрғызу үшін Османлы, Иран елдерінен, Самарқанд, Бұхарадан сәулетшілер шақыртады. 1632 жылы Тәж махалдың іргетасы қаланып, күніне 20 мың адам жұмыс істеп, кесене 22 жыл дегенде тамамдалды. Ражистаннан әкелінген таң шапағымен қызғылт түске, күндіз болса ақ шаққан, ал түнгі ай сәулесімен күміс түске боялатын мөлдір ақ мәрмәр, жақұт, лағыл, алмас, зүбаржат, ақық, көгілдір ақық тастары және інжу маржандармен безендірілді. Кесененің ішкі және сыртқы дуалдарын айналдыра Ясин сүресі қара ақық жазуларымен мәрмәрдің ішіне ойылып жазылған. Бұрыштарда зілзаладан құлаған жағдайда ғимаратқа зиянын тигізбес үшін сыртқа қарай иіле салынған төрт мұнара бар. Кесененің есігі 33 метрлік тұтас мәрмәр. Сол жағында көрнекті мешіт, оң жағында осыған симметриялы орналасқан қонақ үйі бар. Хауыздармен безендірілген бақшалар және қызыл тастан жасалған сыртқы қақпа ерекше әсемдікпен үйлесім тапқан. Ағылшын басқыншылығы кезінде осы тамаша ғимарат сатуға шығарылғанымен, биржа нарығындағы кризис себепті сатып алушы табылмады. Әлемдегі ең кесек алмас тас (бриллиант) «Кох-и-Нұр» осы кесенеде тұрған, кейіннен ағылшындар елдеріне алып кеткен.
Шах Жаһан өзі үшін де Тәж Махалдың жанынан қара түсті осыған ұқсас бір ғимарат салдырғысы келгенінде, онсыз да ойылып қалған қазынаны одан сайын ойсыратпас үшін бұл қалауына бөгет болу мақсатында баласы Алемгир Әуренгзиб оны тақтан түсіріп, Агра қамалында тұруға мәжбүрледі. Шах Жаһан еш қарсылық білдірмеді. Сегізбұрыш пішінді болғандықтан Мусеммен Бурч деп аталатын бөлмеде ешкіммен көріспей, тек Тәж Махалға қараумен өмірін өткізді. Өлер кезінде де төсегінде алдына айна қойдырып Тәж Махалға қарауын жалғастырды. Қайтыс болғанда жұбайының жанына жерленді. Қазір екі ғашық, дауыс жеті рет шағылысатын бөлмеде мәңгі ұйқыда жатыр. Әлемнің жеті бұрышынан келіп жатқан сансыз зияратшылар (туристтер) осы көрнекті ғашықтық туындысы мен екі қаһарманын еске алуда. Бүкіл дүние жүзі халықтары 4 ғасыр бұрын ғылым, сана-сезім, еңбек және кемеңгерлікпен соғылған бұл тамаша құрылыстың алдында таңданыспен бас июде.