- 07 жел. 2016 00:00
- 242
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы: ОҚО-да 26 елдің ғалымдары қатысқан халықаралық конференция өтті
Бүгін Оңтүстік Қазақстанда «Қазақстан жолы: Ұлт көшбасшысымен бірге 25 жыл бейбітшілік пен жасампаздық» тақырыбында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Конференция жұмысына 26 мемлекеттен 120-дан астам белгілі ғалымдар, сондай-ақ, қазақстандық 30 университеттің ғалымдары бас қосты. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да өткен шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
«Мәңгілік ел идеясының мәні мен мазмұнын жастарымыздың санасына сіңіре отырып, олардың бойында белсенді азаматтық ұстанымды, отаншылдық сезімді, жоғары адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру біздің басты міндетіміз болып табылады. Мәселен, елімізде жыл сайын «Болашақ» бағдарламасы бойынша үш мыңнан астам жас шетелге білім алуға жіберілуде. Бұл мемлекеттің жас мамандарға жасап жатқан үлкен қамқорлығы деп білемін. Сондықтан шетелде, не болмаса, өзімізде білім алған білікті мамандар отанымыздың, оның ішінде Оңтүстік өңірінің өркендеп, дамуына атсалысулары керек. Бұл ретте, жас ғалымдардың дуальді оқу жүйесімен білім алуы маңызды», - деді аймақ басшысы.
Конференцияда Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі, Тәуелсіз Қазақстан мұраты - «Мәңгілік Ел» Ұлттық идеясын жүзеге асыру, «Қазақстан -2050» стратегиясы - Қазақстанның әлеуметтік-азаматтық жүйесін жүзеге асырудағы жаңа саяси бағыт, Қазақстанның Тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық қозғалыстары, Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асырудағы технологиялар мен техникалық дамудың өзекті мәселелері сынды тақырыптар талқыланды.
Халықаралық кездесу барысында аймақ басшысы аталған оқу орнының серіктестері болып табылатын "KARLSKRONA LC AB" ЖШС-нің бас директоры Уәлихан Ахметов пен ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіровке еліміздің инженерлік саласының дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақстанның құрметті инженері» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ, жиында металлургия саласында үш ғылыми жаңалық ашқан техника ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Исламқұловқа Ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстар халықаралық академиясы президентінің атынан дипломдар берілді.
Мұнан бөлек, жиында дүниежүзілік ғылыми ортаға Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғалымдарының, ғылыми ашылымдары таныстырылды. Атап айтқанда, алғаш рет Ұлы жібек жолының сауда-экономикалық негізгі орталықтарының бірі болып табылатын Отырар алқабындағы Ежелгі Қаңлы мемлекеті дәуірінің археологиялық ескерткіштерінің (Бесіншітөбе, Пышақшытөбе қалашықтары және Алтынтөбе қорымы) жәдігерлері таныстырылып, тұңғыш рет Қазақстан-Ресей мұрағат қорынан алынған ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысының жаңа құпия құжаттары арнайы көрмеге қойылды. Сондай-ақ, әлемдік маңызы бар ғылыми ашылымдар реті тыңдалды.