- 03 сәу. 2021 00:00
- 257
Тіл философиясы
Адамзаттың бұл ғаламда пайда болып, дамып, жетілуі қаншалықты ұзақ болатын болса, тілдің де, өзгеруі, құрылысы, жаңадан пайда болуы соншалықты қиын процесс. Жер бетіндегі күллі адам баласы бір-біріне туыстас, ұқсас болатыны секілді, тілдер де өзара жақын, ағайын болып келеді. Филология сөзге құмарлық, тілтаным деген мағынына білдіреді. Тілдік талдау арқылы рухани мәдениетті зерттейтін сала. Ал тіл білімінің өзі пайда болмас бұрын тіл философиясы өмір сүрген, алайда нақты атауға тек 19 ғасырда ие болған.
Тіл философиясы - тілдің санадағы, түйсіктегі, сөздегі және білімдегі құрылымын зерттейтін философия саласы. Яғни бір ел құрып кетпеуі үшін өз ана тілінде ойлана білуі қажет. Санасындағы бірінші тұрған тіл ана тілі болса ғана, ол халық жойылып кетуден сақтанады. Сонымен қатар адамдардың бір-бірімен сөйлесер тілінің қандай болуынан бұрын, ғылым тілінің қандай екеніне баса назар аударған жөн. Бұл туралы еліміздің математигі, ғалым Асқар Жұмаділдаев: « Ғылым екі түрге бөлінеді: жаратылыстану және гуманитарлық ғылым. Жаратылыстану ғылымдарын өзіміздің тілде қалдыру керек еді. Біз оны ағылшыншаға көшіріп жібердік. Ағылшынша болса, ғылымда алға шығамыз дейді. Бос сөз. Бос сөз емес, бос сөздің квадраты. Қазақтың тілі мемлекеттік тіл болуы үшін қазақ тілі барлық ғылымға енуі керек» деу арқылы тілдің қасиетіне, құнына баға берген. Тіл философиясының да құдіреті осында жатыр. Тілі бар ұлт - еркін, тәуелсіз ұлт. Тілдің бай, сұлу, әуенді екенімен екінің бірі мақтануы мүмкін. Алайда, тілді қалай жойып алмауға болады деумен бас қатаратындар көп емес. Қоғамның ұлтжанды, патриот екенін білгіміз келсе, сол қоғамның тіліне үңілген жөн. Бұл туралы жазушы Жюль Ренар: “Көз – жанның айнасы, тіл – қоғамның айнасы” деген.
Тіл философиясы тарихи тіл мен өміршең тілді салыстырады. Бұл салыстырмалы-тарихи зерттеу деп аталады. Нәтиженің қандай болуы тікелей ұрпақтар сабақтастығына байланысты. Айтарлықтай айырмашылық болған күннің өзінде ол тілдің тазалығы, ерекшелігі сақталар болса жетістік. Ғаламда алғашында аз ұлт бірақ көп тіл болды. Уақыт өте келе ұқсас тілдер бір-бірімен қосылып, кейбірінің күшін жойып та жіберді. Демек, тілдің қоғам ішінде атқаратын қызметі аяқталды деген сөз. Бұл тұрғыдан алар болсақ, тілді өсіретін де, өшіретін де өзіміз екенін ұғынамыз. Тіл философиясы арқылы тілімізді ғұмырлы етуге ұмтыла аламыз.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті магистранты Әбдірахман Нұрай Аюбқызы
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессоры Жанатаев Данат